«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елжанды болуымыз керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ортақ отанымыз, қастерлі қарашаңырағымыз – Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігіне көптеген әлем елдерінің қызыға да қызғана қарайтыны жалған емес. Өйткені еліміз тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап, татулық пен бірлікті ту етіп келеді. Еліміздегі ынтымақ пен тыныштық экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың кепілі екенін Қазақстанды мекендеген жүзден астам этнос өкілдері айқын сезініп отыр. Солардың қатарында әзірбайжандар да бар.

Өткен тарихқа көз жіберсек, қа­зақ халқы сияқты әзірбайжандар­дың да небір қиындықты, талай те­перішті бастан өткергенін аңғара­мыз. Басқасын былай қойғанда, тек 1937 жылдың өзінде Әзірбайжанда мыңдаған кінәсіз адам атылған екен. Шыны керек, сол ауыр жыл­дары қонақжай қазақ халқының қа­йы­рымдылығының арқасында он мыңдаған адам тірі қалды. Қазақ халқы бір тілім нанын бөліп бе­ріп, төрлерінен орын ұсынды. Сондық­тан да болар әзірбайжандар кеңпейіл, қонақжай қазақ халқының бұл жақсылығын отбасында, түрлі қоғамдық орталарда үлгі етіп айтып отырады.

Соғыстан кейінгі халық шаруашы­лы­ғын қалпына келтіру, тың иге­ру жылдарында да әзірбайжандар қазақ жеріне көптеп келді. Олар өмірдің алуан саласында Қазақстан­ды мекендеген басқа да ұлттар­мен, соның ішінде, мемлекет құрау­шы – бауырмал қазақтармен қоян-қол­тық еңбек етіп, біте қайнасып кетті. Көптеген әзірбайжан осы жер­ұйық мекенде тұрақтап қалып, та­мы­рын тереңге жайды десем артық болмас. Қазақтан қыз алып, қыз берісіп, құдандалы болып кет­кендері қаншама.

Әңгімемізді әріден қозғасақ, екі халықтың тілінде, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, мәдениетінде, дінін­де ұқсастық бар. Сол ұқсастықтар екі ұлттың арасын жақындастырып, достық байланысты берік етуде. Біз оның игілігін күн сайын сезінудеміз.

1995 жылы 1 наурызда респуб­ли­ка­дағы ұлтаралық татулық пен тұ­рақтылықты реттеуді көздеген Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы құрылғаны белгілі. Оның жаны­нан алғашқылардың бірі болып “Әзір­байжан мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігі ашылды. Бүгін­де аталмыш ұйымның өңіріміздегі филиалына 14 адам мүше. Біз байтақ Қазақстанымыздың дамуына, гүл­денуіне, тәуелсіз, экономикасы мығым ел ретінде әлемге танылуына қанатымен су сепкен қарлығаштай болсын жәрдемдескіміз келеді. Балаларымызды қазақстандық пат­риотизм рухында тәрбиелеуге баса мән береміз.

Бірлестік өкілдері облысымызға қарасты аудандарда, Петропавл қа­ласында өтетін шаралардан қалыс қалмайды. Жыл сайын дәстүрлі түр­де әзірбайжан ұлттық мәдениетінің фестивалін ұйымдастырамыз. Өткен жылы араға бірнеше жылдар са­лып қайта оралған 25 қазан – Рес­публика күнін ерекше дайындықпен атап өттік. Оның аясында ұйым­дастырылған шараларда Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-бай­тақ даламызды ән мен жырға қосып, осынау бірлігі жарасқан, бе­рекесі тасыған елде өмір сүріп жат­қанымызды мақтаныш еттік.

Коронавирустық пандемия ке­зінде қоғамдық бірлестік белсенді­лері медицина қызметкерлерін қол­дау шараларына бірнеше рет қатысты. Қолдауға мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облысында екі мыңға жуық әзірбайжан тұрады. Біз мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Балаларымыздың қазақ тілін жетік меңгеруі үшін барлық жағдайды жасап бағудамыз.

Биыл 211 өрен білім алып жат­қан №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені базасында ұлттық бөлімдердің жұмыс істей бастағанына 25 жыл толады. Білім ордасының есігі қаланың әртүрлі мектептерінің оқушыларына, қазақтың тілі мен мәде­ниетін үйренгісі келетін студенттер­ге әрдайым ашық. Бұл білім оша­ғына біз де жиі бас сұғамыз.

Әзірбайжандар да қазақтар сияқты қонақжай халық. Жалпы, әзірбайжан халқы мерекелік дас­тар­қанға ерекше мән береді. Мереке күн­дері біз туған-туыстарымызды, көр­ші-қолаңды аралап, мейраммен құт­тықтаймыз, тәттілерден ауыз тие­міз. Петропавлда тұрып жатқан әзір­байжандардың дені – кәсіпкерлер. Олар қасиетті Рамазан айында имандылық ордаларында ауыза­шар беруді дәстүрге айналдырған. Тілі мен түрі бөлек адамдар жи­налатын дастарқанда елдің бірлігін нығайту, татулығын сақтау мәселесі жиі сөз болады.

Қазақстан халқының бірлігін нығайтуда облыс орталығындағы және ауылдардағы этно-мәдени ор­талықтар маңызды рөл атқаруда. Бү­гінде облыс аудандарында, елді ме­кендерде 183 этно-мәдени бірлестік жұмыс істеуде. Біз Айыртаудағы – “Озан”, Мамлютка қаласындағы – “Шаттық” және “Келісім”, Тимирязев ауданындағы – “Ясемен” ұйымда­рымен тығыз байланыс орнатқанбыз.

Қазақта: “Бірлігі күштіні жау ал­майды”, – деген қанатты сөз бар. Ха­лықтың тыныштығы мен татулығын көздің қарашығындай сақтаған ел­дің еңсесі әрдайым биік болатынын күн өткен сайын аңғарып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Пар­ламенттің бірінші сессиясында сөй­леген сөзінде: “Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жаса­латын шаруа емес. Баршамыз та­бан­ды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәр­тіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн”, – деп атап көр­сетті. Өте орынды айтылған. Қазақ­тың жерінде тірлік кешіп, ұлы мен қызының қызығына кенеліп отырған әрбір этнос өкілі елжанды болуы керек. Сонда ғана заманның қиын шағында ата-бабаларымызды ала­пат аштықтан аман алып қалған қа­зақ халқының алдындағы парызы­мызды өтегендей боламыз.

Шыңғыс КУРБАНОВ,

“Әзірбайжан” мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp