«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДАҒЫ МЕЖЕ – АЛТЫН ЖҮЛДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы маусымда “Қуаныш” волейбол клубы Ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Тұңғыш рет чемпионатта екінші орынға ие болған ұжымның құрметіне облыстық әкімдікте салтанатты жиын өтіп, өңір басшысы Айдарбек Сапаров команда мүшелерін құттықтады.

Айдарбек Сейпілұлы соңғы жылдары өңір спортын қолдауға бөлінетін қаражат көлемінің өскенін айта келіп, соның ішінде волейболмен айналысатын жастардың қатары артқанын хабарлады.

– Бүгіндері облыста жүзден астам адам волейболмен кәсіби түрде айналысады. “Қуаныш” клубы құрылғаннан бергі он бір жыл ішінде Қазақстан чемпионатында екі мәрте қола, биыл күміс жүлдегер болды. Сондай-ақ өткен жылғы Азия біріншілігінде сарықұрлықтың үздігі атанды. Келер маусымда жерлестеріміз чемпион болатынына сенімдімін, – деді Айдарбек Сапаров.

Шара барысында облыс әкімі волейбол клубының негізін қалаған кәсіпкер Қайырбек Хамзиннің еңбегін ерекше атап өтіп, оның өңір спортына қосқан үлесі жоғары екенін айтты. Ұлттық лигада жүлдегер атанған “Қуаныш” командасының ойыншыларына, бапкерлер құрамы мен техникалық қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатталғандардың қатарында биыл ғана солтүстікқазақстандық клубтың сапына қосылған Ботагөз Есімхан да бар.

– Өткен жылы мен “Алтай” командасының қатарында алтын жүлдегер атандым. Биыл “Қуанышпен” бірге сол жолғы нәтижені қайталағым келген. Өкінішке қарай, күміс медальға қол жеткіздік. Біраз тынығып алған соң, қайтадан жаттығуларға кірісеміз. Келер маусымда солтүстікқазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлаймыз деп ойлаймын, – деді спортшы.

Салтанатты шарада волейболшылар Сәбира Бекішева мен Маргарита Бельченкоға “Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері” төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ облыс әкімі Айдарбек Сапаров “Қуаныш” клубының жеті ойыншысына спорт шебері нормативін орындағандарын білдіретін куәліктерді тапсырды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp