«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШІП КЕЛУШІЛЕРГЕ ҮЙ САТЫП АЛУҒА СЕРТИФИКАТ БЕРІЛЕДІ

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапына айтылар алғыс та, сын да көп. Әсіресе “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы аясында көшіп келгендер мемлекет белгілеген кейбір жәрдемді ала алмай отырғаны қынжылтады. Осы бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасына қатысты да шағым бар, кейбірі әлі күнге дейін қаңырап бос тұрғаны белгілі. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің мәселесі де ойландырады. Оқырмандардан түскен сұрақтарға аталмыш басқарманың бас маманы Назерке Тасқұлова жауап берген болатын.

Алмагүл МАНАПҚЫЗы,

Ақжар ауданының

тұрғыны:

– Жыл сайын қаншама адам онлайн оқып, өз кәсібін ашуда. Жалпы бұл бағдарламаға қандай мамандықтар кіреді?

– Мен бас маман болып қызмет етемін, сондықтан кейбір сұрақтар­ды басқарма басшысы Ринат Сер­гейұлына жолдап, жауабын сол кі­сіден алуыма тура келді. Ол 2022 жылы “Skills.enbek.kz” порталында 766 адам онлайн оқытудан өткенді­гін жеткізді. Бұдан бөлек, “Бизнес-Бастау” жобасы бойынша 1738 адам онлайн оқыды. Порталда HR және хатшылық, IT және телеком­муникация, ТКШ және абаттандыру, жеке қызметтер және сервис, мәде­ниет және спорт, маркетинг және БАҚ, мұнай, газ, ресурстарды өнді­ру, білім беру және тәрбиелеу, та­мақтану, өндіріс, ауыл шаруашы­лы­ғы, әлеуметтік қызмет көрсету, құры­лыс және сәулет, сауда және қойма­лау, көлік және логистика, туризм, қаржы және бухгалтерлік есеп, энергетика, құқықтану, қауіпсіздік және ТЖ салалары бойынша қазақ және орыс тілдерінде ақылы және тегін курстар ұсынылады.

Ғайша САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлт­тық жобасының іске асу барысын білгім келеді.

– Басқарма басшылығы берген мәлімет бойынша, Кәсіпкерлікті да­мытудың 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық жобасы шеңберінде халықты жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар іске асырылып жатыр. Жалпы биыл жұмыспен қамту іс-шараларына 3431 адам қатысты, со­ның ішінде 2265 адам немесе 66 пайызы – ауылдық жерлердің тұрғындары. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 946 адам орналастырылды. 2023 жылы жұмыс берушілердің өтінім­дері бойынша жұмыс орындарына 308 адамды қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланған. Қа­зіргі уақытта жұмысшы кадрларды кәсіптік оқытуға 74 адам жіберілді. Биылғы жылы “enbek.kz” платфор­ма­сында сұранысқа ие дағдылар бойынша 208 адам онлайн оқудан өтті. Кәсіпкерлік негіздеріне 553 адам оқытылды. 1694 адамға суб­сидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылды, олар әлеуметтік жұмыс орындарына, “Жастар тә­жірибесіне”, қоғамдық жұмыстарға және “Алғашқы жұмыс орны”, “Күміс жас”, “Ұрпақтар келісімшарты” жоба­лары бойынша жұмысқа орналасты­рылды.

Дарын Қуат,

Шал ақын ауданының

тұрғыны:

– “Алғашқы жұмыс орны”, “Кү­міс жас” және “Ұрпақтар келісімшарты” дегендерді түсіндіріп бе­ріңізші. Бұларға кімдер қатыса алады?

– “Алғашқы жұмыс орны” жо­басына жастар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. Қатысушы­ларға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі және бюджеттен кемін­де 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (103500 теңге) мөлшерінде жалақы субсидияланады. Жобаның мерзімі кемінде 6 айды құрайды.

“Ұрпақтар келісімшарты” жоба­сы­на соңғы 2 жыл ішінде оқуын аяқта­ған түлектер қатыса алады. Қаты­сушыларға жұмысқа орналасуға қол­дау көрсетіледі және бюджеттен ке­мінде 30 АЕК (103500 теңге) кө­лемінде жалақы субсидия­ланады. Жобаның ұзақтығы кемінде 18 айды құ­райды.

“Күміс жас” жобасы 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарға арналған, жұмыс берушіге бюджеттен 30 АЕК (103500 теңге) аспайтын мөлшерде, мәсе­лен, қатысудың бірінші жылы жала­қы мөлшерінің 70 пайызы, екінші жылы жалақы мөлшерінің 65 пайызы, үшінші жылы жалақы мөлшерінің 60 пайызы субсидияланады.

Жобаларға қатысу үшін жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады немесе “Электрондық еңбек биржасы” порталындағы “жеке кабинет” арқылы жобаға қатысуға өтінім бере алады.

Саят ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Мағжан Жұмабаев

ауданының тұрғыны:

– Үстіміздегі жылы “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы қолға алынғаны бел­гілі. Осы жоба бойынша 2023 жылы қанша отбасын көшіріп алу жоспарда бар? Оларға берілетін үйлер дайын ба?

– 2023 жылы “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы бойынша оңтүстік, батыс өңірлерден 2660 қоныс аударушы мен шетелден 138 қандасты қабылдау жос­парланған. 2023 жылдың 27 нау­рызына дейін 202 қоныс аударушы мен 28 қандас квотаға енгізілді.

2023 жылдан бастап қоныс аударушыларға тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға тұрғын үй құнының 50 пайызы көлемінде, алайда 4 млн. теңгеден аспайтын со­мада экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Демек, баспана таңдау құқығы өздерінде.

Сапарғали ӘУБӘКІРОВ,

Айыртау ауданының

тұрғыны:

– Өңірге көшіп келушілердің біразы қолайсыз ауа райынан емес, салынған үйдің сапасыздығынан кері көшіп жатқаны өтірік емес. Жалпы “Еңбек” бағдарламасы басталғаннан бері қанша отбасы көшіп келді, қаншасы көшіп кетті? Көшіп кеткендер берілген бірреттік көмекті қайтара ма?

– Көшіп келген азаматтардың кейбіреулері келген өңірлеріне қайтадан оралғаны рас. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында тұр­ғы­зылған үйлердің салынуы мен са­пасына облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлім­дері жауапты. Жалпы “Еңбек” бағдарламасы бойынша 2016 жылдан бастап облыс аумағына 12 мыңнан астам адам көшіп келді. 2022 жыл­дан бері көші-қон “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Ұлттық жоба аясында жұмыс күші мол өңірлерден ерікті түрде қоныс аударушыларға:

1) көшуге материалдық көмек беру;

2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу;

3) қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқамерзімді кәсіптік курстарға жіберу;

4) жаңа тұрғылықты жерінде жұ­мысқа орналасуға және кәсіпкер­лікті дамытуға жәрдемдесу сияқты мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Көшуге материалдық көмек бір рет, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (2023 жылы – 241500 теңге), тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қыз­меттерді төлеу бойынша шығын­дарды өтеуге материалдық көмек ай сайын, отбасы құрамы мен қоныс­тандыру орнына байланысты алты айдан аспайтын мерзімге 15-30 АЕК мөлшерінде (51750 – 103500 теңге) төленеді.

Сонымен қатар 2023 жылдан бастап қоныс аударушыларға тұр­ғын үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдала­нуға экономикалық ұтқырлық серти­фикаты ұсынылатынын жоғарыда айттым.

Өңіраралық қоныс аударуға қатысу үшін тұрғылықты мекені бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгініп, “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасының қатысушыларының құрамына енгізу туралы өтінішін берулері қажет.

Өңірлік квотаға енгізу үшін әуелі қоныс аударушының және оның от­басы мүшелерінің жеке басын куә­ландыратын құжаттардың көшірмелері, неке немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі, білімін, бі­ліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін рас­тай­тын құжаттардың не еңбек кітапшасының көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама сынды құжаттардың тізімі керек. Сонымен қатар өтініш беру кезінде жоба қатысушысында өзі тұрып жатқан өңі­рінде кем дегенде 1 жыл тұрақты тір­кеуі болу қажет.

Кейін жұмыспен қамту орталы­ғымен мемлекеттік қолдау көрсету бойынша әлеуметтік келісімшарт (әлеуметтік келісімшарт мерзімі – 5 жыл) жасалады. Егер де әлеуметтік шарттың ережелерін бұзған жағдай­да мемлекет тарпынан төленген субсидия көлемін қайтару қажет болады.

Сабыр Өнеге,

Ғабит Мүсірепов атындағы

ауданның тұрғыны:

– Солтүстікке көшіп келген­дердің ішінде қандай санаттағы адамдар көп? Жас ерекшеліктері қалай?

– Қоныс аударушыларды қабылдау бойынша жұмыс 2016 жылдан бастап жүргізілуде. Осы уақыт аралығында 12 мыңнан астам адам жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келгенін айттым. Көшіп келушілердің ішінде 30-45 жас аралығындағы азаматтар көбірек, сонымен қатар 18-29 жастағылар да аз емес. Егде жастағылардың саны аз.

Әйгерім ТектібаЕВА,

Тимириязев ауданының

тұрғыны:

– Шетелден көшіп келіп жат­қандардың көбі теріскейде тіл мәселесінен қиналатыны анық. Бұл жағынан қандай көмек бере аласыздар?

– Шетелден көшіп келетін этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасына көшіп келгеннен соң қан­дас мәртебесін алу, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, азаматтық алу мүмкіндігі беріледі. Көшіп келген этникалық қа­зақтарға қажет болған жағдайда қазақ және орыс тілдерін үйрету үшін курстар ұйымдастырылады.

Мырзабек ӘЛІМБЕКОВ,

Мамлют ауданының

тұрғыны:

– Кей ауыл-аудандарда қоныс аударушыларға лайықты жұмыс жоқ. Өз кәсібін бастауға мүмкіндік бомаған соң, кері көшуге мәжбүр. Жалпы қоныс аударушылар Үкі­мет­тің қаржысына ғана қарап отыра алмайды ғой. Кәсіп ашқы­лары келеді. “Жығылғанға жұды­рық” дегендей, биыл облыс бойынша мемлекеттік грант та аз бөлінді. Бұған не себеп?

– Қаңтар айының 15-не дейін қандастар мен қоныс аударушы­ларды қоныстандыратын елді ме­кендер тізімі бекітіледі. Соған сай қан­дастар мен қоныс аударушылар әлеуеті зор елді мекендерге көшіріледі.

2022 жылы грант өтініш білдірген барлық азаматтарға берілді. Жаңа бизнес жоспарларды жүзеге асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі – 400 АЕК (1225200 теңге). 2023 жылы гранттар тек ха­лықтың осал топтарына жататын азамат­тарға ғана беріледі, соның ішінде қандастар мен қоныс аудару­шылар да бар. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайызбен микрокредит беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Осылайша 2023 жылы 130 адамға жылдық 2,5 пайызбен микрокредит беру үшін 650 млн. теңге қарастырылған.

Гүлзипаш Мұқият,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Мемлекеттік атаулы әлеу­мет­тік көмек пен тұрғын үй көме­гін алудың шарттары қандай? Об­лысымызда қанша адам осындай көмек түрлеріне ие болды?

–Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғын үйі бар аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушыларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға, оның ішінде кондоминиум объек­тісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған шығыстарына, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон­ға абоненттік төлемақы үшін, жер­гiлiктi атқарушы органның жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұр­ғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге бе­ріледі.

Көмек ағымдағы тоқсанға бекі­тілген нормалар шегінде тағайын­да­лады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде азаматтың немесе отбасының жергілікті өкілді органдар бе­кітетін шекті жол берілетін шығыс­тарының үлесі ескеріледі.

Облыс аудандарында шекті жол берілетін шығыстар үлесінің мөлше­рі 10 пайызды, Петропавл қаласында 7 пайызды құрайды. 2022 жылы осы көмек түрімен 275 отбасы (374 адам) қамтылды, көмек сомасы 5,0 млн. теңгені құрады. Биыл осы мақ­саттарға 23,7 млн. теңге сомасында қаражат көзделген, жыл басынан бері 202 отбасына (307 адам) 1,8 млн. теңге сомасында көмек көрсе­тілді.

Сырбай БайтұрғанОВ,

Жамбыл ауданының

тұрғыны:

– Әлеуметтік осал топтағы аза­маттарды қолдау үшін қандай жұ­мыстар атқарылуда?

– Атаулы әлеуметтік көмек алуға жан басына шаққандағы табысы ке­дейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, қан­дастар, босқындар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар құ­қылы.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орта­ша табысы кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасына жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық түрінде беріледі. 2023 жылғы 1 тоқсандағы жағдай бойынша облыста ең төменгі күнкөріс деңгейі – 44847 теңге, кедейлік шегі (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы) 31393 теңгені құрайды.

Атаулы әлеуметтік көмек екі түр­ге бөлінеді: отбасының құрамына бай­ланысты шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға көрсетіледі неме­се отбасының жалғыз еңбекке қабілетті мүшесінің объективті себеп­термен жұмысқа орналасуға мүм­кіндігі болмаса, 3 жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар баланы және т.б. күтуді жүзеге асырса бері­леді. Шартты ақшалай көмек құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға міндетті түрде әлеуметтік келісімшарт жаса­су және орындау шартын қоя оты­рып көрсетіледі.

Жыл басынан бері 188,6 млн. теңге сомасындағы төлем түрі 1116 отбасына (4951 адам) тағайын­далды.

Үмбетей Бектай,

Тайынша ауданының

тұрғыны:

– Біздің осында көшіп келгені­мізге 2 жыл болды. Отырған үйіміздің құжаты әлі дайын емес. Құжатта “қоныс аударушылар мен қандастар үшiн тұрғын үй құрылы­сы қанатқақты режімде жүзеге асырылуда, жалға берiлiп, кейiннен сатып алу мүмкiндiгi пайда болады” делінген. Үйді бес жылдан кейін сатып аламыз ба, әлде тегін беріле ме?

– “Еңбек” бағдарламасы аясын­да салынған үйге ие болу үшін от­басылар, ең алдымен, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың квотасына енгізіледі. Бағдар­лама аясында үш жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады (бағдарлама қатысушысы, халықты жұмыспен қамту орталығы және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы бөлімі). Бас­тапқы 5 жыл бойы бағдарламаға қатысушы тұрғын үйді жалдау үшін 10-15 мың теңгеден төлейді. 5 жыл мерзім өткеннен соң қалдыққұнын төлеп, атына түсіреді немесе ары қарай ай сайынғы төлем жасап тұра береді. Жалпы тұрғын үйді 5 жыл мерзімнен кейін жекешелендіру мүм­кіндігі болмаса, тұрғын үйдің жалдау төлемін 15 жыл бойы біркелкі сомада төлейді.

Алма Сембай,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Мен 5 миллион теңгелік грант немесе өсімі төмен несие ре­сімдеп, кәсібімді кеңейткім келе­ді. Ол үшін не істеуім керек?

– Басқарма басшылығының мә­ліметінше, биыл Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде өтеусіз және қайтарымсыз негізде 1380000 теңгеге дейінгі мөлшерде гранттар беріледі. Гранттар халық­тың әлеуметтік осал топтары қата­рындағы жұмыссыздар немесе атаулы әлеу­меттік көмек алушылар, көпбалалы және жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұ­байы үшін көзделген.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту үшін жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беріледі. Үміткерлерге микрокредиттер мерзімділік, ақылы­лық, қайтарымдылық, қамтамасыз ету, нысаналы пайдалану қағидат­тарын сақтай отырып, 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласын­дағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзіммен беріледі, микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге. Микрокредит беру үшін үміткердің жасы құжаттарды тапсыру сәтінде ескеріледі. Жоғарыда аталған шараларға қатысу үшін “Business.enbek.kz” порталына он­лайн режімде кіру, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет.

Дайындаған

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp