«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДАЙ СҰЛУ, ЖЕЛДЕЙ ЕКПІНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қазақ өнеріне өлмес олжа салған әнші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Осынау мерейлі датаға орай Қызылжарда “Арқаның ардагері Ақан сері” атты ән кеші ұйымдастырылды.

Баурайын қарағай көмкерген тау­лары, айдынынан аққуы арылмаған көлдері бар әсем мекен – Қызылжар өңірі қазақ халқының талай мар­қасқа ұлдарын құндақтаған ғой. Со­лардың ішінде атағы алты алашқа тараған Ақан серінің есімі асқақ. Жүрек қылын шертер әуезді әндері – қазақтың баға жетпес қазынасы. Ол 1843 жылы қазіргі Айыртау ау­данындағы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Жастайынан алғыр­лығымен, зеректігімен, өнерімен көз­ге түскен Ақанға халық сері деген ат беріп, оның есімі күллі Алашқа мәш­һүр болады. Ақанның ақындық өне­рін әншілік дарыны әрлеп, сазгерлік қабілеті серілігімен ұласып жатты. Сондай-ақ оның атбегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін бүгінде қазақ қа­уымы жатқа біледі.

Алаштың Ақан серісінің өмірі мен шығармашылығын зерттемеген ғалым, өз шығармасына арқау етпе­ген қаламгер кемде-кем. Солардың бірегейі қазақтың ардақты перзент­те­рінің бірі, аяулы ақын – Мағжан Жұмабаев бір еңбегінде: “Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, жел­дей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұм­бақ өмір” – деп аспандағы аққуға үнін қосқан классик әншінің ғұмыр­дариясын бір ауыз сөзбен көркем сипаттаған.

Ақанның өмірі мен өлеңдері қа­зақтың белгілі жазушыларының шы­ғар­маларына арқау болғаны көп­ші­лікке аян. Атап айтқанда, Ілияс Жансүгіров “Құлагер” дастанын, Сәбит Мұқанов “Ақан өмірі” атты мақала, Ғабит Мүсірепов “Ақан сері – Ақ­тоқты” пьесасын, Сәкен Жүнісов “Ақан сері” романдилогиясын жазды.

Мәдени шара барысында ардақ­ты тұлғаның өмірі мен артына қал­дырған мұрасы жайлы осы және өзге де мәліметтер әсерлі әңгімелер арқылы сабақталып, көркем туын­ды­лар­мен өріліп жатты. Кештің әл­қиссасында ұлытаулық шебер, күй­ші Азамат Бақия Ақан сері атындағы облыстық филармония ұжымына әншінің домбырасының көшірмесін сыйға тартты. “Бұл – біздің ұжым үшін құнды сыйлық. Ақан сері ба­бамыз қазақ ән өнерінің негізін қа­лаған дарабоздарымыздың бірі. Оның мол мұрасын қазіргі ұрпақ көз­дің қарашығындай сақтап, қадірлеуі керек. Осынау рухани кешті осы мақсатта ұйымдастырып отырмыз”, – деді дәстүрлі әнші Жанат Айтпаев. Ол Ақан серінің “Торыны таң асырып мінген қандай?!” атты әнін орындады.

Залда ине шаншар орынның бол­мағаны қуантты. Сахна тө­рінде әуелеген әндер, мың бұрала бил­еген бишілердің ширақ қимыл­дары, дом­бы­раның күмбірлеген үні кештің көр­ігін қыздырып, көрермен­нің көңіліне шуақ сыйлады. Тыңдар­ман қауым Ақан серінің шығарма­шылығына ғана қанық болмай, әр туындының тарихына, жазылу сти­ліне, мағына­сына терең бойлады.

“Қазақ әнінің атасы – Біржан сал”, – дейміз. Одан бұрын Қызылжардың қырат-белін дүбірлеткен Сегіз сері бабамыз өткен. Осындай ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт самғауына көтері­леді. Сөйтіп, Арқаның әншілік мекте­бінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуенде­рінде терең толғау, толғақты пәлса­фа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат көрініс тауып жатады.

Жиналғандар Ақан серінің “Мақ­­пал” әнін орында­ған Асхат Тауышевтың өнері­не тәнті болды. “Ақан серінің туын­дылары­ның барлығы домбыраның сүйемел­деуімен орындалады. Соң­ғы жылда­ры ел арасында кең та­ралған мұралары операларға арқау болуда. Бұл бір жағынан бабамыз­дың шығар­маларының өміршеңдігін көрсетсе, екіншіден Ақан сері мұ­раларына ынтық жастардың қатарын арттыруға септесуде”, – дейді ол.

Сахнаға “Әдемі-ау” би ансамб­лі шыққанда залдағы көрермен ерек­ше құрмет көрсетті. “Әдемі-ау­дың” қыздары бұл концертке тыңғылықты дайындалыпты. Ақан сері өмір сүрген заманға лайық киініп, серінің жүрегіне ғашықтық шоғын түсірген арулардай өнер көрсетті.

“Ақан сері алғашқы әйелі Бәти­мадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима дүниеден өткен соң Ұрқия атты қызға үйлене­ді. Ақанның “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақан өмірін­де өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның “Ақ көй­лек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың” деп аталатын те­рең сырлы, ғажайып сезімге толы ән­дері осы Ақтоқтыға арналған. “Әдемі-ау” ансамблі аруларының өнері ме­нің көз алдыма Ақтоқтының бейнесін елестетті. Өте тамаша көрініс”, – дейді көрермендердің бірі Асыл Исманғұлова.

Дәстүрлі әнші Біржан Есжан фи­лармония ұжымының бұл шараға бі­раз уақыт дайындалғанын айтты. Өнер­паздар Ақан серінің бүгінге жеткен көптеген шығармаларын тың­дарман назарына ұсынуға тыры­сқан екен.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp