Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды “Ислам және ізгі қоғам” жылы деп жариялады. Еліміздің барлық имандылық ордаларына осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны атқару міндеті жүктеліп отыр. Мүфтият жұмысты одан әрі жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық береді. Олар – дін және дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру. Осы ретте облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті “Қызылжар” орталық мешітімен бірлесіп, “İmandylyq därısterı” деп аталатын жаңа айдар ашып отыр. Оның аясында өңір мешіттеріндегі имамдардың, дін өкілдерінің, ғалымдардың түрлі тақырыптағы мақалалары басылым бетінде жүйелі түрде жарияланып тұрмақ. Жаңа айдардың алғашқы мақаласы уақыт тақырыбына арналды. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Алланың құзырына барғанда біз әр істеген ісіміз үшін сұраламыз. Мәселен киген киіміміз, ішкен-жеген ас-суымыз, жұтқан ауамыздың сұрауы бар. Тіпті денсаулығымызға, алған білімімізді қайда жұмсағанымызға дейін сұраққа алынамыз. Солардың ішінде ең маңыздысы әрі ең ауыры – уақыт үшін сұралу. Уақыт – сұрағы ауыр, жауапкершілігі зор нығметтердің бірі. Ол бізден нені талап етеді?
Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – сан-алуан діни, дүниелік істерін іріктеп, маңыздысын ажырата білуі. Міндетті түрде ең маңыздысынан бастауың қажет. Ол істі толық аяқтамай жатып келесі іске көшу, сізге тиісті нәтиже бермейді. Сол секілді адам бір істі бастарда “мұның ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма, жоқ па?” деген сұраққа мән беруі тиіс. Қазіргі уақытта адамдардың көп уақыты өзіне еш пайда әкелмейтін істермен өтуде. Мәселен белгілі бір спортшының бір жылда қарсылас командасына неше доп салғаны, қай командаларға салғаны, ойын барысына бұл қаншалықты әсер еткені және оның күнделікті өмірде киген киімі кейбіреуді көбірек толғандырады. Олар ғаламтор беттерінде сол жайында ақпарат іздеп, біраз уақытын зая кетіреді. Сізге сол қажет пе? Егер сізге бұл мәліметтер шабыт беріп, сол секілді болуға ұмтылсаңыз, онда оның пайдасы бар. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: “Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы”, – деді.
Уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі. Алайда адам баласы бұл нығметтің қадірін толық түсініп, тиісінше қолдана алмайды. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: Абдулла ибн Аббас Пайғамбардың: “Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт”, – деп айтқанын алға тартады. Осы уақытта көп адамдар қателік жасап, сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай, харам істерге жұмсап, орны толмас өкінішке душар болып жатады. Мұсылман үшін бос уақыт мүлдем болмауы тиіс. Тіпті адам тәндік, рухани істерден жалығып, үнсіз дем алып отырғанда да уақытын босқа кетірмей, жақсы ойлар ойлауы тиіс немесе алға қойған жоспарының шешімін жүйелеуі қажет. Қоғамдық көліктерде, кезекте, жол кептелісінде тұрғанда да ретін тауып, сол уақытты пайдаға асырған абзал.
Кей адамдар қолы босай қалса, алтын уақытын пайдасыз әңгімеге, құнсыз дүниелерге арнайды. Мәселен сағаттап телесериалдар көретіндер, телефон арқылы ғаламтор беттерін шарлайтындар – осының айқын дәлелі. Біреулер түнгі клубтарды жағаласа, енді біреулер ащы-су ішу үшін серіктестер іздейді. Сол себепті иманы әлсіз, рухы төмен адамдар үшін бос уақыт – барлық жаманшылықтың бастауы.
Ерте ме, кеш пе, адам міндетті түрде өзіне есеп беруі тиіс. Жаңа жылға қадам басарда өзіңізге “Жылды қалай өткіздім? Алға қойған мақсаттарымның қаншасы орындалды? Тұлға ретінде өстім бе? Жаман әдеттерімнен арылдым ба?” деп сұрақ қойыңыз. Мұны Абай атамыз да айтып кеткен. Аптасына немесе айына өзінен-өзі есеп алғанда пенде қаншалықты дамығанын, қандай қателікке бой ұрғанын аңғара алады. Әркім “Өткен айда қанша бет кітап оқыдым? Шаңырағыма неше мәрте қонақ шақырдым? Отбасымның қажеттілігіне қанша шығын кетті? Отбасыммен неше мәрте табиғат аясында серуендеуге шықтым?” дегеннен бастау керек.
Күнделікті өзіне есеп бере алған адам ғана бағыт-бағдарын дұрыстай алады. Әр күніңе есеп беру жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауға, тиісінше бағалауға жол ашады. Бұл – ілгерідегі салиқалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Ибн Омар “Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер”, – дейді.
Адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Солай істей білген адам уақытына да бекем болады. XIX ғасырда өмір сүрген америкалық философ Джон Дьюи: “Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды”, – деген екен. Демек ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтырмайды. Құлға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны. Қазіргі кезде осындай құлдық сана-сезімнен арыла алмай жүргендер көп. Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген напақасын алуға көбірек мүдделі.
Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұсылмандарды ең жоғары мақсаттарға ұмтылуға үндейді. Атақты хадис шәрифте: “Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фирдаус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар”, – делінеді.
Әрбір мұсылман адам жәннатқа кіруді қалайды. Пайғамбарымыздың: “Жәннатты сұрасаңдар жәннаттың төрінен Фирдаусты сұраңдар” деуі мұсылман әрдайым өзінің алдына жоғары мақсаттарды қоя біледі дегені.
Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Досына қарап адамның өзін тануға болады. “Досы жақсының – өзі жақсы” демекші ислам діні де жақсылармен бірге болуға шақырады. Алла тағала Құранда: “Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар”, – дейді. Бұл “Уа иман келтіргендер! Әрбір әрекеттеріңе, сөздеріңе абай болыңдар, сонымен қатар шыншылдармен, тура жолдағылармен бірге болыңдар. Адамдардың белгісі – діндерінде, ниеттерінде, сөздері мен амалдарында” дегенді білдіреді. Жаманмен жолдас болғандар жайында: “Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпағанымда ғой. Ол маған жеткен зікірден (Құраннан) мені алыстатты. Ал шайтан сөз жоқ адам баласын азғырушы”, – деп қатты өкінеді екен.
Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді. Күнделікті бір істің қайталана беруі адамның бетін қайтаруы мүмкін. Оның түрленуі адамға жаңа деммен іске кірісуіне жол ашады. Ислам дінінде Алланың разылығына апаратын амалдар сан-алуан. Оларды рухани амалдар және тәндік амалдар деп екіге бөлуге болады. Рухани амалдарымыз – намаз оқу, садақа беру, ораза ұстау, Құран оқу, ілім іздену және тағы басқа амалдар. Бір сөзбен айтқанда, адамның рухын байытатын амалдар тізбегі. Сонымен қатар тәннің қалауын да беруіміз керек. Олар – отбасымен уақыт өткізу, спортпен шұғылдану, саяхаттау, сүйікті іспен айналысу (хобби), адал табыс табу. Бұл екеуіне де адам баласы мұқтаж. Кез келген рухани амалды түрлендіруге болады. Құран оқыған адам бірінші жолы тек Құранның өзін оқыса, келесіде мағыналарына, одан кейін түсу себептеріне, сүрелер атауларына, олардың аят санына және ретіне мән беріп, жеке-жеке зерттеуіне болады. Ал жалпы күнделікті ісінде өзінің рухани, тәндік қажеттіліктерін құстың екі қанатындай бірдей ұстаған абзал.
Мәселен күнделікті күйбең жұмыстан кейін отбасыңызбен серуендеп, жақын орналасқан мешітке кешкі намаздарға барсаңыз, тәніңіздің де, рухыңыздың да қажеттілігін бергеніңіз. Әр айдағы еңбекақыңыздан отбасыңызға қажетті бір затты алсаңыз, бұл сізді ынталандырады. Мұсылманның өмірі бір сарынды болмауы керек, әрдайым жаңа көкжиектерді таба білуі тиіс.
Күндер, апталар, айлар бірінің артынан бірі тізбектеліп өтіп жатыр. Жылдар сырғыған сайын өмірдегі “әттең-ай” деп өкінетін шақтарыңды қайта артқа айналдырып, өзгерте алмайтыныңа көзің жетеді. Осы орайда атақты табиғин Хасан Басридың: “Әр өткен күн адам баласына “Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амалдарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын”, – деген сөзі бар. Енді бір сөзінде “Ей адам баласы, шынында сенің ғұмырың белгілі күндермен шектеулі, егер бір күнің өтсе бір бөлігіңді жоғалтқаның”, “Ей, адам баласы! Күндізің – сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер күніңді пайдаға асырмасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де дәл солай жасайды”, “Дүние үш күннен тұрады: Кеше болса ол өте шығып кете барды, ертеңгі күнің сен үшін беймәлім, сол себепті бүгін амал ет”, – деген. Атақты сахаба Ибн Масғуттың “Өкініштердің ішінде ең қатты өкініш мен үшін салихалы амалдар жасалмай, ажалға бір қадам жақындап батқан күнім”, – деген сөзін естен шығармаған дұрыс-ау!
Уақыттың қадірін білу – ол ертеңгі күнге дайындық. Ертеңге дайындығы бар адамның ақыреттік дүниелік істері жүйелі болады. Адамдар әрдайым өзіне “Сен үшін маңызды амалдар қандай амалдар?”, “Өміріңдегі бос уақыттардың саңылауын толтыра алдың ба?”, “Әр жылдың соңында, айдың аяғында, күн батқанда өзіңе есеп бересің бе?”, “Уақытың пайдасыз өтсе өзіңе қандай шаралар қолданасың?”, “Өмірдегі армандарың орындалуға қандай қадамдар жасадың?”, “Жақсы жолдас сен үшін қандай адам болуы тиіс?”, “Жолдастарың уақыттарын рәсуә еткендерден бе, әлде ұқыпты қарағандардан ба?”, “Өмірің бір сарынды ма, әлде бір күнің екінші күнге ұқсамай ма?”, “Сенің ойыңша, уақыт алдындағы міндетің қандай?”, “Рухани және тәндік амалдарды қатар ұстай алдың ба?” – деген сұрақтарды қоя тіршілік етсе, өмір әлдеқайда өнімді болмақ.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.