Келесі жылы құрылғанына 35 жыл толатын “Экспромт” халық би театры Астанада өткен “Dance mania” халықаралық байқауында сәтті өнер көрсетіп, 2 бас жүлде, 6 бірінші орын және 1 екінші орын олжалады.
Елорда төрінде Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан үш мыңға жуық биші бақ сынап, 150-ге жуық би нөмір ұсынды. Қызылжар өңірінің намысын қорғаған топтың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады.
Халық би театрының орта тобы үшін “Dance mania” алғашқы ауқымды байқау. Бишілердің бірі Анастасия Шубина “Космо-дискотека”, “Сыйлық”, “Туған күн” және “Аюлар” биін абыроймен орындап, топ жарғандарын жеткізді. Өнер-сүйер қауымды әртістік, орындау техникасы, қойылымның музыкалық безендірілуі тәнті еткен. “Байқаудан алған әсерім ұшан-теңіз. Қуаныштан көзге жас келіп, бақыттан бас айналғандай болды”, – дейді талантты биші.
“Экспромт” халық би театрына Анастасия Торопова жетекшілік етеді. Қалалық мәдениет бөлімі ұжымға әркез шығармашылық қолдау көрсетеді.
Дина МҰРАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.