Бұрындары мектеп қабырғасында мамандық таңдау тақырыбына міндетті түрде шығарма жаздыратын. Сонда оқушылар жапатармағай аяулы ұстаздарына еліктеп, мұғалімдік жолын жалғастыруды армандайтындарын жазып жататын. Олардың арасында ұлдардың саны көп болатын. Ғасырлар тоғысында осы үрдістен мүлдем айырылып қалдық. Араға жылдар салып, енді оның ащы зардабын тартып отырған жайымыз бар. Осы оқу жылында өңіріміздегі 16487 мұғалімнің 11381-і, яғни 69 пайызын қыз-келіншектер құраған екен. Сонда әр мектепте санаулы ер мұғалім жұмыс істейді деген сөз.
Бүгінгідей толассыз ақпараттар, сандық технологиялар ғасырында мектеп мұғалімдеріне де қыруар міндеттер жүктелері сөзсіз. Ең басты талап – өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру. Бұдан бөлек, жас шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан буынның бойына мейірімділік, қайырымдылық, көргенділік, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сияқты ізгі адамгершілік дәнін сіңірудің маңызы айрықша. Білім орындарында болған адам аузы айтуға бармайтын түрлі қылмыстық оқиғаларды естігенде айуан екеш айуан тәуекел етпейтін қатыгездіктің сырына іштей ой жүгіртесің. Мен оның бір себебін мектептегі тәлім-тәрбиенің кемшіндігінен көремін.
Бабаларымыздың отағасы, отанасы деп жіктей сөйлеуінде үлкен мән бар. Әйел – отбасының берекесі, сәні болса, отағасы шаңырақтың тұтқасы саналған, асыраушы деген ұғымды білдірген. Асқар таудай әкені пана тұтқан ұл жүректі, білекті, мінезді болып ержеткен. “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” деп текке айтылмаған. Атадан балаға мирас болып қалған осы өнеге көзімізден бұлбұл ұшқалы қашан?!.. Әйел заты ер азаматтың өмірдегі, қоғамдағы орнын алмастыра алмайтынын біле тұра, гендерлік саясатты алға тартқан бәзбіреулер табиғи жаратылысты теңестіруге күш салып, осындай асыра сілтеу салдары тепе-теңдікті бұзып, отбасы, ошақ қасы өнегесіне орасан зиянын тигізіп отыр. Екіншіден, кім-кімнің де отбасыдағы рөлін оның табысы айқындайтынын ескерсек, ерлер жағы жалақысы аз деп мектепке баруға арланды. Олардың орнын амалсыздан нәзік жандар толықтырды. Осыдан кейін мұғалімдік қыз баланың мамандығы деген теріс түсінік қалыптасып, санамызды өрмекшінің торындай шырмап алды. Әлі күнге дейін осы тайыз, таптаурын көзқарастан арыла алмай келеміз.
Әйелдерге қарағанда ер мұғалімнің орны өзгеше, бөлек екенін мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Біздің мектепте істейтін 36 мұғалімнің 6-уы ғана – ер мұғалім. Ұлдар көбіне бізді үйірсектеп, маңайымыздан шықпайды, ақыл-кеңес сұрайды. “Ұлың өссе, ұлы ұлықтымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы қылықтымен ауылдас бол”, “Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге” деген даналық сөздерді жадыларына тоқып өссе дейсің. Бірақ отбасы институтындағы әкенің қадір-қасиетінің төмендеуі білім ошақтарына да зардап әкеліп жатқаны жасырын емес. Салдарынан бала тәрбиесін босаңсытып алдық. Қазіргі балаларға ер-азаматқа тән тегеурінді мінез жетіспейді. Ата-аналар, әсіресе әкелер күнделікті күйбең тіршілікті сылтау етіп, тәрбиеден бастарын ала қашады. Бұдан кейін бала ынжық, мінезі жұмсақ, жігерсіз болып өспегенде қайтеді? Ондайлар Отан тұрмақ қара басын қорғай алмайды. Бірлі-жарым ер мұғалім қай жағына жетеді?
Кейбір ата-аналар ұлды емес, қызды оқытуға көп көңіл бөледі. Оларда ұл өз нанын тауып жейді, аштан өліп, көштен қалмайды. Ал қызым біреудің қолына жалтақтамасын деген ой басым. Жағдайы барлардың көбі ұлдарын заңгер, экономист секілді беделді (олардың түсінігінше) мамандықтарға оқытуды жөн көреді. Осылайша жұмыссыздық проблемасын да туындатып отыр. Қазір жалақы айтарлықтай көбейді, “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданды, бірақ бұл – мәселенің бір жағы ғана. Бұдан мұғалім беделі өсіп кетті деп кесіп айту қиын. Әлі де қағазбастылық басым. Кей ата-аналар мен оқушылар еркіндікті, демократияны теріс түсініп, ойына келгенді айтып, басынғысы келіп тұрады. Әлеуметтік көмектер әлі де мардымсыз. Осыдан соң кімнің батылы барып, мұғалімдікке жолай қойсын?! Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деген екен. Біздің бесігіміз – мектеп. Мектептің материалдық техникалық жағдайы, ұстаздардың өмір сапасы жақсарса – елдің болашағы жарқын. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз “Тәрбиесіз берілген білім апат алып келеді”, – деп маңыздылығын атап көрсеткен.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Кейінгі жылдардағы статистикаға сүйенсек, жүрек қалауымен мұғалімдікті таңдап жатқан жастарымыздың саны артқан сияқты. Бұл – қуанарлық жайт. Осы үрдісті әрі қарай жалғастырып, білім ошақтарына ер мұғалімдердің көптеп келуіне барынша жағдай жасау керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат екенін естен шығармайық.
Есенжол МАҚАНҰЛЫ,
Қайранкөл орта мектебінің мұғалімі.