«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ЖАДЫМЫЗДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның ғұмыры – қамшының сабындай қысқа әрі өл­шеу­лі ғой. Біздің өңірімізде өмірін елдің гүл­денуіне арнап, таңдаған мамандығына адалдығымен танылған жан­дар аз емес. Олардың бірқатары келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанса да, көзі тірі кездерінде атқарған істері, еселі еңбектері көпшіліктің көңіл түкпірінде сақ­таулы. Осындай азаматтар туралы ойланғанда менің көз алдыма Қобылан Хамзин ағамыздың жарқын бейнесі елестейді.

Қобылан Хамзаұлы 1933 жылы Шал ақын ауда­нындағы топырағы құнарлы, таби­ғаты шұрайлы, шал­ғыны мол, ерке Есіл­дің көк орайлы қыратында ор­наласқан Көктерек ауылында дүние­ге келген. Ленин орта мектебін жақсы бағамен бі­тірген соң, 1953 жылы Ташкент қа­ласындағы ішкі істер министрлігінің басшы қызметкер­лерін даярлайтын 2 жылдық оқу ордасына түседі. Елге оралған соң 1955 жылдан 1963 жылға дейін қазіргі Аққайың ауда­нының ішкі істер бөлімін­де қызмет атқарды.

Еңбек жолын құқық қорғау сала­сында бастаған жас маман білімге ұмтылудың, оқып-ізденудің адам өмірін мағыналы ететінін, сәулелен­діре түсетінін жақсы білді. Оны сол кездегі Қазақ мемлекеттік универси­те­тінің партасына отырғызған да оқуға деген ұмтылысы болатын. Қо­былан Хамзиннің атқарған қызмет­теріне тереңірек бойласақ, оның жа­уапкершілігі мол әрі еңбекқор болға­нын аңғарамыз. 1963 жылы Тими­рязев аудандық ішкі істер бөлімі бас­тығының орынбасары болды. 1966 жылдан 1971 жылға дейін қазіргі Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімін­де атқарған қызметі жоғары бағала­нып, КСРО жоғарғы Кеңесі Прези­дуымының жарлығымен кеудесіне “Қызыл Жұлдыз” орденін жарқырата тақты. 1971 жылы облыстық ішкі іс­тер департаменті бастығының орын­басары болып тағайындалды.

Ағамызды басшылық қандай қыз­мет­ке ұсынса да өзіне жүктелген мін­деттерді абыроймен атқаруға бар күшін салды, мол тәжірибесін сарқа жұ­мсады. Өзі жетекшілік еткен сала­лардың алға басуына зор үлес қос­ты. Адамдардың құқықтарының заң аясында қорғалуына, қоғам тыныш­тығының жоғары деңгейде қада­ғалануына баса мән берді. Сондық­тан болар 1981 жылы облыстық пар­тия және атқару комитеттері Ішкі істер министрлігінің резервтегі ма­мандар қатарына Солтүстік Қазақ­стан облыстық ішкі істер департа­ментінің бастығына кандидат ре­тінде осы кісіні ұсыныпты.

Өмір тек қызық пен қуаныштар­дан, жетістіктер мен жеңістерден құралмайды ғой. Оның адамға бе­ретін сынағы таусылған ба? Сол жылдың қысында ағамыз қатты сырқаттанып, орнынан тұра алмай, аяқ басып жүре алмай қа­лады. Бес ай бойы аурухана төсегіне таңылған Қобылан Хамзаұлы бар болғаны 50 жасында қызметпен қош айтысып, зейнет демалысына шық­ты. “Қызмет пен атақ, мансап пен ақша – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Өмірімде бұлар үшін өкінген емеспін. Мен басыма түскен сынақты мойы­май қарсы алуым керек. Адамдық келбетімді жоғалтып алмасам – өмір бәйгесіндегі жеңісім осы”, – деп отыратын көзі тірісінде.

Ағамыз денсаулығы түзеліп, туған-туыстарының, ет жақында­рының ортасына оралғаннан кейін “зейнеткермін” деп қарап отырмады. Облыстық сақтандыру мекемесі үлкен сенім біл­діріп, аудандық сақ­тандыру бөлім­дері басшылар кеңе­сінің төрағасы етіп сайлайды. Бұл қызметті де абыроймен атқарған ол 1986 жылы облыстық өрттен қорғау қоғамының төрағасы қызметіне ауы­сады.

“Жақсы адам – елдің ырысы, жақ­сы сөз – жанның тынысы” дегендей, ол кісінің қамқорлығы мен жанашырлығын көрген жандар Қобылан Хам­зин туралы жылы пікір, жүрекжарды лебіз білдіргенде жанымыз жадырап сала береді.

Ол таза, ұқыпты жүргенді, сәнді киінгенді жақсы көрді. Сымбатты, тік тұлғасына қарап тамсанатынбыз. Адамдармен әңгіме-дүкен құрғанда, данышпан Абай атамыз айтқандай, “мақтанға, өркөкіректікке салын­бай­тын”. Тіршіліктің шаттанарлық шақ­та­рында асып-тасып кетпей, ал қиын-қыстау кезінде басылып қал­май, Алла берген жігерінің, мінезінің, табандылығының арқасында өзін бірқалыпты ұстайтын. Басқосуларда жаңа қырынан көрініп, алдымыздан жарқырап шыға келуші еді. Ол кісі қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да, қандай да бір жетістікке жетсе де өзін өзгеден артық санап, биік көрген кезі жоқ. Керісінше, қа­райымдылық­тың көркем үлгісін көр­сетіп, айнала­сына шуағын шашып жүрді.

Адамның жасы ұлғайған сайын ақылы да, өмірге деген көзқарасы да кемелдене түсетіні заңдылық шығар. Қобылан ағамыз Пайғамбар жасына жақындағанда өмірден түйген-біл­гендерін, жүрекке аяулы із қалдыр­ған оқиғаларды, “көңілдің кейбір сәт­терін” қағаз бетіне түсірумен айна­лыса бастады. Әрине, ол кісінің жаз­ған-сызған дүниелерінің бәрі бірдей таңғы шықтай мөлдір поэзияның талаптарына жауап берді деп айта алмаймыз. Бірақ жүрегін жарып шыққан кей шумақтары адамды терең ойға жетелеп, өмірдің пар­қын ұқтыруға талпындырады.

“Үлкен сыйлап, құрметтейміз жастарды,

Бірге жазсақ өмір деген дастанды.

Туыстарым, жолдастарым, жақыным,

Мен солар деп білемін ғой асқарды.

Дүние емес ең қымбатым – осылар,

Олар барда көңілімнің хошы бар.

Артта қалар атың менен атағың,

Теріс мінез сауабыңды жасы­рар”, – деген өлең жолдарынан адам­ның туыстық байланысқа адал болу керектігін, қызылды-жасылды дүниенің мәңгілік емес екенін ұғы­натындаймыз.

Қобылан Хамзаұлы Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық, ру­хани, мәдени дамуына білім-білігімен еңбек сіңірген ардақты азамат­тарды ерекше құрметтейтін. 1970 жылы Республикамыздың 50 жыл­дығына арналған ақындар айтысы­ның жеңімпазы атанған жерлесіміз Ахметжан Нұртазинді үлгі тұтты.

Кез келген жанды толық адам деңгейіне жеткізетін оның бойын­дағы ізгі қасиеттері, жүрегінің таза­лы­ғы, адалдығы ғой. Қобылан Хам­заұлы еңбекқор, мейірімді, қайы­рым­ды, кешірімшіл болуды өмірлік ұстаныма айналдырды. 2006 жылы Меккеге барып, мұсылман­ның бес парызының бірі саналатын қа­жылық сапарын өтеді. “Адамзат­тың ардақ­ты­сы атанған Мұхаммед Пайғам­бардың табаны тиген жерді бастым. Осы бақытқа жеткізген Ал­лаға шү­кір”, – деген еді елге орал­ғанда.

Жасынан нағашы атасы Мансұр қари Жетпісұлынан тәлім алып, арабша оқуды бір кісідей меңгерген ағамыз қасиетті Құрандағы 114 сү­ренің денін жатқа білетін. Өңірі­міздегі имандылық орындарында ұйымдастырылатын рухани шара­лардың төрінде ағамыздың отырға­ны көз алдымыздан кеткен емес.

Мақаламның басында Қобылан Хамзаұлын құндақтап өсірген Көк­терек ауылының тұмса табиғатын суреттеп өттім. Шағын ғана елді ме­кеннен бес бірдей генералдың шық­қанын өңір жұртшылығы жақсы бі­леді. Сол кісілердің Қобылан аға­мызбен кездескенде: “Бізді тәрбие­леген өзіңіз. Сондықтан сіз біз үшін генералсыз”, – деген ілтипатқа толы сөздерін өз басым бірнеше мәрте естідім.

Қазақта “сегіз қырлы, бір сырлы” деген тамаша сөз бар. Осы сөз Қо­былан Хамзин ағамызға да қаратыла айтылған ба деп ойлаймын. Ол кісі қазақтың төл аспабы – домбыраны шебер тартатын, ән де салатын.

Халқымыздың мұзбалақ ақын­дарының бірі Мұқағали Мақатаев бір өлеңінде:

“Неменеңе жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр”, – деп налыған екен.

Көзі тірі болғанда наурыз айы­ның 30-шы жұлдызында торқа­лы 90 жастың биігіне көтерілетін Қобылан Хамзаұлының арамызда жоқтығы жүректі сыздатады. Өмірін “туған хал­қына жақсылық жасау үшін берілген мүмкіндік” деп бағалаған ағамыздың есімі ұмытылмайды.

Абылай БАЛТАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp