Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Айыртау ауданындағы жұмыс сапарын Антоновка ауылы маңында орналасқан “Борисфен” ЖШС-ның иелігіндегі тауарлы-сүт фермасын аралаудан бастады. Бұл – аудандағы үшінші сүт кешені. Екеуін “Арна” және “Әдемі Астық” шаруашылықтары іске қосқан болатын. Ерәлі Қожабергенов жетекшілік ететін серіктестік нысанның құрылысын осыдан екі жыл бұрын қолға алып, қажетті жабдықтарды орнатқан. Даниядан 238 бас асылтұқымды құнажын сатып алыныпты. Әрқайсысы күніне орта есеппен 22-23 литр сүт береді. Ферманың жылдық қуаттылығы 2000 тоннаға есептелген. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны 970 млн. теңгені құрайды. Оның 526 млн. теңгесі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан, қалғаны серіктестік есебінен қаржыландырылған.
Айдарбек Сейпілұлы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде айналым қаражатын толықтыруда, жанар-жағармай, тұқым сатып алуда, субсидиялар рәсімдеуде қиындықтардың бар-жоғын сұрап білді.
– Қазақстанға сүт өнімдері әлі де сырттан жеткізіледі, құс етімен 60 пайыз ғана қамтамасыз етілген. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мал шаруашылығын дамытумен түбегейлі айналысу қажет. Сонда тұрғындардың жыл бойы тұрақты еңбек етуіне, туған жерінде тұрақтап қалуына, миграциялық кері сальдоны еңсеруге жағдай жасалады. Өсімдік шаруашылығы көктемде дән егіп, күзде астықты жинап алумен ғана шектеледі. Мәселен, “Борисфен” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 500-600 гектар ғана жері бар. Соған қарамастан мал шаруашылығы кешенін тұрғызған. Қазірдің өзінде өнімділігіне көңіл толады. Көбіңізде мыңдаған гектар жер бола тұра, төрт түлік өсірумен айналыспайсыздар. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылатын жобалар өте тиімді. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған, техника сатып алуға – 30, минералды тыңайтқыш пен гербицидке 50 пайыз мөлшерінде субсидия беріледі, – деген аймақ басшысы агроқұрылым басшыларын мал шаруашылығымен айналысуға, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға шақырды.
Ауылды көркейту үшін жол салу, сапалы ауызсу тарту, жыл бойғы тұрақты жұмыс орындарын құру, лайықты еңбекақы төлеу, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Осылар шешімін тапса, зоотехник, ветеринар, ұрықтандырушы-техник, технолог сияқты кадр тапшылығы да, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің де түйіні тарқатылар еді.
“Tezis” ЖШС-ның директоры Артем Тен облыс әкімін жұмсақ ірімшік өндіру цехының қызметімен таныстырды. Жаңа өндіріс орнын жаңғыртуға, ірімшік өнімдерін шығару желісін орнатуға 629 млн. теңге жұмсалса, 514 млн. теңгесін несие ретінде “Қарапайым заттар экономикасы” мемлекеттік бағдарламасы арқылы алған. Цехтың тәуліктік қуаты – 5 тонна. Жұмсақ ірімшіктің балқытылған, ысталған түрлері шығарылады. 25 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Өңір басшысы жергілікті ірімшіктің дәмін татып көріп, кәсіпкерге табыс тіледі.
Облыс әкімі аялдаған келесі нысан – аудандық қосымша білім беру орталығы. Орталық жетекшісі Сайрамбек Жақыпов “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында екі қабатты ғимарат жаңартылып, балалардың шығармашылық дамуына қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Жобаны қаржылай қолдауға 44,7 млн. теңге бөлінген. Қосымша білім алатын оқушылардың саны 180-нен 689-ға дейін көбейген. Өнер мектебінде музыка (домбыра, фортепиано, вокал), бейнелеу, хореография, сәндік-қолданбалы өнер (оның ішінде қыш және киізден жасалған бұйымдар), басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Оларға 23 мұғалім сабақ береді. Ғимараттың бірінші қабатында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті орналасқан. Айдарбек Сейпілұлы оқушылармен, мұғалімдермен сөйлесіп, іргелес аумақты одан әрі абаттандыруға назар аударды.
Өңірде этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, келісім мен бірлікті нығайтуға қосып отырған үлесі өлшеусіз, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Лобанов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында орталық көшелер жарықтандырылған, асфальт төселген, заманауи қоршаулар қойылған. Аудан әкімі Ерболат Бекшенов жергілікті сумен жабдықтау көзі бар су құбырының құрылысы басталатынын жеткізді. Бір жылға арналған жобаны жүзеге асыруға 671 миллион теңге қарастырылған. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын ауылдық округ әкімімен бірлесіп су құбырының құрылысына қоғамдық бақылау жүргізуді, проблемаларды бірлесіп шешуді, “Ауыл аманаты” мемлекеттік бағдарламасының белсенді қатысушылары болуды ұсынды. Бұл бағдарлама, бірінші кезекте, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға арналған. Мал, құс өсіруге, шаштараз, қоғамдық монша, автокөлік жөндейтін орын ашуға жылдық мөлшері 2,5 пайыздық несие рәсімдеуге болады.
“Ауыл аманаты” бағдарламасы алдымен қанатқақты жоба ретінде Жамбыл облысында тәжірибеден өтті. Оны іске асыруға 5 жыл ішінде мемлекеттен 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл қаржыдан облысқа 1,8 млрд. теңге бағытталған. Ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік органдардың өкілдері тиімді тұстарын түсіндіріп, құжаттарды ресімдеуге, бизнес-жоспар құруға, көмектесуі тиіс”, – деді Айдарбек Сапаров.
Самат Қосжанов жетекшілік ететін “Ключи” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 6653 гектар алқапқа бидай, арпа, бұршақ, жасымық, сұлы өсіреді. Жұмысшыларының орташа айлық еңбекақысы – 178 мың теңге. Жалақыны уақтылы төлеуде, аз қамтылған жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға жем-шөп жеткізуде, басқа да әлеуметтік мәселелерде кідіріс жоқ. Шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісіп кеткен.
Облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да болып, алдымен құрама жем өндіретін “Kazmeal” кәсіпорнына ат басын тіреді. Цехта ұн тартылып, Қытайға экспортталады. Тұрақты жұмыспен 84 адам қамтылған, орташа айлық жалақы 236 мың теңге төңірегінде.
Өңір басшысы бұдан кейін Червонный ауылында болып, Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын көрді. “Максимум Солтүстік” ЖШС-ның бас директоры Кенжеболат Махметов екі жылдық жобаны қаржыландыруға 82303000 теңге бөлінгенін, оның 72586574 теңгесі игерілгенін айтты. Төбесі, терезе жақтаулары, ішкі есіктер, жылу жүйесі толығымен ауыстырылып, су құбыры, кәріз жүйесі тартылған. Еденге плиткалар төселген. Бір сөзбен айтқанда, безендірілуі мен ішкі келбеті ерекше көз тартады. Көрермендер, кинотеатр залдары, сахна, оқу кабинеттері, кітапхана да талапқа сай жабдықталған. “Станица” этномәдени бірлестігінің жетекшісі Г. Каратай ұжымның халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдарға қатысып, олжа салғанын айтып берді.
Бұл жерде өңір басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, Мәдениет үйінің сырты жөнделсе деген өтініштері орындалатынын айтты.
“Әділ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптың көлемі –18202 гектар. Тауарлы-сүт фермасы салынып, шетелден симменталь тұқымды сиырлар әкелінген. Бес жылда 0,3 млрд. теңге субсидия алған, төленген салық мөлшері – 178 млн. теңге. Осы жерде өңір басшысы диқандармен кездесу өткізіп, алда атқарылатын міндеттерді нақтылады.
Ирина УРКОВСКАЯ.
Шолпан САЛЫҚОВА.