«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАЙТЫН МАМАН ТАПШЫ

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өткен жылғы жұмысын қорытындылады. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен өткен алқа отырысында орман және балық шаруашылығы саласын дамыту, жануарлар дүниесі мен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жайы талқыланды.

Бүгінгі таңда облысымызда 12 орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі “Красный бор” қорығы бар. Өңірімізге тиесілі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 549,5 мың гектарды құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында орман алқабын ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленіп, ол “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасына енді. Өткен жылы 1652 гектар алқапқа 6,9 млн. көшет отырғызылған. Алдағы 5 жыл ішінде 20 мың гектар аумаққа 100 млн. көшет егу жоспарланып отыр. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов ормандарды қорғау үшін жауапты шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту керектігін атап өтті. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында өткен жылы 131 млн.теңге сомасында қаржы бөлініп, оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алынған. Әрі бұл мақсатқа соңғы төрт жылда жергілікті бюджеттен қосымша 436 млн. теңге бөлініпті. Қазіргі уақытта облыстың орман мекемелерінде 27 өрт сөндіру автокөлігі, 94 трактор, 765 радиостанция, патрульдік автомобильдер және басқа да техника мен жабдықтар бар.

Орманның жауы – от екені белгілі. Өрттің алдын алу мақсатында орман шаруашылықтары мен орман пайдаланушылары тиісті жұмыстарды жүйелі түрде атқарып жатыр. Сонымен қатар, көршілес Қорған, Омбы және Түмен облыстарындағы әріптестерімен шекара маңындағы аумақтарда бірлескен жұмыс бойынша келісімдер жасалғанын айта кеткен жөн. Қабылданған шараларға қарамастан былтыр облыс аумағында 368 өрт болып, 1379 гектар алқапты от шарпыды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 49 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1 млн. теңге сомасында айыппұл салынды.

– Аққайыңдар өлкесінде орман шаруашылығы саласына айтарлықтай инвестициялар тартылып, ағаш өңдеу саласында жаңа жобалар іске асырылуда. Мәселен, түрік инвесторлары ламинатталған фанера шығаратын кәсіпорынды іске қосу мақсатында 2 млрд. теңгеден астам қаржы салған. Өнім шығару көлемі жылына 27 мың текше метрге дейін жетеді.

Мемлекеттік орман қорының учас­келері ағаш дайындаудан тыс рекреациялық мақсаттар үшін де бе­ріледі. Облыс аумағында тұрғын­дарға демалыс қызметін ұсыну үшін орман учаскелерін 28 кәсіпкер жалға алған, – деген Бейбіт Исманов Прези­денттің көшет отырғызу көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес орманды алқаптар 2023 жылы – 4100, 2024 жылы – 6350, 2025 жылы 7000 гектарға артатынын айтты.

Айдын көлдерге бай Қызылжар өңірінде балық шаруашылығын да­мы­тудың 2030 жылға дейінгі бағдар­ла­масы әзірленіп, ол сәтті іске асы­ры­луда. Бағдарламаға сәйкес тауар­лық балық өсіру көлемін 2030 жылға қарай 10000 тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Облыстағы су айдында­ры­ның жалпы саны – 2426, оның 543-і балық шаруашылығына жарамды су айдында­рының тізбесіне енгізілген. Бұл ретте барлық жалға алушылар өз міндетте­мелерін адал орындай бер­мейтіндігі де айтылды. Балық шаруа­шылығын жүр­гізуге арналған шартты жиі бұзған 11 жағдай бойынша тиісті шара қол­данылыпты.

Орманды өлке аң-құсқа да бай екені белгілі. Облысымызда 47 аңшы­лық шаруашылық бар екен. Был­тыр мемлекеттік орман күзеті аң және ба­лық аулау ережелерін бұзушыларды анықтау бойынша 1196 рейд жүргізіп, та­биғатқа тағылық танытудың 53 фак­тісін анықтаған.

Өңіріміздегі түйінді мәселенің бірі – коммуналдық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату. Қоршаған орта­ны қорғау саласындағы бұл пробле­малық мәселе әлі де шешімін табар емес. Жүргізілген мониторинг бары­сын­да өңірімізде қалдықтарды орна­ластыратын 453 объектінің тек 11-інде ғана рұқсат құжаттары бар.

Алқа отырысында “Соколовка” орман шаруашылығының басшысы Назар Қапаров кадр жетіспеушілігі жайлы айтты. Себебі, орман шаруа­шылығы мамандарына қойылар та­лап жоғары болғанымен, әлеумет­тік жағынан қорғалмаған. Әсіресе, ең­бекақы төмен.

– Мәселен, биыл бес бос жұмыс орнына кадр таба алмай отырмыз. Ниет танытушылар жоқ. Бұл саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін оқу бітірген жас мамандарды ынталандыру қажет. Алайда олар ауылдық жерлерде жұмыс істе­гі­лері келмейді. Себебі, тұрғын үймен қамту мәселесі шешілмеген, – деген Назар Қапаровтың бұл сөзін құптаған облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Абла­лиев алдағы уақытта тұрғын үй мәсе­лесі оңтайлы шешілетінін айтты.

Облыстық экология департамен­тінің басшысы Азамат Бектасов та өт­кен жылы атқарған жұмыстары тура­лы баяндады. Рұқсат етілмеген по­лигондар мен қалдықтарды заңсыз ор­наластыру бұл күнде негізігі проб­лемаға айналған. Өңір экологиясы үшін өзекті мәселені шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған жол карта­сы іске қосылған екен.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp