Өңір басшысы Айдарбек Сапаров Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мүшелерімен кездесті. Жергілікті жерде этносаралық қатынастарды нығайту мақсатымен құрылған 29 қоғамдық бірлестік өздеріне артылған сенімді ақтап отыр.
Бүгінгі таңда 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында достық пен татулықта өмір сүріп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Түрі бөлек болса да, тілегі бір жандардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлердегі құрылымдары қоғамдық үндестіктің дербес институты ретінде қалыптасып, ұйымдастырушылық әлеуеті арта түскен.
– Ассамблея – әлем бойынша бірегей ұйымдардың бірі. Оның еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі ретіндегі рөлі әлдеқашан мойындалған.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы алдағы уақытта да рухани құндылықтар негізінде жалпыұлттық келісім мен бірлікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етпек. Этномәдени бірлестіктердің бастамасымен былтыр татулықты нығайтуға бағытталған 600-ден астам іс-шара өткізіліпті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Владимир Витченко 47 аналар кеңесі құрылып, 2,5 мыңнан астам адамды қамтыған 67 іс-шара өткізілгенін айтты.
Қоғамдық институттың құрылымдық бөлімшесінің бірі – медиация кабинеті. Мемлекеттік мекемелер, қоғамдық бірлестік өкілдерінің, кәсіби және қоғамдық медиаторлардың қатысуымен “Этносаяси менеджмент негіздері” атты облыстық семинар ұйымдастырған. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де жұмыс істейтін Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы “Халықтану” жобасын жүзеге асырып отыр. Әлеуметтік желілерде этностардың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті туралы ақпараттық-танымдық материалдар жарияланып тұрады.
Алқалы басқосудан кейін өңір басшысы Айдарбек Сапаров облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы Рашбил Евдаевқа Қазақстан халқы ассамблеясының “Жомарт жан” төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды. Бұл марапат қайырымдылық істермен айналысып, мұқтаждарға көмек қолын созған меценаттарға беріледі.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.