Ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай отырып, бір-біріне аманат ету дәстүрінен жаңылмаған ұрпақтар арасындағы жарасымды сабақтастық Тәуелсіздіктен кейін өзгеше мазмұнмен толығып, өркен жая түсті. 2022 жылдың “Балалар жылы” деп жариялауы – соның нақты бір айғағы. Елімізде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы жалпыұлттық міндет ретінде қарастырылып, айрықша көңіл бөлінген. Осы қағиданы берік ұстанған Ақтас негізгі мектебінің басшылығы жоспарлы түрде атқарылатын әр шараның оқушылар үшін тағылымды да пайдалы болуын басты назарда ұстайды. Мәселен 2-4 сынып оқушылары арасында өткен “Бала мен балалық шақты қорғаймыз” атты суреттер көрмесі әр өреннің шығармашылық ізденісін дамытумен қатар өз құқығын білуге, қоғамдық ортада өздерін қалай ұстауға да бағдарлайды. Ата-аналар және ұстаздар арасында ұйымдастырылған “Дені сау болашақ үшін” семинар-тренингінің де пайдалы жақтары аз болған жоқ. “Саламатты өмір салтын қолдаймыз” атты аудандық сайысқа қатысқан оқушыларымыз бірінші жүлдемен оралды.
Туған жерге сүйіспеншілік, отбасы құндылығына құрмет мәселелері де кеңінен қамтылып отырады. “Міне, менің көшем, менің үйім” фотокөрмесі, “Отбасылық тағамдар” шеберлік сыныптары, “Туған өлке” туралы өлең, сурет, ән байқаулары оқушылар өмірінде ұмытылмастай із қалдырды. Ильинка орта мектебі базасында өткен “Бүгінгі ұрпақ – мәңгілік елдің болашағы” аудандық патриоттар форумына үлкен белсенділікпен қатысып, шығармашылық ізденістерімен ерекшеленді. Графикалық дизайн, сәндік-қолданбалы өнер, сурет және портреттік кескіндеме салу шеберлік сағаттарында тәжірибелерімен бөлісті. “Балалар жылының” қорытындысы ретінде мектептің өзін-өзі басқару көшбасшыларының үлгісінде аудан бойынша “Табыс аймағы” слеті ұйымдастырылып, шеберлік сыныптары, спорттық турнирлер өткізіліп, оған олимпиадалардың, байқаулардың, фестивальдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, білім беру, спорт, қоғамдық қызмет ардагерлері мен белсенділер ортақтасты. Ақтас негізгі мектебіне мақтау грамотасы мен ақшалай сыйлық салтанатты түрде табыс етілді.
Мектеп қабырғасында өткізілетін шаралар оқыту бағдарламасымен үйлестіріліп, оқушылардың білім деңгейі мен қарым-қабілеті сарапқа салынады, мүмкіндіктерін танытудың әртүрлі жолдары қарастырылады. Абай және Мағжан оқуларының облыстық кезеңіне жолдама алған екі оқушымыз өздерінің жақсы дайындығы мен терең білімін көрсетті. Ерболат Жүсіп Мағжанның 70 өлеңін жатқа айтып, 3-орынды иеленді. Мектебімізде Абайдың өлеңдерін жатқа оқудан алдына жан салмайтын 3-сынып оқушысы Аяжан Жұмағұл да жүлделі орыннан көрінді.
Кез келген балғын өзінің іс-әрекетіне тиісті баға берілгенін ұнатады, жаны қалап тұрады. Осыны ескерген басшылық оқу үздіктері мен белсенділерді үзбей ынталандырып отырады. Осы білім ошағынан қанаттанып ұшып, әркез жомарт қолын созып тұратын азаматтар да аз емес. Ауылымыздың мақтанышы, белгілі ғалым Бүркіт Аяған Жеңіс күні мерекесіне орай қайырымдылық жасауды, спорттық сайыстар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырған. Ауған соғысының ардагері, ел жанашыры Асхат Қоспанов пен оның жұбайы Айкүміс Ақанқызы да сый-сияпат жасап тұрады.
Еліміздің ертеңгі тірегі саналатын болашақ азаматтар мектеп қабырғасынан өнегелі тәлім-тәрбие алса, аға буынның сенімін ақтары сөзсіз.
Жансұлу ӨМІРЖАНОВА,
Ақтас негізгі мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.