«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әжелер ән салғанда

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Қызылжарлық көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленіп жүрген “Бал­қадиша” вокалды-фольклорлы ха­лықтық ансамблін өңірімізде біл­мейтін адам кемде-кем. Биыл атал­ған өнер ұжымының құрылғанына 20 жыл толды.

Дәстүр-салтымызды, ұлттық му­зыкамызды кеңінен насихаттап, өзге өнерпаздарға үлгі болып жүрген әже­лер тобының концерттер мен рухани кештерден қалыс қалған кезі жоқ. Ансамбльдің негізін 2003 жылы Ма­шуда Ыбыраева қалаған. Сол кезде­рі қолға алынған көп жобаның жар­намасы жер жар­ғанымен ғұмыры қысқа болып, жа­былып жатқанда, әжелер ансамблі Қызылжар көгінде әсем әнін әуеле­тіп, елге таныла түсті. Еліміздің барлық өңі­рінде ән салатын әжелер тобы­ның құрылып үлгерген кезі болатын. Тек Қызыл­жарда ғана мұндай топтың жоғын аңғарған об­лыс мәдениетіне жауапты басшылар музыка сала­сында көпжылдық тә­жірибесі бар Машуда Ыбыраеваға ұсыныс жасап, жан-жақтан өнерлі әжелерді жинап, тәй-тәй басқан өнер ұжымына қол­дау көрсетіпті. Ансамбль жетекшісі бұл істі абырой­мен атқарып, сахнаға шығуға ниетті әнге әуес 12 жанның басын қосып, үлгілі ұжымға айнал­дырды. Алға­шын­да ұжым мүше­лерінің дауыс ырғақтарын ортақ үндестікке келті­руде қиындықтар орын алғанымен, еңбекқор әншілер оны да жолға қой­ды. Ал бүгінде олардың шырқаған әндерін сүйсін­бей тыңдамау мүмкін емес.

Топтың “Балқадиша” аталуы да тегін емес. Алты алаштың аспа­нында әуелеген “Балқадиша” әнін­де­гі кейіпкер бейнесін әйел сұлу­лығының, даналығының символы деп білген әжелер осы атауға тоқ­таған. Фольклорлы ансамбль атына ие болғандықтан өз репертуарына да ерекше мән беріп, биік талғаммен қарайды. Көбіне жергілікті ақын, саз­герлердің туындыларын сахнаға шы­ғаруға тырысады. Олар орындайтын әндердің дені аспандағы аққуға үнін қосқан Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардан басталып, марғасқа Мағжан ақынның жыр­ларына жазыл­ған әндермен толығып, кешегі Кәкім­бек Са­лықов, Есләм Зікібаев, Ербол Шай­мерденов сынды тұлғалардың туындыларымен жалғасады. Олар­дың қатарында Қызылжардың сұлулығын, дарқандығын арқау еткен әндер де аз емес. Сахна төрінде шыр­қалып, ел-жұрттың құлақ құры­шын қандырып, сезімін оятуы тиіс әндер ұмыт қалмай, осылай жарыққа шығып, жадымызда жүргені құптар­лық. Бұл, әсіресе рухани құнды­лық­тардан ажы­рап бара жатқан кейінгі толқын жастарға керек. Жер­лес өнер иеле­рінен бөлек әжелер ансамблі Абай Құнанбаевтың, Шәмші Қалдая­қов пен Нұрғиса Тілен­диевтің туын­ды­ларын, халық әнде­рін де шырқап жүр. Ансамбль қоржы­нындағы әндер саны 70-ке жуық­таған.

Алды сексенге жақындаған апа­лардың елдің көзайымы болып, бойдағы жігер мен жалынды жоғалтпай белсенді еңбек етіп жүргендері олар­дың ізін басып келе жатқан өзге өнер­­паздарға да өнеге. Оның үстіне мұн­дағы нәзік жандардың дені бұ­рын түрлі салада қызмет еткенін, сах­на табалдырығын тек зейнетке шық­қан шағында аттағанын естігенде таң­да­на түсесің. Олардың бәрінің ауыл үйдің арасындағы той-дома­лақтың деңгейінде қалып қоймай, қазақ әнін үлкен сахналарда орын­дап, мерейін асырып жүргені қуан­тады.

Осы күні “Балқадиша” ансамблі облыс орталығында ғана емес, шал­ғайдағы аудан, ауылдарға да кеңінен таныс. Өйткені әнші әжелер ондағы жұртты сағындырмай, жиі сапарға шы­­ғып, концерттер өткізіп тұруды дағ­дыға айналдырған. Бұдан бөлек өзге өңірлерден де түсетін ша­қыр­тулар бар. Ансамбль мүшелері ше­ка­ралас Түмен облы­сына сапар­ла­ған сәтте­рін сағыныш­пен баяндап берді.

– 2005 жылы Ресейдің Түмен қаласындағы “Достық көпірі” атты фес­­тивальға қатыстық. Біз онда тек әні­­мізбен емес, бар сән-салтана­ты­­мызбен ерекше дайындалып бар­дық. Сондағы жұртқа таныту үшін қа­зақ­тың майын, құртын, бауырсағын, бір астау етін апардық. Көшпелі өмір­дің ажырамас бөлігі болған біз апарған саптама етік, құрақ көрпе, сыр­мақ сияқ­ты бұйымдар да келуші­лер­дің назарын аудартты. Марқұм Ро­за Ас­қар­қызы әуелетіп ән салды. Қы­зыл­жарда “Балқадиша” атты өнер ұжы­мы бар екенін көрші ел та­­ныды, – дейді Машуда Нұрғали­қызы.

“Балқадишаның” бұдан кейін де көрші елге жолы түскен. Арнайы ша­қыртумен Ресей қазақтары ұйымдас­тырған құрылтайда да қонақ болыпты. Әншілердің өнеріне Омбы қала­сындағы көрермен де куә. Ал 2017 жылы елордада өткен “ЭКСПО-2017” көрмесіне барып, этноауылда ұлттық құндылықтарымызды көрсе­тіпті.

“Балқадиша” жайлы сөз болған­да оның жетекшісі Машуда Ыбы­раева жайлы да айтпай кетуге бол­мас. Ол 1965-1969 жылдар аралы­ғында Алматыдағы Қыздар педа­гогикалық институтының “Музыка” фа­культетінде оқып, кейін Тимиря­зев ауданында музыка мектебінің директоры, Қостанай облысындағы Арқалық педагогикалық училищесін­де оқытушы болып еңбек етеді. Ма­шуда Нұрғалиқызы зейнет демалысына шыққан соң “Балқадиша” ансамбліне жетек­ші болды. 2009 жылы ол құрған ан­самбль “халық ансамблі” атағын иеленді. Жасы сек­сенге таяса да ол мәдениеттен қол үзбей, Қызыл­жардағы ән өнерінің өрістеуіне өз үлесін қосып келеді.

Аталған ұжым мүшелері тек өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де қазақ аналарының үлгісін көр­сетіп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуда. Ақжаулықты әжелерді оқу орындары кездесулер мен тәр­бие сағаттарына жиі шақырады. Алдағы уақытта ардақты аналар қазақтың кимешегі мен жаулығын тек сахнада ғана емес, қазіргі заманға лайықтап, күнделікті киіп жү­руді мақсат етіп отыр.

Ансамбльді алғашқылардың бірі болып құрған 12 әженің бірқатары бү­гінде ортамызда жоқ. Ұжым Роза Асқарқызы, Күләш Сұрағанқы­зы, Шолпан Балмұқанова, Гүлнар Кү­семісова, Шәрбану Молдажанқызы сынды замандастарын сағынышпен еске алады. Көңілге медет болатыны – қатары сиреген әншілер тобының қайта толығып, жаңа адамдардың қабылдануы.

Ұжымның 5,10 жылдық мерей­тойында теріскейліктерді шығарма­шылық кештерімен қуантқан “Балқа­диша” ансамбльі биыл Рамазан айы аяқталып, жер аяғы кеңіген мамыра­жай мамыр айында жерлестеріне Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында жеке концерттерін тар­ту етпек. Бүгінде әнші әжелер атал­ған шараға қызу дайындық үстінде.

Ансамбль атын иеленген Ақан серінің “Балқадиша” әнінің бір нұсқа­сында “Жиылған осы тойға қалың қыздың, Ішінде қара басың – хан, Қа­диша” деген жолдар бар. “Балқа­диша” вокалды-фольклорлы халық ансамблі де өңіріміздегі қалың өнер ұжымдарынан алға озып, сері жыр­лағандай ән өнеріндегі “хан Қа­диша” болып көш бастап жүре берсін деп тілейміз.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp