«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отан қорғауға баулимын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз шекарасы шегенделген қуатты мемлекетке айналса да, тұ­тастығы мен тыныштығын сақтау – ең басты міндетіміз. Халық батыры Бауыржан Момышұлының “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір аза­маттың асыл парызы, ардақты бо­рышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес”, – деген ұлағатты сөзі өскелең ұрпаққа елжанды, отаншыл болу міндетін жүктейді. Өзім Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды бала­ларға мамандандырылған гимна­зия-интернатында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пә­нінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып жұмыс істей жүріп, буыны қат­паған, оң-солын әлі айыра қой­маған оқушы­лардың бойына ерлік, елдік дәнін сіңіріп жүргенімді бақыт санай­мын. Жоғары білімді маман атанған соң өзім оқыған білім оша­ғына жұ­мыс­қа орналастым. Содан бері ара­да 12 жыл уақыт зулап өте шығыпты.

Қазіргі таңда жоғары педаго­гика­лық санаттағы мұғаліммін. Педаго­гикалық оқытудың белсенді әдісте­рін қолданамын, оқу-әдістемелік се­минарлардың жұмысына қатыса­мын. Облыстық, республикалық жә­не ха­лықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға зерт­теу мақалалар жазу арқылы үн қосып оты­рамын. Мұның бәрі кәсі­би жағым­нан жетіліп, шыңдала түсуі­ме үлкен сеп. “Балаға алдымен тәр­бие, сосын білім беру керек” деген мыз­ғымас қа­ғида – өмірлік ұстаны­мым. Әскери өмірдің әліп­песін оқы­тып қана қою жет­кіліксіз, оның пат­риоттық ерік-жігер беретін астары барын да ескер­ген жөн. Осы себепті бірінші кезекте елжанды­лыққа бау­луға басымдық беремін. Өйткені отан­­сүйгіштік отба­сынан, қор­шаған ор­та­дан, табиғатқа, жалпы елге де­ген құрметтен бастау алады. Оның қо­ғам үшін мәні айрық­ша. Әрбір ел­дің болашағының жар­қын болуын аза­­маттардың білімі мен отансүй­гіш­тігі айқындайды. Өз елі­нің, ұлтының патриоты болған аза­мат қа­на елінің тағдырына жана­шырлықпен қарап, адал қызмет ететін болады.

Мұғалім өзінің кәсіби құзыретті­лігін дәлелдеп, қоғам үшін пайдалы екенін сезінгісі келетіні – табиғи құ­былыс. Респуб­ли­калық “Үздік ұстаз-2021” байқауы­ның жеңімпазы ата­нуым бүгінге дейінгі пе­дагогикалық қызметімнің бағасы сияқты. Кәсіби шеберлігімді анық­тау­дың теңдессіз алаңына айналып, үздіксіз еңбек нә­тижесін берді. Әл­бетте, белгілі дәре­жеде жауапкер­шілік те жүктей­ді. Ал­да жаңа сы­нақтар күтіп тұр. Осындай жарқын оқиғалар менің жадымда өшпестей сақталады, өйт­кені өмірім­нің көп бө­лігін, күш-жі­герімді педаго­гика са­ласына арнап келемін.

“Ерім” дейтін ел болмаса, “елім” дейтін ер қайдан шықсын?”, – де­мек­ші, бүгінгі таңда кей жастардың әс­керге баруға, Отан алдындағы қа­сиетті де қастерлі парызын өтеуге құ­лықсыздық танытуы патриоттық тә­лім-тәрбиенің кемдігінен деп ой­лай­мын. Осындай келеңсіздіктер бол­мау үшін алғашқы әскери-технологиялық дайындық пәнінің сағатын көбейтіп, әсі­ресе ер балалардың қайсар болып өсуіне барынша басымдық берген жөн.

Дархан ҚОСПАНОВ,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp