«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТПЕН САНАСПАЙТЫН МАМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адал еңбек – адамның қанаты” деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырғандардың бірі – Асылтас Қабөшева. Оның облыс орталығындағы “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында еңбек етіп келе жатқанына 33 жыл. Кейіпкеріміз мектепті бітіргеннен кейін зоотехник мамандығы бойынша білім алған. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында зауытқа жұмысқа орналасыпты.

“Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жастардың дені зауыттарда еңбек етуге ұмтылды ғой. Мен де солардың қатарына қосылдым. Жаңа кәсіпке бейімделіп, заман талабына сай біліктілікті арттыру жолдарынан өтіп, осы жерде тұрақтап қалдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Басшылық тарапынан қандай тапсырма берілсе де жанымды салып, уақытпен санаспай атқаруға тырысамын, – дейді Асылтас Назарқызы.

Асылтас Қабөшева 2-ші санаттағы таңбалаушы, оның міндетіне шағын детальдарды жасап шығару кіреді. Темір жол, жылу тарату желілері, тіпті жеңіл көліктердің қосалқы бөлшектеріне керекті заттарды жасайды. Тапсырыс көбейген кезде зауыт мамандары күн-түн демей еңбек етеді екен. Еңбекақы атқарған жұмыстарына байланысты төленеді.

“Жұмыс орным екінші үйім секілді. Әріптестерімді де туған бауырымдай жақсы көремін. Жас мамандарға өз тәжірибемді үйретуден жалыққан емеспін. Зауытқа келіп, барлық ауыр-жеңіл жұмысты лезде игеріп әкеткен жандарды көргенде қуанамын. Өйткені кез келген мекеменің жаны – білікті, білімді, еңбекқор кадр”, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp