Адамның ғұмыры – қамшының сабындай қысқа әрі өлшеулі ғой. Біздің өңірімізде өмірін елдің гүлденуіне арнап, таңдаған мамандығына адалдығымен танылған жандар аз емес. Олардың бірқатары келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанса да, көзі тірі кездерінде атқарған істері, еселі еңбектері көпшіліктің көңіл түкпірінде сақтаулы. Осындай азаматтар туралы ойланғанда менің көз алдыма Қобылан Хамзин ағамыздың жарқын бейнесі елестейді.
Қобылан Хамзаұлы 1933 жылы Шал ақын ауданындағы топырағы құнарлы, табиғаты шұрайлы, шалғыны мол, ерке Есілдің көк орайлы қыратында орналасқан Көктерек ауылында дүниеге келген. Ленин орта мектебін жақсы бағамен бітірген соң, 1953 жылы Ташкент қаласындағы ішкі істер министрлігінің басшы қызметкерлерін даярлайтын 2 жылдық оқу ордасына түседі. Елге оралған соң 1955 жылдан 1963 жылға дейін қазіргі Аққайың ауданының ішкі істер бөлімінде қызмет атқарды.
Еңбек жолын құқық қорғау саласында бастаған жас маман білімге ұмтылудың, оқып-ізденудің адам өмірін мағыналы ететінін, сәулелендіре түсетінін жақсы білді. Оны сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің партасына отырғызған да оқуға деген ұмтылысы болатын. Қобылан Хамзиннің атқарған қызметтеріне тереңірек бойласақ, оның жауапкершілігі мол әрі еңбекқор болғанын аңғарамыз. 1963 жылы Тимирязев аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болды. 1966 жылдан 1971 жылға дейін қазіргі Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінде атқарған қызметі жоғары бағаланып, КСРО жоғарғы Кеңесі Президуымының жарлығымен кеудесіне “Қызыл Жұлдыз” орденін жарқырата тақты. 1971 жылы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды.
Ағамызды басшылық қандай қызметке ұсынса да өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға бар күшін салды, мол тәжірибесін сарқа жұмсады. Өзі жетекшілік еткен салалардың алға басуына зор үлес қосты. Адамдардың құқықтарының заң аясында қорғалуына, қоғам тыныштығының жоғары деңгейде қадағалануына баса мән берді. Сондықтан болар 1981 жылы облыстық партия және атқару комитеттері Ішкі істер министрлігінің резервтегі мамандар қатарына Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығына кандидат ретінде осы кісіні ұсыныпты.
Өмір тек қызық пен қуаныштардан, жетістіктер мен жеңістерден құралмайды ғой. Оның адамға беретін сынағы таусылған ба? Сол жылдың қысында ағамыз қатты сырқаттанып, орнынан тұра алмай, аяқ басып жүре алмай қалады. Бес ай бойы аурухана төсегіне таңылған Қобылан Хамзаұлы бар болғаны 50 жасында қызметпен қош айтысып, зейнет демалысына шықты. “Қызмет пен атақ, мансап пен ақша – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Өмірімде бұлар үшін өкінген емеспін. Мен басыма түскен сынақты мойымай қарсы алуым керек. Адамдық келбетімді жоғалтып алмасам – өмір бәйгесіндегі жеңісім осы”, – деп отыратын көзі тірісінде.
Ағамыз денсаулығы түзеліп, туған-туыстарының, ет жақындарының ортасына оралғаннан кейін “зейнеткермін” деп қарап отырмады. Облыстық сақтандыру мекемесі үлкен сенім білдіріп, аудандық сақтандыру бөлімдері басшылар кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. Бұл қызметті де абыроймен атқарған ол 1986 жылы облыстық өрттен қорғау қоғамының төрағасы қызметіне ауысады.
“Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы сөз – жанның тынысы” дегендей, ол кісінің қамқорлығы мен жанашырлығын көрген жандар Қобылан Хамзин туралы жылы пікір, жүрекжарды лебіз білдіргенде жанымыз жадырап сала береді.
Ол таза, ұқыпты жүргенді, сәнді киінгенді жақсы көрді. Сымбатты, тік тұлғасына қарап тамсанатынбыз. Адамдармен әңгіме-дүкен құрғанда, данышпан Абай атамыз айтқандай, “мақтанға, өркөкіректікке салынбайтын”. Тіршіліктің шаттанарлық шақтарында асып-тасып кетпей, ал қиын-қыстау кезінде басылып қалмай, Алла берген жігерінің, мінезінің, табандылығының арқасында өзін бірқалыпты ұстайтын. Басқосуларда жаңа қырынан көрініп, алдымыздан жарқырап шыға келуші еді. Ол кісі қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да, қандай да бір жетістікке жетсе де өзін өзгеден артық санап, биік көрген кезі жоқ. Керісінше, қарайымдылықтың көркем үлгісін көрсетіп, айналасына шуағын шашып жүрді.
Адамның жасы ұлғайған сайын ақылы да, өмірге деген көзқарасы да кемелдене түсетіні заңдылық шығар. Қобылан ағамыз Пайғамбар жасына жақындағанда өмірден түйген-білгендерін, жүрекке аяулы із қалдырған оқиғаларды, “көңілдің кейбір сәттерін” қағаз бетіне түсірумен айналыса бастады. Әрине, ол кісінің жазған-сызған дүниелерінің бәрі бірдей таңғы шықтай мөлдір поэзияның талаптарына жауап берді деп айта алмаймыз. Бірақ жүрегін жарып шыққан кей шумақтары адамды терең ойға жетелеп, өмірдің парқын ұқтыруға талпындырады.
“Үлкен сыйлап, құрметтейміз жастарды,
Бірге жазсақ өмір деген дастанды.
Туыстарым, жолдастарым, жақыным,
Мен солар деп білемін ғой асқарды.
Дүние емес ең қымбатым – осылар,
Олар барда көңілімнің хошы бар.
Артта қалар атың менен атағың,
Теріс мінез сауабыңды жасырар”, – деген өлең жолдарынан адамның туыстық байланысқа адал болу керектігін, қызылды-жасылды дүниенің мәңгілік емес екенін ұғынатындаймыз.
Қобылан Хамзаұлы Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени дамуына білім-білігімен еңбек сіңірген ардақты азаматтарды ерекше құрметтейтін. 1970 жылы Республикамыздың 50 жылдығына арналған ақындар айтысының жеңімпазы атанған жерлесіміз Ахметжан Нұртазинді үлгі тұтты.
Кез келген жанды толық адам деңгейіне жеткізетін оның бойындағы ізгі қасиеттері, жүрегінің тазалығы, адалдығы ғой. Қобылан Хамзаұлы еңбекқор, мейірімді, қайырымды, кешірімшіл болуды өмірлік ұстаныма айналдырды. 2006 жылы Меккеге барып, мұсылманның бес парызының бірі саналатын қажылық сапарын өтеді. “Адамзаттың ардақтысы атанған Мұхаммед Пайғамбардың табаны тиген жерді бастым. Осы бақытқа жеткізген Аллаға шүкір”, – деген еді елге оралғанда.
Жасынан нағашы атасы Мансұр қари Жетпісұлынан тәлім алып, арабша оқуды бір кісідей меңгерген ағамыз қасиетті Құрандағы 114 сүренің денін жатқа білетін. Өңіріміздегі имандылық орындарында ұйымдастырылатын рухани шаралардың төрінде ағамыздың отырғаны көз алдымыздан кеткен емес.
Мақаламның басында Қобылан Хамзаұлын құндақтап өсірген Көктерек ауылының тұмса табиғатын суреттеп өттім. Шағын ғана елді мекеннен бес бірдей генералдың шыққанын өңір жұртшылығы жақсы біледі. Сол кісілердің Қобылан ағамызбен кездескенде: “Бізді тәрбиелеген өзіңіз. Сондықтан сіз біз үшін генералсыз”, – деген ілтипатқа толы сөздерін өз басым бірнеше мәрте естідім.
Қазақта “сегіз қырлы, бір сырлы” деген тамаша сөз бар. Осы сөз Қобылан Хамзин ағамызға да қаратыла айтылған ба деп ойлаймын. Ол кісі қазақтың төл аспабы – домбыраны шебер тартатын, ән де салатын.
Халқымыздың мұзбалақ ақындарының бірі Мұқағали Мақатаев бір өлеңінде:
“Неменеңе жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр”, – деп налыған екен.
Көзі тірі болғанда наурыз айының 30-шы жұлдызында торқалы 90 жастың биігіне көтерілетін Қобылан Хамзаұлының арамызда жоқтығы жүректі сыздатады. Өмірін “туған халқына жақсылық жасау үшін берілген мүмкіндік” деп бағалаған ағамыздың есімі ұмытылмайды.
Абылай БАЛТАБАЕВ,
еңбек ардагері.