Волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ақтық сында ел біріншілігінің алты дүркін жеңімпазы “Алтай” командасы солтүстікқазақстандық “Қуаныш” клубымен кездесті. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіс бұл жолы да өскемендіктерге бұйырды. Жерлестеріміз күміс жүлде иегері атанды. Бұл – өңір спорты үшін үлкен жетістік. Спортшы қыздарды облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.
Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында чемпионат бойы “Қуаныш” командасына жанкүйер болғанын айта келіп, облыс намысын абыроймен қорғаған спортшыларға алғысын білдірді.
“Облыстың волейбол тарихында “Қуаныш” командасы тұңғыш рет Ұлттық біріншілікте екінші орынға табан тіреді. Өткен маусымда жерлестеріміз Азия чемпионатына жолдама алса, биыл ішкі жарыста күміс жүлдені жеңіп алды. Жыл сайын волейболшылардың тәжірибесі жетіліп келеді. Бұған дәлел – клубтың көрсетіп отырған спорттық нәтижелері. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра алатынына сенімдімін. Жеңіс құтты болсын!” – деп жазды Айдарбек Сапаров.
Ел біріншілігінің финалында “Алтай” командасы “Қуаныш” клубымен тұңғыш рет кездесіп отыр. Соңғы матч бес партияға созылып, шешуші сетте шығыстың арулары 15:11 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Қазақстанның өткен жылғы чемпиондары атақтарын қорғап қалды. Яғни, жетінші мәрте жеңімпаз атанды.
– Биыл “Қуаныш” волейбол клубының құрамы жаңарды. Командаға жаңа ойыншылар қосылып, ойын өрнегі түрлене түсті. Осыған дейін біз екі жыл қатарынан қола жүлде жеңіп алған едік. Биыл бар күшімізді салып, алтын алуға тырыстық. Сәл сәттілік жетіспеді. Бұл мақсатқа келесі жылы қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – дейді “Қуаныш” волейбол клубының бас бапкері Дарко Добресков.
“Қуаныш” әйелдер арасындағы ел чемпионатында 2017 жылдан бастап өнер көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн.
Бұған дейін сегіз дүркін ел чемпионы атанған талдықорғандық “Жетісу” командасы бұл жолы қола жүлдені місе тұтты. Олар үшінші орын үшін таласта “Ертісті” жеңді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.