«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР МҰҒАЛІМНІҢ ҮЛЕСІН АРТТЫРУ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрындары мектеп қабырғасында мамандық таңдау тақырыбына міндетті түрде шығарма жаздыратын. Сонда оқушылар жапатармағай аяулы ұстаздарына еліктеп, мұғалімдік жолын жалғастыруды армандайтындарын жазып жататын. Олардың арасында ұлдардың саны көп болатын. Ғасырлар тоғысында осы үрдістен мүлдем айырылып қалдық. Араға жылдар салып, енді оның ащы зардабын тартып отырған жайымыз бар. Осы оқу жылында өңіріміздегі 16487 мұғалімнің 11381-і, яғни 69 пайызын қыз-келіншектер құраған екен. Сонда әр мектепте санаулы ер мұғалім жұмыс істейді деген сөз.

Бүгінгідей толассыз ақпарат­тар, сандық технологиялар ғасы­рында мектеп мұғалімдеріне де қы­руар міндеттер жүктелері сөзсіз. Ең бас­ты талап – өскелең ұрпаққа са­палы білім, саналы тәрбие беру. Бұ­дан бөлек, жас шыбықтай жел­кіл­деп өсіп келе жатқан буынның бо­йына мейірімділік, қайырымды­лық, көр­ген­ділік, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сияқты ізгі адамгершілік дәнін сіңіру­дің маңызы айрықша. Білім орында­рында болған адам аузы айтуға бар­майтын түрлі қыл­мыстық оқиғалар­ды естігенде ай­уан екеш айуан тә­уекел етпейтін қа­тыгездік­тің сырына іштей ой жү­гір­тесің. Мен оның бір себебін мек­теп­тегі тәлім-тәрбиенің кемшінді­гінен көремін.

Бабаларымыздың отағасы, ота­на­сы деп жіктей сөйлеуінде үлкен мән бар. Әйел – отбасының бере­кесі, сәні болса, отағасы шаңырақ­тың тұт­қасы саналған, асыраушы деген ұғымды білдірген. Асқар таудай әке­ні пана тұтқан ұл жүректі, білекті, мі­незді болып ержеткен. “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” деп текке айтылмаған. Атадан балаға мирас болып қалған осы өнеге көзімізден бұлбұл ұшқа­лы қашан?!.. Әйел заты ер азамат­тың өмірдегі, қо­ғамдағы орнын алмастыра алмай­ты­нын біле тұра, гендерлік саясатты алға тартқан бәзбіреулер табиғи жаратылысты теңестіруге күш са­лып, осындай асыра сілтеу салдары тепе-теңдікті бұзып, отбасы, ошақ қасы өнегесіне орасан зиянын тигізіп отыр. Екін­шіден, кім-кімнің де от­ба­сыдағы рөлін оның табысы ай­қын­дай­ты­нын ескерсек, ерлер жағы жалақы­сы аз деп мектепке баруға арлан­ды. Олардың орнын амалсыз­дан нәзік жандар то­лықтырды. Осыдан кейін мұғалімдік қыз баланың мамандығы деген теріс түсінік қалыптасып, санамыз­ды өрмекші­нің торындай шырмап алды. Әлі күнге дейін осы тайыз, таптаурын көзқарастан арыла алмай келеміз.

Әйелдерге қарағанда ер мұға­лім­нің орны өзгеше, бөлек екенін мен өз тәжірибемнен жақсы біле­мін. Біздің мектепте істейтін 36 мұ­ғалімнің 6-уы ғана – ер мұғалім. Ұлдар көбіне бізді үйірсектеп, ма­ңайымыздан шықпайды, ақыл-ке­ңес сұрайды. “Ұлың өссе, ұлы ұлық­тымен ауыл­дас бол, қызың өссе, қызы қылықты­мен ауылдас бол”, “Ұлдың ұяты – әке­ге, қыздың ұяты – шешеге” деген даналық сөздерді жадыларына тоқып өссе дейсің. Бірақ отбасы институтындағы әке­нің қадір-қа­сие­тінің төмендеуі бі­лім ошақтарына да зардап әкеліп жатқаны жасырын емес. Салда­рынан бала тәрбиесін босаңсытып алдық. Қазіргі бала­ларға ер-аза­матқа тән тегеурінді мінез жетіс­пейді. Ата-аналар, әсіре­се әкелер күнделікті күйбең тірші­лікті сылтау етіп, тәрбиеден баста­рын ала қашады. Бұдан кейін бала ынжық, мінезі жұмсақ, жігерсіз бо­лып өспегенде қайтеді? Ондайлар Отан тұрмақ қара басын қорғай ал­майды. Бірлі-жарым ер мұғалім қай жағына жетеді?

Кейбір ата-аналар ұлды емес, қызды оқытуға көп көңіл бөледі. Оларда ұл өз нанын тауып жейді, аштан өліп, көштен қалмайды. Ал қызым біреудің қолына жалтақта­масын деген ой басым. Жағдайы барлардың көбі ұлдарын заңгер, экономист секілді беделді (олар­дың түсінігінше) ма­ман­дықтарға оқытуды жөн көреді. Осылайша жұ­мыссыздық пробле­ма­сын да туын­датып отыр. Қазір жалақы айтар­лықтай көбейді, “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданды, бірақ бұл – мә­селенің бір жағы ғана. Бұдан мұға­лім беделі өсіп кетті деп кесіп айту қиын. Әлі де қағазбастылық басым. Кей ата-аналар мен оқушы­лар еркіндікті, демократияны теріс түсініп, ойына келгенді айтып, басынғысы келіп тұрады. Әлеу­меттік кө­мектер әлі де мардымсыз. Осыдан соң кімнің батылы барып, мұғалімдікке жолай қойсын?! За­манымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деген екен. Біздің бесігіміз – мектеп. Мектептің мате­риал­дық техникалық жағдайы, ұс­таздардың өмір сапасы жақсарса – елдің болашағы жарқын. Ұлы ой­шыл әл-Фараби бабамыз “Тәрбие­сіз берілген білім апат алып келеді”, – деп маңыздылығын атап көрсет­кен.

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Кейінгі жылдардағы статистикаға сүйенсек, жүрек қала­уы­мен мұғалімдікті таңдап жатқан жастарымыздың саны артқан сияқ­ты. Бұл – қуанарлық жайт. Осы үрдісті әрі қарай жалғастырып, білім ошақ­тарына ер мұғалімдердің көптеп келуіне барынша жағдай жасау керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұт­қасын ұстар азамат екенін естен шығармайық.

Есенжол МАҚАНҰЛЫ,

Қайранкөл орта мектебінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp