«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫҢ СӨНГЕН ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асыл досым, ол кезде сен отыз­да ғана едің. Үлкен көздеріңнен мейірім төгіліп тұратын. Пединсти­туттың қыздары тегіс саған ғашық еді. Физматтың екі курсын бітір­ген­нен кейін денсаулығыңа байла­нысты академиялық демалысқа шығып, жаз бойы Қостанайдың қа­сындағы санаторийде ем-дом алып, келе редакцияға жұмысқа орна­ласқаның кешегідей сөз алдымда. Қаламың әжептәуір төселіп қалған еді, бірақ соңыңнан қалмаған сырқат қанатыңды жайғызбады-ау.

1967 жылдың мамыр айы. Сені қатты ауырып қалды деп естігесін жолға шықтым. Петропавл – Ишим автобусы тақтайдай тегіс жолмен жүйіткіп келеді. Казанкаға келіп қал­дық. Өткен қыста отбасымызбен қо­нақта болғандықтан үйлеріңнің қай­да екені есімде. Бірақ есікте құлып тұр. Көршілерден сұрасақ, “Төлеген ауруханада жатыр”, – деген жауап алдық. Ал Зина жаңа босанғандық­тан әлі перзентханадан шықпапты.

Алдымен Зинаға бардық. Ішке кіргізбеді, терезеден сөйлестік. Зина бұрынғысынан да ажарланып кетіпті.

– Сүйінші! Ер бала туды, – деді. Сенің тізгін ұстар ұл күтіп жүргеніңді білемін ғой. Қатты қуандым. Бірақ өзің балаңды ұстап тұрып, қуана ал­ма­ғаның өкінішті. Себебі дәрігерлер сәбиге туберкулез жұқтырғың келме­се, қырық күн жанына жоламауыңды өтінген екен.

Сен жатқан ауруханаға бет ал­дым. Түс кезі болатын. Әжептәуір жүдеген екенсің, бірақ ажарың ашық, көзің нұр шашып тұрды. Екеуіміз Есілдің жағасына бардық. Аздап жүргенен кейін сені шаршатып ала­мын ба деп, жасыл кілемге малдас құрып отырған едік. Кейін дәрігерден сұранып, апа-жездеңнің үйіне тарттық. Оларды соңғы рет көргеніме де 14 жыл болған екен. Мәруар құшақ­тап бетімнен сүйді, Сәлімбай да ба­уырына басып жатыр.

– Қымыз ішіңдер, – деп Мәруар үлкен кесені ұсынды. Баяғыда Есілдің арғы бетінде пішен шапқанда мес-мес балдай тәтті сары қымыз ішіп рақаттанатынбыз. Мынау дәл сондай қымыз екен! Бір кезде жаңа сүрленген еттің исі де мұрынға келді.

Төсекті қатар салыпты. Сен біраз үндемей жаттың. Бір кезде:

– Досым, тағы бір күнге қалшы. Саған айтатын сөзім бар еді, – дедің. Мен келістім.

Таңғы шайдан кейін үй иелері қысқа отын дайындаймыз деп кетіп қалды. Үйде еркін отырып, асықпай-саспай әңгімелесуге таптырмас мүм­кіндік. Мен қыз балалы болғанымды, есімін сенің қызың Әсияға ұқсасын деп Әлия деп қойғанымды айттым. Соңғы жылдары біраз өлең жазып­сың, соларды оқыдың. Маған өзгеше ұнағаны – Абайдың “Сегіз аяғына” еліктеп жазғандарың. Бір кітапқа жүк болғандай-ақ дүниең бар екен.

Ана-мына әңгімемен отырып, уа­қыттың қалай өткенін сезбей қалып­пыз. Күннің ыстығы әлі қайта қой­маған, бірақ баяу жел бар, оны ағаш­тың жапырақтарының сыбдырынан білуге болады.

– Досым, сені әдейі алып қалға­ным, айтарым көп. Саған айтпай кім­ге айтайын? Зина әлі 25-ке де толған жоқ. Біреудің етегінен ұстай­ды ғой, ал ол адам менің балала­рыма әке бо­ла ала ма? Әсия қыз бала ғой, анасы тәрбиелер, ал мына жаңа туған ұл­дың келешегі не болар екен? – деп те­рең күрсіндің. – Сен қы­зыңның есімін Әлия деп қойыпсың, ендігі кезек менікі. Достығымыздың жалғасы бол­сын, мен баламның атын сенің Әс­керіңе ұқсатып Асқар деп қояйын. Кө­зіңнің қырын сала жүрерсің.

Мен уәде беруге ыңғайландым да кілт тоқтай қалдым, өйткені әң­гімеміз қоштасуға ұқсап бара жатқан сияқты ма қалай?

– Төлеген, сен ауруға берілме, күресіңді тоқтатпа. Әлі талай қа­уышамыз, өсиетіңді сонда айтарсың, – деп сөзіңді бөліп жіберген едім.

Ертеңіне шай ішкеннен кейін мен жолға шықтым. Ұзақ құшақтасып қош­тастық. Бұл – соңғы кездесуіміз бо­латын. Көп ұзамай мәңгі мекеніңе аттанып кете бардың.

1968 жылдың жазы. Зинадан хабар келді. Менің келіп-кетуімді өтініпті. Жайдан-жай шақыртпайды ғой, маңызды мәселе екені анық. Тез жеттім. Екі баламен күнелту, әрине оңай болмаса керек, ауылға көшіп кетіпті. Ескі үй, қора-қопсысы аңғал-саңғал. Асқар тәй-тәй басып, есік алдында Әсиямен ойнап жүр. Сүйсі­ніп біраз қарап тұрдым. Асқардан саған ұқсастық көрдім, өсе келе дәл өзіңдей азамат болады-ау деп ой­ладым. Зина мені көріп, мойнымнан құшақтап, еңіреп жылап жіберді.

– Не істерімді білмеймін. Жездем “маған тұрмысқа шық” дейді. Әкем­дей болған кісіге қалай әйел бо­ла­мын? Мәруар апам болса жөнді еш­теңе айтпайды, жылай береді. Мен оны түсінемін, аяймын. Не істе­йін? Сен қалай айтсаң, соған көне­мін, – деді.

Шиеттей екі баламен жалғыз тұра алмайтыны түсінікті. Бірақ мына жағдай маған тосын оқиға болды. Есімнен тандырды десе де болады. Не айтарымды білмей, тосылып қалдым.

– Төлегеннің апа-жездесімен сөй­лесейін. Балаларды жетімсіретпейін дегендері шығар. Жағдайды анық­тайын, – дедім.

Сәлімбай мен Мәруардың шаңы­рағы бұл өңірде іргелі, бақуатты саналатын. Жастайынан бірін-бірі ұнатып, ширек ғасыр тату-тәтті тұрса да, көңілдерінен еш кетпейтін бір кір­бің бар. Орталарында бала жоқ.

Зинаның таңғы шайына қарамай, Сәлімбайдікіне келдім. Сәкең бұ­рынғыдай жылы амандасты. Мәруар мойнымнан құшақтап, өксіп жылады. Көп созбай негізгі әңгімеге көштік.

– Осы жасқа келгенде жас әйел аламын деп құлшынып тұрған мен жоқ. Төлегеннің балаларының келе­шегі алаңдатады. Басқа біреуге тұрм­ысқа шықса, баладан айыры­лып қалып, Төлегеннің аты жойылып кете ме деп қорқамын. Сен осыны Зинаға түсіндір, сені тыңдайтын кө­рінеді, – деді ол. Ол кісінің айтқа­нының да жөні бар. Соңғы сөзді Мәруар айтты:

– Сәлімбайдың айтқанына көн­бесе, Асқарды жетімсіретпесін. Мек­тепті бітіргенше біздің қолымызда қалдырсын, аналық мейірімімді ая­маймын, қыршыннан кеткен Төлеге­німнің көзіндей көремін.

Зинаға апа-жездесімен болған әңгімені түгел айтып бердім. Ақылды әйел ғой, мұқият тыңдады. Шешімді өзі қабылдайтын болып келістік.

1969 жылдың қысы өте қытымыр болды. Үй, балабақша, институт ара­сында жан ұшырып жүргенмін. Бір күні декан мені ректорға апарды. Бес-алты кісі жиналған екен. Сол кездегі институттың ректоры Қанаш Шәкеновтің қасында орта жастан ас­қан, қасқа бас, көзілдірікті біреу отыр. Облыстық оқу бөлімінің бастығы Виталий Иванович Сакун екенін кейін білдім. Сөзді сол кісі бастады.

– Шерияздан Ғаббасұлы, инсти­тутта жақсы білім алдыңыз. Енді сол білімді халыққа жеткізіңіз. Әскерде партияға алған екен. Одан бұрын мұ­ғалім болыпсыз, жастар ұйымын бас­қарыпсыз. Өндірісте жұмыс істепсіз. Басқарушылық қабілетіңіз бар екен. Біз сізді ауылдық жердегі онжылдық мектептің директорлы­ғына ұсынбақ­пыз. Бұрын-соңды институт­ты жаңа бітірген адамға мұндай ұсыныс жа­салған емес. Осы іске сізді лайық деп отырмыз, – деп тоқтады.

Мен не дерімді білмей қалдым. Аздап ойланып барып былай дедім:

– Мені жоғары бағалағандары­ңызға шын жүректен рақмет айта­мын. Бірақ менің ойым басқаша еді. Осында үйіміз, екі баламыз бар. Әйелім жұмыс істейді. Қалада да менің мамандығым бойынша сұра­ныс жоғары. Осында қалсам…

Сөзге манадан үндемей тыңдап отырған Қанаш Шәкенұлы қосылды. Оның сөзінде ағалық қамқорлық бар еді. “Ойланайын. Әйеліммен ақыл­дасайын. Жауабын ертең берейін”, – дедім. Үйде қабырғаммен ақылда­сып, ауылға баратын болып шештік.

Төлеген, сенің елің – Балуан еді ғой. Дәм тартып, ағайындарыңның ортасына түстім. Жақсы адамдар екен. Қазақтар Семиполканы ол кезде Қоскөл дейтін, ол – кеңшардың орталығы, ал Балуан – бір бөлімшесі болатын.

Бірде қалада тұратын Бәзем апаң қонаққа шақырды. Зина сонда екен, жанында бір бөтен жігіт жүр. Зина құшақтап, бетімнен сүйді. Әйе­лім Мәрияммен де солай аман­дасты. Ал бөтен жігіт солғын ғана бас изеді. Ұзын құлақтан Зинаның тұр­мысқа шыққанын, ал Асқардың Мәр­уарда қалғанын естігенмін. Мына жігіт сол жолдасы екен. Ортаға ас келді. Етті турап, ауыз тигеніміз сол еді әлгі тұрып, далаға шығып кетті. Аң-таңбыз. Қазақ дәм қайырмай дастарқаннан тұрмайтын әдет бар ғой. “Шылым шегуге кетті ғой”, – деді Зина төмен қарап. Бір кезде қайта оралды. Тілек кезегі келді. Қазақша жөнді сөйлей алмайды екен. Жалпы мінез-құлқына да кө­ңілім толмады. Бұл оны бірінші және соңғы көруім еді.

Жазғы каникулда Асқар Бәзем­дікіне келгенде негізінен біздің үйде болатын. Кейде Әсия қосылатын. Ба­лалар киноға, саябаққа барып, көңіл көтеретін. Сол кездің куәсі – аль­бомдағы фотолар.

Төлеген досым, Асқар өскен кезде сенен аумай қалды. Соңғы кез­дескенде біраз әңгімелестік. Келе­шекке құрған жоспарын сұрадым.

– Алла жазса, келер жылы инс­титутты бітіремін. Жұмысқа орна­ласып, үйленемін, әкемнің құлаған шаңырағын көтеремін, – деді. Менің естиін дегенім осы еді ғой! “Мұратың асыл, ниетің қабыл болсын”, – деп бауырыма бастым.

Сәлімбай мен Мәруар сенің ал­дыңдағы борыштарын толығымен орын­дады. Асқарға жақсы тәрбие беріп, ауылдың оқыған қызына үй­лендіріп, дүркіретіп той жасады.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке де жет­тік. Алғашқы жылдары, әрине ауыр тигені рас. Бірақ көппен көрген ұлы той деп сабырлық сақтадық. Біртін­деп елдің еңсесі тіктеле бастады.

Жақсылық пен жамандық, қуа­ныш пен қайғы қатар жүреді ғой. Бұл – өмір заңы. 1992 жылдың 25 мамыры күні қаралы хабар алдым. Асқар көлік апатынан қайтыс бо­лыпты. Суыт хабар жүрегімді тіліп өтті. Қабырғам қайысты. Бірақ Ал­ланың ісіне қарсы еш шара жоқ.

Шіркін, дүние-ай! Өзің төсек тартып жатсаң да балаңды туберку­лезден сақтаймын деп қырық күн үйіңнен безіп кетіп едің ғой. Бұл жолы жол апатынан оны ешкім сақтай алмады! Шаңырағыңның шыны­менен құлағаны ма, досым?

Жоқ. Үміт бар екен. Жаназада Асқардың артында үш айлық ер бала қалғанын білдім. Аты – Асхат. Енді сол сәбидің тілеуін тілей бастадым.

Бірде Алматыдағы туыстарға бардым. Біздің келгенімізді естіп, Әсия үйіне қонаққа шақырды. Ав­тобуспен бардық. Үйді таба алмай әрі-бері жүріп қалдық. Бір кезде ұзын бойлы түрі таныс бір әйел қол бұлғайды. Жақындасақ Зина. Жүдеу сияқты, сырқат екені көрініп тұр. Құшақтасып жатырмыз.

– Қыз-күйеудікіне қонаққа келге­німе көп болған жоқ. Сендерді мында кездестіремін деп ойламап едім. Аман-саусыңдар ма? – деп үйге бас­тап кірді. Күн демалыс. Бәрі үйде. Осыдан 5-6 жыл бұрын жолыққанда балалар әлі кішкентай еді, өсіп қалыпты.

– Балалар, бүгін сендерді көріп, Төлеген досыммен қауышқандай болып отырмын. Аруағы қабірде бір аунаған шығар. Аталарың бұл дү­ниеден өте жас өтті, сендер ғұ­мыр­лы-бақытты болыңдар! Аталарың жасамаған жасты жасаңдар, көрме­ген қызықты сендер көріңдер! – деп батамды бердім.

Зина бірге өткізген жағдайларды еске алды. Өзінің сырқат екенін айт­ты. Бұл оны соңғы көргеніміз болды.

Сол жиында Асхат Көкшетау­дағы А.Мырзахметов атындағы уни­верситетте оқитынын естідім. Оны­мен кездесуді бір сәт те естен шы­ғарған жоқпын, тек түрлі себеп­термен созылыңқырап кетті. 2018 жылы телефон арқылы сөйлестім. Қазіргі жастардың көбі қазақшаға шорқақ қой. Ал Асхат судай ағып тұр екен, қатты қуанып қалдым. Төлеген, немереңнің дауысы саған ұқсайтын сияқты ма қалай?

2019 жылғы қыс айларының соңында ұлым Әскер мені Алматы жақ­тағы Коновалов клиникасына кө­зіме ота жасатуға апарған. Ота сәтті өтті. Қайтарда Астанада бір-екі күн аялдауға келіскенбіз. Келінім ас жа­сап, Астанадағы туыс-туғанды тү­гел жинапты. Асхатты да шақырған екен. Келді. Сымбатты жігіт болып ер­же­тіпті. Түрі де сенен аумай қалған. Қа­зақи тәр­бие алғаны көрініп тұр. Сөзі орнық­ты. Бірден бәрімізге ұнады.

Ендігі ойым үйге шақырып, өз балаларыммен, немерелеріммен жа­қындастыру, оның отбасымен таны­су болатын. Алайда пандемия бұл жоспарға кедергі болды. Тек 2021 жылы ғана қайта жүздестік. Асхат­тың үйіне өзім бардым. Келіннің аты – Алуа. Балалары – Айтемір жеті жас­та, Айрис бесте екен. Айтемір “Ассалаумағалейкум”, – деп қол бе­ріп, мұсылманша амандасты. Кет­кен­ше жанымнан бір елі кетпеді. Бір­неше күн жатып, қонақ болыңыз де­ген­деріне рақмет. Бірақ Қызылжарға билет алып қойған едік. Ниеттеріне рақмет айтып, қоштастық.

Төлеген, сен жаққан шырақ әлі сөнген жоқ, шаңырағың да орнында.

Шериаздан ҒАББАСҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp