«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шалғайдағы ағайынның жанайқайы

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Уәлиханов ауданынан Мәулен Айтмағанбетов есімді зейнеткер хабарласып, ауылы аралас, қойы қоралас кей ауылдардың күрмеуі күрделі проблемаларын ортаға салды. Оның айтуынша, Қулыкөл және Қайрат ауылдық округтері тұрғындарының дені – өз ағайындарымыз, олар мал өсірумен айналысады. Облыс, аудан орталықтарынан шалғай тұратындықтан, кейбір әлеуметтік мәселелер шешуді қажет етеді. Мәселен, Қаратал, Береке ауылдарында ұялы байланыс нашар, интернеттің жылдамдығы төмен, карантин кезінде қашықтан оқыған оқушылар мен студенттер біраз қиындық көріпті.

“Кеңес өкіметі тұсында тұрғындар “Шайгөз” тұщы суын пайдаланып келді. Кейін 560 млн. теңгеге басқа жоба іске қосылып, жап-жақсы тұтынып отырған сапалы тіршілік көзі кесіліп қалды. Қазіргі ішіп отырған суымыз ащы. Кішкенекөл, Мортық, Жасқайратқа баратын жолдың ой-шұңқыры көп”, – деді зейнеткер.

Біз үшін Қулыкөл ауылдық округінің әкімдігімен хабарласу бір мұң болды. Онда орнатылған телефондар істемейтін болып шықты. Округ әкімі Тұрлыбек Мүталиповты жер-көктен іздестіріп, әзер дегенде тауып алып, “ақаулы” телефон жайлы айтқанымызда сөзінен жауапсыздық пен салғырттықтың салқыны ап-айқын сезіліп тұрды. “Мен де, тұрғындар да тек ұялы телефонды пайдаланамыз”, – деуін неге жорырымызды білмедік. Кеңседегі телефон нөмірін білмеуі де біраз жайтты ұқтырғандай болды.

Енді мына қызықты қараңыз, жұртшылықты толғандырған мәселелерге әкім жауапты мемлекет өкілі ретінде ықтиятты түрде жауап берудің орнына ұялы телефонын бас маман Айнаш Исаеваға ұстата салды. Сайланған әкім оспадарсыз бұл қылығы тағы бір таңырқатты.

“Билайн” іске қосқан 22 метрлік мұнара Қулыкөлде орнатылған, Қаратал мен Берекені кең жолақты интернетпен қамтуға қуаты жете бермейді. Осы себепті қосымша күшейткіш құрылғы қоюға уәде еткен. Қашан жүзеге асатынын нақты айту қиын. Бәлкім, тағы бір мұнара Жасқайратқа орнатылып қалар”, – деген Айнаш қарындасымыз білім саласына қарай ойысты.

Қараталдағы 9 жылдық мектеп тар ғимаратта орналасқандықтан, шағын орталық жылыту жүйесі жоқ баспанаға көшіріліпті. Ол қабырға пешпен жылытылады. Басқа жерге ауыстыру мақсатымен лайықты ғимарат қарастырылып жатқан көрінеді.

“Қулыкөлде – 175, Қараталда – 55, Берекеде 35 түтін бар. Бәріне орталықтандырылған әдіспен су жеткізіледі. Суды үйіне енгізіп ал­ған отбасылар аз емес. Аудан­дық санитарлық-эпидемиологиялық қа­дағалау бөлімінің сарапта­масы бо­йынша ауызсу ішуге жа­рамды. Тек…”, – деп сөзінің аяғын жұтып қойғанына қарағанда, бас ма­ман шын сырын жасырған тә­різді.

Алыстағы ағайынның басты проблемасы – ауызсудың сапасы. Былтыр да су тазартқыш қондыр­ғы­ға байланысты дау туған бола­тын. Биыл оны “Мөлдір су” кәсіпор­ны өз меншігіне қабылдап алғаны­мен, неміс технологиясын білетін маман тапшы, тіпті жоқтың қасы. Ақау шыға қалса, кем-кетікті жөн­деу, қалпына келтіру – үлкен тау­қы­мет. Компьютер тілін түсіну үшін жергілікті жастарды оқыту әлі қолға алынбаған. Демек, сапалы ауызсу мәселесі жақын арада шешілуі не­ғайбыл деген сөз.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp