Диас Аяған
Қызылжарлық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген “Балқадиша” вокалды-фольклорлы халықтық ансамблін өңірімізде білмейтін адам кемде-кем. Биыл аталған өнер ұжымының құрылғанына 20 жыл толды.
Дәстүр-салтымызды, ұлттық музыкамызды кеңінен насихаттап, өзге өнерпаздарға үлгі болып жүрген әжелер тобының концерттер мен рухани кештерден қалыс қалған кезі жоқ. Ансамбльдің негізін 2003 жылы Машуда Ыбыраева қалаған. Сол кездері қолға алынған көп жобаның жарнамасы жер жарғанымен ғұмыры қысқа болып, жабылып жатқанда, әжелер ансамблі Қызылжар көгінде әсем әнін әуелетіп, елге таныла түсті. Еліміздің барлық өңірінде ән салатын әжелер тобының құрылып үлгерген кезі болатын. Тек Қызылжарда ғана мұндай топтың жоғын аңғарған облыс мәдениетіне жауапты басшылар музыка саласында көпжылдық тәжірибесі бар Машуда Ыбыраеваға ұсыныс жасап, жан-жақтан өнерлі әжелерді жинап, тәй-тәй басқан өнер ұжымына қолдау көрсетіпті. Ансамбль жетекшісі бұл істі абыроймен атқарып, сахнаға шығуға ниетті әнге әуес 12 жанның басын қосып, үлгілі ұжымға айналдырды. Алғашында ұжым мүшелерінің дауыс ырғақтарын ортақ үндестікке келтіруде қиындықтар орын алғанымен, еңбекқор әншілер оны да жолға қойды. Ал бүгінде олардың шырқаған әндерін сүйсінбей тыңдамау мүмкін емес.
Топтың “Балқадиша” аталуы да тегін емес. Алты алаштың аспанында әуелеген “Балқадиша” әніндегі кейіпкер бейнесін әйел сұлулығының, даналығының символы деп білген әжелер осы атауға тоқтаған. Фольклорлы ансамбль атына ие болғандықтан өз репертуарына да ерекше мән беріп, биік талғаммен қарайды. Көбіне жергілікті ақын, сазгерлердің туындыларын сахнаға шығаруға тырысады. Олар орындайтын әндердің дені аспандағы аққуға үнін қосқан Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардан басталып, марғасқа Мағжан ақынның жырларына жазылған әндермен толығып, кешегі Кәкімбек Салықов, Есләм Зікібаев, Ербол Шаймерденов сынды тұлғалардың туындыларымен жалғасады. Олардың қатарында Қызылжардың сұлулығын, дарқандығын арқау еткен әндер де аз емес. Сахна төрінде шырқалып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, сезімін оятуы тиіс әндер ұмыт қалмай, осылай жарыққа шығып, жадымызда жүргені құптарлық. Бұл, әсіресе рухани құндылықтардан ажырап бара жатқан кейінгі толқын жастарға керек. Жерлес өнер иелерінен бөлек әжелер ансамблі Абай Құнанбаевтың, Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын, халық әндерін де шырқап жүр. Ансамбль қоржынындағы әндер саны 70-ке жуықтаған.
Алды сексенге жақындаған апалардың елдің көзайымы болып, бойдағы жігер мен жалынды жоғалтпай белсенді еңбек етіп жүргендері олардың ізін басып келе жатқан өзге өнерпаздарға да өнеге. Оның үстіне мұндағы нәзік жандардың дені бұрын түрлі салада қызмет еткенін, сахна табалдырығын тек зейнетке шыққан шағында аттағанын естігенде таңдана түсесің. Олардың бәрінің ауыл үйдің арасындағы той-домалақтың деңгейінде қалып қоймай, қазақ әнін үлкен сахналарда орындап, мерейін асырып жүргені қуантады.
Осы күні “Балқадиша” ансамблі облыс орталығында ғана емес, шалғайдағы аудан, ауылдарға да кеңінен таныс. Өйткені әнші әжелер ондағы жұртты сағындырмай, жиі сапарға шығып, концерттер өткізіп тұруды дағдыға айналдырған. Бұдан бөлек өзге өңірлерден де түсетін шақыртулар бар. Ансамбль мүшелері шекаралас Түмен облысына сапарлаған сәттерін сағынышпен баяндап берді.
– 2005 жылы Ресейдің Түмен қаласындағы “Достық көпірі” атты фестивальға қатыстық. Біз онда тек әнімізбен емес, бар сән-салтанатымызбен ерекше дайындалып бардық. Сондағы жұртқа таныту үшін қазақтың майын, құртын, бауырсағын, бір астау етін апардық. Көшпелі өмірдің ажырамас бөлігі болған біз апарған саптама етік, құрақ көрпе, сырмақ сияқты бұйымдар да келушілердің назарын аудартты. Марқұм Роза Асқарқызы әуелетіп ән салды. Қызылжарда “Балқадиша” атты өнер ұжымы бар екенін көрші ел таныды, – дейді Машуда Нұрғалиқызы.
“Балқадишаның” бұдан кейін де көрші елге жолы түскен. Арнайы шақыртумен Ресей қазақтары ұйымдастырған құрылтайда да қонақ болыпты. Әншілердің өнеріне Омбы қаласындағы көрермен де куә. Ал 2017 жылы елордада өткен “ЭКСПО-2017” көрмесіне барып, этноауылда ұлттық құндылықтарымызды көрсетіпті.
“Балқадиша” жайлы сөз болғанда оның жетекшісі Машуда Ыбыраева жайлы да айтпай кетуге болмас. Ол 1965-1969 жылдар аралығында Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының “Музыка” факультетінде оқып, кейін Тимирязев ауданында музыка мектебінің директоры, Қостанай облысындағы Арқалық педагогикалық училищесінде оқытушы болып еңбек етеді. Машуда Нұрғалиқызы зейнет демалысына шыққан соң “Балқадиша” ансамбліне жетекші болды. 2009 жылы ол құрған ансамбль “халық ансамблі” атағын иеленді. Жасы сексенге таяса да ол мәдениеттен қол үзбей, Қызылжардағы ән өнерінің өрістеуіне өз үлесін қосып келеді.
Аталған ұжым мүшелері тек өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де қазақ аналарының үлгісін көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуда. Ақжаулықты әжелерді оқу орындары кездесулер мен тәрбие сағаттарына жиі шақырады. Алдағы уақытта ардақты аналар қазақтың кимешегі мен жаулығын тек сахнада ғана емес, қазіргі заманға лайықтап, күнделікті киіп жүруді мақсат етіп отыр.
Ансамбльді алғашқылардың бірі болып құрған 12 әженің бірқатары бүгінде ортамызда жоқ. Ұжым Роза Асқарқызы, Күләш Сұрағанқызы, Шолпан Балмұқанова, Гүлнар Күсемісова, Шәрбану Молдажанқызы сынды замандастарын сағынышпен еске алады. Көңілге медет болатыны – қатары сиреген әншілер тобының қайта толығып, жаңа адамдардың қабылдануы.
Ұжымның 5,10 жылдық мерейтойында теріскейліктерді шығармашылық кештерімен қуантқан “Балқадиша” ансамбльі биыл Рамазан айы аяқталып, жер аяғы кеңіген мамыражай мамыр айында жерлестеріне Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында жеке концерттерін тарту етпек. Бүгінде әнші әжелер аталған шараға қызу дайындық үстінде.
Ансамбль атын иеленген Ақан серінің “Балқадиша” әнінің бір нұсқасында “Жиылған осы тойға қалың қыздың, Ішінде қара басың – хан, Қадиша” деген жолдар бар. “Балқадиша” вокалды-фольклорлы халық ансамблі де өңіріміздегі қалың өнер ұжымдарынан алға озып, сері жырлағандай ән өнеріндегі “хан Қадиша” болып көш бастап жүре берсін деп тілейміз.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.