Ботагөз Есімхан – “Қуаныш” волейбол командасының ойыншысы. Былтырғы жылдың күз айында өскемендік “Алтайдан” ауысып келген. Теріскейлік команда сапында ойнағанына көп уақыт бола қоймаса да, өзін жақсы жағынан көрсетіп жүр. Ойын өрнегімен ғана емес, сұлулығымен де көрермендерін тамсандырып жүрген спортшымен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ботагөз Бауыржанқызы, жанкүйерлер ойыныңызды көріп жүргенімен өзіңізді аса тани қоймайтыны жасырын емес. Сондықтан алдымен өзіңіз жайлы толығырақ айта кетсеңіз.
– Мен 1997 жылы Павлодар қаласында дүниеге келдім. Кішкентай кезімде отбасыммен бірге қала маңындағы шағын ауылда тұрдық. Мен 5-ші сыныпқа көшкен уақытта қалаға біржола қоныс аударыппыз. Спортқа, соның ішінде волейболға деген қызығушылығым сол кезде пайда болды. Алдымен үйдің ауласында достарыммен “пионербол” деген ойынды ойнайтынмын. Бұл – негізгі ережелері волейболға ұқсас ойын. Айырмашылығы – әуедегі допты ұрып қайтармайсың, қолмен ұстап алып, арғы бетке лақтыру керек. Анам менің осы ойынға деген ептілігімді байқап, волейбол секциясына алып барды. Уақыт өте тынымсыз жаттығудың арқасында тәжірибем шыңдалып, 15-16 жасымнан ірі жарыстарға қатыса бастадым. Менің үлкен спорттағы жетістіктерім де осы кезеңнен басталды десем болады.
– Спорттағы жолыңызға тоқталсақ. Бұған дейін қандай командаларда ойнап үлгердіңіз?
– Алғашында “Ертіс-Қазхром” командасының сапында ойнадым. Бұл клубтың құрамында Ұлттық лигада жүлделі орындар алдық. Тіпті Қазақстан кубогының иегері атанған жайымыз бар. Сол ұжымда жүргенде спорт шебері атағына қол жеткізгенімді айта кеткен жөн. 2017 жылы арнайы шақыртумен өскемендік “Алтай” командасына ауыстым. Осы клуб қатарында ойнап жүрген уақытта бірнеше рет өзімнің туған қалам Павлодарға оралғым келді. Не дегенмен кіндік қаным тамған жер бәрінен де ыстық қой. Бірақ тәжірибе жинау үшін өзге командалардың сапында ойнау мен үшін әрқашан қызық. Мәселен, “Алтай” командасында мықты ойыншылар топтасқан. Соңғы жылдары ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Қазіргі мен ойнап жүрген “Қуаныштың” да деңгейі төмен емес. Өте жас команда ғой. Соған қарамастан өткен жылы Азия чемпионы атанғаны бәріңізге мәлім. Осыдан-ақ бұл команда еліміздің ең үздік клубтарының бірі екенін аңғаруға болады. Мен “Қуаныш” клубына команданың директоры Қайырбек Хамзиннің арнайы шақыртуымен өткен жылы келдім.
– Сіздің ойыңызша, команданың ойынын одан да жақсарту үшін неге басымдық берген дұрыс?
– Жалпы спортта ұсақ-түйек элементтердің барлығын ескеріп, кемшіліктер кездессе, жойып отыру қажет. Волейболда допты ойынға қосу, қарсыластың шабуылына тосқауыл қою аса маңызды. Комбинация жасап үйрену керек. Маған біздің команданың қорғанысы ұнайды. Бұл – біздің басты артықшылығымыз деп білемін.
– Жалпы Қазақстандағы волейболдың деңгейін қалай бағалайсыз?
– Ел чемпионатындағы кез келген команда фавориттерге лайықты қарсылық көрсете алады. Қыздардың бәрі алғашқы минуттан соңғы ысқырыққа дейін жандарын салып ойнайды. Осылай болғаны қызықты. Қиындықпен келген жеңістің дәмі тәтті. Бұл жерде тек физикалық тұрғыда ғана емес, моральдық жағынан да шаршаймыз. Бір турдың ойындары аяқталғаннан кейін тіпті сөйлесуге шама келмей қалады. Қатты қалжырағаныңды сонда бірақ байқайсың.
– Чемпион командадан, яғни “Алтайдан” “Қызылжарға” ауысуыңыздың сыры неде?
– Қазіргі ойнап жүрген командам Қазақстанның чемпионы болғанын қалаймын. Сондай-ақ маусым соңында жеке аталымдар бойынша үздік болып, марапат та алғым келеді. Қазір жасым 25-те. Спорттық мансабымды аяқтауға әлі ерте. Тіпті басымда ондай ой жоқ.
– Өзге елдердің чемпионаттарында ойнау жоспарыңызда жоқ па?
– Шынын айту керек, осы уақытқа дейін бұл туралы ойламаппын. Сіз айтқаннан кейін маған қызық көрініп тұр. Мүмкіндік болса, өзге елде шеберлігімді сынап көрер едім. Бірақ жақсы ойын көрсете алар ма едім деген сұрақ туындайды. Бұл жерде тәжірибе де өте маңызды.
– Футболмен салыстыратын болсақ, балаларын волейболға беретіндер аз. Неге? Жалпы волейболдың өзге спорттардан қандай артықшылықтары бар?
– Бірінші кезекте, бала ұжымда жұмыс істеп үйренеді. Сөйтіп, ортаға бейімделеді. Оның үстіне адам бойында волейбол тез шешім қабылдау дағдысын қалыптастырады. Бұл жерде әрбір секундтың маңызы зор. Оның бәрі адам реакциясының жылдам болуына әсер етеді. Нақты қыздар туралы айтатын болсақ, волейбол – арулар үшін ойлап табылған командалық ойын деп санаймын.
– Команда бапкерінің ер немесе әйел болуы маңызды ма? Сізге кіммен жұмыс істеген қолайлы?
– Волейболшы үшін айырмашылық бар. Ал кез келген бапкер үшін қыздарды жаттықтыру қиын екенін білемін. Мен өзім солай ойлаймын. Ерлерге қарағанда қыздарға қатты ұрыса алмайсың, жылай салуы да мүмкін, сондықтан басқаша әдіс қажет. Жалпы ер маманның ойы ұшқыр келетін сияқты, әйелдердің психологиясын жақсы түсінеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.