Бұрындары ұстаз деген ұлы ұғым айбарлы, айбатты естілетін. Аты аталса, әріп үйретіп, “Әліппені” жаттатқызған балауса шақ еске түседі. Ауыл мұғаліміне деген құрметті әке-шешелеріміз мектеп табалдырығын аттамай жатып санамызға құйып, зердемізге тоқып отыратын. Біздің кезімізде ұстазға қарсы сөйлемек түгіл, бетіне қарауға жүрексінетінбіз. Бүгінде мұғалімге деген құрмет-қошеметтің, сыйластықтың қадірін қашырып, құнын кетіріп алғандаймыз.
Иә, ұстаздың қоғамдағы абырой-беделін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар мен бастамалар қуантатыны рас. Жастар педагогика мамандығын қызыға таңдайтын болды. Білім ошағының есігін имене ашқан жас маманға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Заманауи бағдарламалардың енгізілуі, дәстүрлі сабақ беру формаларының өзгеруі, мұның бәрі жаңашылдыққа жетелейді, игі ізденістерге құлшындырады. Университетте оқып жүрген жылдары болашақ тіл маманы ретінде ойымызды ашық айтуға, ауыртпалық жүгін қайыспай көтеруге, мамандығымызды кәсіби түрде терең игеруге дағдыландық. Ұстаз мәртебесі өмірлік тәрбиемен жинақталып, шәкірт бойына дарытатын білім сапасымен өлшенетінін сезіндік. “Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі” деген сөз текке айтылмағанын, қаншалықты сый-құрметке лайық екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Нағыз ұстаз барлық жағынан өзін мойындатқан тұлға екені даусыз. Кей жағдайда ата-аналарының дәрежесін, қызметін малданып, “бүйректен сирақ шығарып” жататын оқушылар кездесіп қалады. Осындайда отағасының, болмаса отанасының мәселенің мәніне үңілместен “алтын асықтай” баласын қызғыштай қорғап, шаң жуытпай жататыны қынжылтады. Сондықтан ұстазға деген дұрыс көзқарасты орнықтыру әр отбасынан басталады дер едім.
Гүлжайна ПІРІМБЕТОВА,
Бостандық орта мектебінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.