«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТЫҢ – АЛТЫН ҚАЗЫНАҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды “Ислам және ізгі қоғам” жылы деп жариялады. Еліміздің барлық имандылық ордаларына осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бір­қатар іс-шараны атқару міндеті жүктеліп отыр. Мүфтият жұмысты одан әрі жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық береді. Олар – дін және дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру. Осы ретте облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті “Қызылжар” орталық мешітімен бірлесіп, “İmandylyq därısterı” деп аталатын жаңа ай­дар ашып отыр. Оның аясында өңір мешіттеріндегі имамдардың, дін өкілдерінің, ғалым­дардың түрлі тақырыптағы мақалалары басылым бетінде жүйелі түрде жарияланып тұрмақ. Жаңа айдардың алғашқы мақаласы уақыт тақырыбына арналды. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Алланың құзырына барғанда біз әр істеген ісіміз үшін сұраламыз. Мә­селен киген киіміміз, ішкен-жеген ас-суымыз, жұтқан ауамыздың сұрауы бар. Тіпті денсаулығымызға, алған бі­лімімізді қайда жұмсағанымызға дейін сұраққа алынамыз. Солардың ішінде ең маңыздысы әрі ең ауыры – уақыт үшін сұралу. Уақыт – сұрағы ауыр, жауапкершілігі зор нығмет­тердің бірі. Ол бізден нені талап етеді?

Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – сан-алуан діни, дүниелік істе­рін іріктеп, маңыздысын ажырата білуі. Міндетті түрде ең маңыздысы­нан бастауың қажет. Ол істі толық аяқтамай жатып келесі іске көшу, сізге тиісті нәтиже бермейді. Сол се­кілді адам бір істі бастарда “мұның ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма, жоқ па?” деген сұраққа мән беруі тиіс. Қазіргі уақытта адамдар­дың көп уақыты өзіне еш пайда әкелмейтін істермен өтуде. Мәселен белгілі бір спортшының бір жылда қарсылас ко­мандасына неше доп салғаны, қай командаларға салғаны, ойын бары­сы­на бұл қаншалықты әсер еткені және оның күнделікті өмірде киген киімі кейбіреуді көбірек толғанды­рады. Олар ғаламтор бет­те­­рін­де сол жайында ақпарат іздеп, біраз уақы­тын зая кетіреді. Сізге сол қажет пе? Егер сізге бұл мәліметтер шабыт беріп, сол секілді болуға ұмтылсаңыз, онда оның пайдасы бар. Пайғамба­рымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүба­рак хадисінде: “Көркем мұсылман­ның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәр­сені тастауы”, – деді.

Уақыт – Алланың бізге бер­ген ұлы нығметі. Алайда адам бала­сы бұл нығметтің қадірін толық түсі­ніп, тиісінше қолдана алмайды. Пай­ғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисін­де: Абдулла ибн Аббас Пайғамбар­дың: “Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – ден­саулық және бос уақыт”, – деп айтқа­нын алға тартады. Осы уақытта көп адамдар қателік жасап, сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай, харам істерге жұмсап, орны толмас өкінішке душар болып жатады. Мұ­сылман үшін бос уақыт мүлдем болмауы тиіс. Тіпті адам тәндік, рухани істерден жалығып, үнсіз дем алып отырғанда да уақытын босқа кетір­мей, жақсы ойлар ойлауы тиіс не­месе алға қойған жоспарының ше­шімін жүйелеуі қажет. Қоғамдық көліктерде, кезекте, жол кептелісінде тұрғанда да ретін тауып, сол уақытты пайдаға асырған абзал.

Кей адамдар қолы босай қалса, алтын уақытын пайдасыз әңгімеге, құнсыз дүниелерге арнайды. Мәсе­лен сағаттап телесериалдар көре­тіндер, телефон арқылы ғаламтор беттерін шарлайтындар – осының айқын дәлелі. Біреулер түнгі клубтар­ды жағаласа, енді біреулер ащы-су ішу үшін серіктестер іздейді. Сол себепті иманы әлсіз, рухы төмен адамдар үшін бос уақыт – барлық жаман­шылықтың бастауы.

Ерте ме, кеш пе, адам міндетті түрде өзіне есеп беруі тиіс. Жаңа жылға қадам басарда өзі­ңізге “Жылды қалай өткіздім? Алға қой­ған мақсаттарымның қаншасы орындалды? Тұлға ретінде өстім бе? Жаман әдеттерімнен арылдым ба?” деп сұрақ қойыңыз. Мұны Абай ата­мыз да айтып кеткен. Аптасына не­месе айына өзінен-өзі есеп алғанда пенде қаншалықты дамығанын, қандай қателікке бой ұрғанын аңғара алады. Әркім “Өткен айда қанша бет кітап оқыдым? Шаңырағыма неше мәрте қонақ шақырдым? Отбасым­ның қажеттілігіне қанша шығын кетті? Отбасыммен неше мәрте табиғат аясында серуендеуге шықтым?” де­геннен бастау керек.

Күнделікті өзіне есеп бере алған адам ғана бағыт-бағдарын дұрыстай алады. Әр күніңе есеп беру жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауға, тиісінше ба­ғалауға жол ашады. Бұл – ілгерідегі салиқалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Ибн Омар “Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер”, – дейді.

Адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Солай істей білген адам уақытына да бекем бо­ла­ды. XIX ғасырда өмір сүрген аме­рикалық философ Джон Дьюи: “Мақ­сатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды”, – деген екен. Демек ерікті тұлға мен еркі жоқ адам­ның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтырмайды. Құл­ға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны. Қазіргі кезде осындай құлдық сана-сезімнен арыла алмай жүрген­дер көп. Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген напақа­сын алуға көбірек мүдделі.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұсылмандарды ең жоғары мақсаттарға ұмтылуға үндейді. Атақ­ты хадис шәрифте: “Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. Фир­даус жәннаты – олардың ең үстіңгі қабатында. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар”, – де­лінеді.

Әрбір мұсылман адам жәннатқа кіруді қалайды. Пайғамбарымыз­дың: “Жәннатты сұрасаңдар жәннат­тың төрінен Фирдаусты сұраңдар” деуі мұсылман әрдайым өзінің алдына жоғары мақсаттарды қоя біледі дегені.

Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Досына қарап адамның өзін тануға болады. “Досы жақсының – өзі жақсы” демекші ислам діні де жақсылармен бірге болуға шақырады. Алла тағала Құранда: “Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншыл­дармен бірге болыңдар”, – дейді. Бұл “Уа иман келтіргендер! Әрбір әре­кет­теріңе, сөздеріңе абай болыңдар, со­нымен қатар шыншылдармен, ту­ра жолдағылармен бірге болыңдар. Адамдардың белгісі – діндерінде, ниеттерінде, сөздері мен амалда­рында” дегенді білдіреді. Жаманмен жол­дас болғандар жайында: “Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаға­нымда ғой. Ол маған жеткен зікірден (Құраннан) мені алыстатты. Ал шай­тан сөз жоқ адам баласын азғыру­шы”, – деп қатты өкінеді екен.

Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді. Күнделікті бір істің қайталана беруі адамның бетін қайтаруы мүм­кін. Оның түрленуі адамға жаңа деммен іске кірісуіне жол ашады. Ислам дінінде Алланың разылығына апара­тын амалдар сан-алуан. Оларды руха­ни амалдар және тәндік амал­дар деп екіге бөлуге болады. Рухани амалда­рымыз – намаз оқу, садақа беру, ораза ұстау, Құран оқу, ілім іздену және тағы басқа амалдар. Бір сөзбен айт­қанда, адамның рухын байытатын амалдар тізбегі. Соны­мен қатар тән­нің қалауын да беруіміз керек. Олар – отбасымен уақыт өткі­зу, спортпен шұғылдану, саяхаттау, сүйікті іспен айналысу (хобби), адал табыс табу. Бұл екеуіне де адам баласы мұқтаж. Кез келген рухани амалды түрленді­руге болады. Құран оқыған адам бі­рінші жолы тек Құ­ранның өзін оқыса, келесіде мағына­ла­рына, одан кейін түсу себептері­не, сүрелер атаулары­на, олардың аят санына және ретіне мән беріп, жеке-жеке зерттеуіне болады. Ал жалпы күнделікті ісінде өзі­нің руха­ни, тәндік қажеттіліктерін құстың екі қанатындай бірдей ұстаған абзал.

Мәселен күнделікті күйбең жұмыстан кейін отбасыңызбен серуендеп, жақын орналасқан мешітке кеш­кі намаздарға барсаңыз, тәніңіздің де, рухыңыздың да қажеттілігін бергеніңіз. Әр айдағы еңбекақыңыздан отбасыңызға қажетті бір затты алса­ңыз, бұл сізді ынталандырады. Мұсылманның өмірі бір сарынды болмауы керек, әрдайым жаңа көкжиектерді таба білуі тиіс.

Күндер, апталар, айлар бірінің артынан бірі тізбектеліп өтіп жатыр. Жылдар сырғыған сайын өмірдегі “әттең-ай” деп өкінетін шақтарыңды қайта артқа айналдырып, өзгерте алмайтыныңа көзің жетеді. Осы орайда атақты табиғин Хасан Басри­дың: “Әр өткен күн адам баласына “Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амалдарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын”, – деген сөзі бар. Енді бір сөзінде “Ей адам баласы, шынында сенің ғұмырың белгілі күндермен шек­теулі, егер бір күнің өтсе бір бө­лігіңді жоғалтқаның”, “Ей, адам бала­сы! Күндізің – сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер күніңді пайдаға асырмасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де дәл солай жа­сайды”, “Дүние үш күннен тұрады: Кеше болса ол өте шығып кете бар­ды, ертеңгі күнің сен үшін беймәлім, сол себепті бүгін амал ет”, – деген. Атақты сахаба Ибн Масғуттың “Өкі­ніштердің ішінде ең қатты өкініш мен үшін салихалы амалдар жасалмай, ажалға бір қадам жақындап батқан күнім”, – деген сөзін естен шығармаған дұрыс-ау!

Уақыттың қадірін білу – ол ертең­гі күнге дайындық. Ертеңге дайын­дығы бар адамның ақыреттік дүние­лік істері жүйелі болады. Адамдар әрдайым өзіне “Сен үшін маңызды амалдар қандай амалдар?”, “Өміріңдегі бос уақыттардың саңылауын толтыра алдың ба?”, “Әр жылдың соңында, айдың аяғында, күн батқанда өзіңе есеп бересің бе?”, “Уақытың пай­дасыз өтсе өзіңе қандай шара­лар қолданасың?”, “Өмірдегі армандарың орындалуға қандай қадамдар жасадың?”, “Жақсы жолдас сен үшін қандай адам болуы тиіс?”, “Жол­дастарың уақыттарын рәсуә еткендерден бе, әлде ұқыпты қарағандардан ба?”, “Өмірің бір сарынды ма, әлде бір күнің екінші күнге ұқсамай ма?”, “Сенің ойыңша, уақыт алдын­дағы міндетің қандай?”, “Рухани және тәндік амалдарды қатар ұстай алдың ба?” – деген сұрақтарды қоя тіршілік етсе, өмір әлдеқайда өнімді болмақ.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp