Балалар – еліміздің ертеңі. Олардың білімді, жан-жақты болып жетілулері үшін кітапты көп оқып, өз бетінше ізденгендері маңызды. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен кітап апталығында оқуға құштар өрендер марапатталды. Апталықтың тақырыбы “Туған күніңмен, кітап” деп аталды.
Жиынның шымылдығы «Алуа» халықтық би ансамблі мүшелерінің биімен ашылды. Кейін балалар жазушысы Ольга Хухлова тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін шағын әңгімелер жазу сырларымен бөлісті. Мерекеге кітапхананың ең белсенді, тұрақты оқырмандары арнайы шақырылып, оларға Алғыс хаттар және сыйлықтар берілді.
– Мәдениет ордасына екі жасынан бастап келетін сәбилер бар. Олардың ата-аналарына ерекше алғыс айтқымыз келеді. Жасынан кітап оқуға дағдыланған бала өскенде өзінің өмірлік жолын адаспай табады емес пе? Бүгінгі шараға Қызылжар ауданындағы Якорь мектебінің, қаладағы білім ордаларының оқушылары келді. Кітапхана қорында 200 мыңнан астам кітап бар. Олардың дені балаларға арналған, – деді кітапханашы Гүлжауһар Жақан.
Балалар ертегі кейіпкерлері Хоттабыч пен зұлым Дефтің әзілге толы қойылымдарын ықыласпен тамашалады. Олар балаларға жақсылық пен жамандықтың айырмашылығын түсіндірді. Балалар кітап кейіпкерлерімен бірге ұяшықтарда жасырылған жұмбақтарды шешті.
Айнұр АЗБЕК,
М. Қозыбаев атындағы
СҚУ-дың студенті.