Еліміз шекарасы шегенделген қуатты мемлекетке айналса да, тұтастығы мен тыныштығын сақтау – ең басты міндетіміз. Халық батыры Бауыржан Момышұлының “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес”, – деген ұлағатты сөзі өскелең ұрпаққа елжанды, отаншыл болу міндетін жүктейді. Өзім Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып жұмыс істей жүріп, буыны қатпаған, оң-солын әлі айыра қоймаған оқушылардың бойына ерлік, елдік дәнін сіңіріп жүргенімді бақыт санаймын. Жоғары білімді маман атанған соң өзім оқыған білім ошағына жұмысқа орналастым. Содан бері арада 12 жыл уақыт зулап өте шығыпты.
Қазіргі таңда жоғары педагогикалық санаттағы мұғаліммін. Педагогикалық оқытудың белсенді әдістерін қолданамын, оқу-әдістемелік семинарлардың жұмысына қатысамын. Облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға зерттеу мақалалар жазу арқылы үн қосып отырамын. Мұның бәрі кәсіби жағымнан жетіліп, шыңдала түсуіме үлкен сеп. “Балаға алдымен тәрбие, сосын білім беру керек” деген мызғымас қағида – өмірлік ұстанымым. Әскери өмірдің әліппесін оқытып қана қою жеткіліксіз, оның патриоттық ерік-жігер беретін астары барын да ескерген жөн. Осы себепті бірінші кезекте елжандылыққа баулуға басымдық беремін. Өйткені отансүйгіштік отбасынан, қоршаған ортадан, табиғатқа, жалпы елге деген құрметтен бастау алады. Оның қоғам үшін мәні айрықша. Әрбір елдің болашағының жарқын болуын азаматтардың білімі мен отансүйгіштігі айқындайды. Өз елінің, ұлтының патриоты болған азамат қана елінің тағдырына жанашырлықпен қарап, адал қызмет ететін болады.
Мұғалім өзінің кәсіби құзыреттілігін дәлелдеп, қоғам үшін пайдалы екенін сезінгісі келетіні – табиғи құбылыс. Республикалық “Үздік ұстаз-2021” байқауының жеңімпазы атануым бүгінге дейінгі педагогикалық қызметімнің бағасы сияқты. Кәсіби шеберлігімді анықтаудың теңдессіз алаңына айналып, үздіксіз еңбек нәтижесін берді. Әлбетте, белгілі дәрежеде жауапкершілік те жүктейді. Алда жаңа сынақтар күтіп тұр. Осындай жарқын оқиғалар менің жадымда өшпестей сақталады, өйткені өмірімнің көп бөлігін, күш-жігерімді педагогика саласына арнап келемін.
“Ерім” дейтін ел болмаса, “елім” дейтін ер қайдан шықсын?”, – демекші, бүгінгі таңда кей жастардың әскерге баруға, Отан алдындағы қасиетті де қастерлі парызын өтеуге құлықсыздық танытуы патриоттық тәлім-тәрбиенің кемдігінен деп ойлаймын. Осындай келеңсіздіктер болмау үшін алғашқы әскери-технологиялық дайындық пәнінің сағатын көбейтіп, әсіресе ер балалардың қайсар болып өсуіне барынша басымдық берген жөн.
Дархан ҚОСПАНОВ,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы.