«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ ҚЫМБАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы – Жаңа Қазақстан құру мақсатындағы тағы бір оң қадам. Бұл саяси науқан бұрынғылардан өзгерек өткені баршаға мәлім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші шақырылымдағы Мәжілістің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: “Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті”, – деді.

Бұл жолғы сайлауда партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілгені белгілі. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтты. Президент те ешбір партияның мүшесі емес. Қазір облыс әкімдері де партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Олар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде қызу пікірталас өтті. Бұл – демократиялық ел үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары екенін айта келіп, кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажеттігін ескертті. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну аса маңызды. Бір сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Осы тұрғыдан қарасақ, “Аmanat” партиясының бұл жолғы жеңісі – бұлжымас заңдылық. Еліміздегі саяси ұйымдардың көбі сайлау кезінде ғана белсенділік танытып, қалған уақытта сайда саны, құмда ізі жоқ кететінін жасырып қайтеміз.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен ауыл-аудандарды аралаған кезде бұрынғы жылдармен салыстырғанда халықтың еңсесі көтеріліп қалғанын көрдік, әлеуметтік мәселелердің біразы шешілген. Дегенмен атқарылар жұмыс әлі де шаш-етектен. Мәселен, “Аmanat” партиясы бір ай бойы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін, шағымдары мен сын-ескертпелерін жинады. Аумақтық сайлауалды штабтарда 15 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, тұрақты түрде жұмыс істеді. 356 адам қабылдауға келіп, 1791 өтініш түсті. Бұл айтылғандардың барлығы дерлік сайлауалды уәделерді жүзеге асыруға арналған жол картасына енгізіліп, біртіндеп шешімін табатын болады.

Енді өзім қатысқан сайлаушылармен кездесулерде көтерілген кейбір өзекті мәселелерге тоқталсам. Есіл ауданындағы Николаевка ауылының тұрғындары Жезқазған – Петропавл бағытындағы республикалық маңызға ие автожолдың әбден тозғанына шағымданды. Соңғы жылдары жамап-жасқап келгенмен, ой-шұңқыры көбейіп, кей тұстарынан көлікпен өтудің өзі қиындай түскен. Ауыл тұрғындарын бұл жолды жөндеу күн жылына басталатынын айтып, қуантып тастадық. Жол саласына жауапты мекеме таратқан мәлімет бойынша, Сергеевка мен Николаевканың арасы биыл қалпына келтірілмек, одан кейінгі жылдары облыс орталығына дейінгі бөлігі жөнделеді.

Өңіріміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асады, бұл – ел бойынша екінші көрсеткіш. Соның ішінде республикалық маңызға ие трасса – 2 мың километр, қалғаны облыстық (2 мың километр) және аудандық (5 мың километр) жолдар. Республикалық жолдардың 820 шақырымы тозған. Ал облыстық және аудандық автожолдардың шамамен 1,4 мың километрі шұрық-тесік. “Аmanat” партиясының сайлауалды бағдарламасында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2027 жылға қарай 95 пайызға жеткізу үшін республикалық маңызы бар трассаларға 201,4 млрд. теңге, жергілікті маңызы бар жолдарға 132,3 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінуіне ықпал ететіні айтылған. Петропавл қаласының ішкі жолдарының сапасы да сын көтермейді. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясының жұмысына қатысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров биыл 5 млрд.теңге бөлініп, 18 көше қалпына келтірілетінін жеткізді. Шаһардың көлік ағыны көп негізгі көшелері жөнделмек.

Тимирязев ауданының түкпірінде жатқан Целинный деп аталатын ауылға барып, тұрғындармен кездесу өткіздік. Елу шақты үйі бар ауылда бастауыш мектеп қана бар екен. Жоғары сыныптағылар көрші елді мекенде, оның өзінде Қостанай облысының шекаралас ауылында оқитын болып шықты. Ата-аналары жеке көлікпен тасымалдайды. Қай ауылға барсаң да, бала саны жеткіліксіз, мектеп ғимараттарының көбі тозған. Сайлаушыларға өңіріміздегі апатты мектептердің орнына 3 білім ошағы салынатынын жеткіздік. Бұдан бөлек, Петропавл қаласында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасының аясында 4 оқу ордасы бой көтереді. Біздің облыста оқушылар үшін ыстық тамақ ақылы екені, бұл ата-аналардың қалтасына салмақ салып отырғаны көптен бері айтылып та, жазылып та жүр. Өңір басшысының бастамасымен келер оқу жылынан бастап бастауыш түгел тегін тамақтанатын болып шешілді.

Шал ақын ауданындағы Ольгинка ауылында жергілікті шаруашылықтың жұмысшыларымен кездесуде тұрғындар жайылым тапшылығы мәселесін көтерді. Кезінде пысықайлар басып қалған шұрайлы жерлерді қайтару үшін “Жер аманаты” жобасы қолға алынғанын айта кеткен жөн. Бұл партиялық жоба аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізіледі. Кейін ол тұрғындардың қажеттілігіне берілмек.

Тайынша ауданындағы “Bio-Operations” зауытындағы кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жайлы әңгіме қозғалды. Бұл тұрғыда біздің облыс еліміздің көп өңірлерінен көш ілгері екенін мақтанышпен айта аламыз. 2012 жылға дейін облыста екі заманауи тауарлы-сүт фермасы болса, соңғы үш жылдың ішінде жиырмадан астамы салынған. Алдағы уақытта 12 мың басқа арналған 30 ферма мен 5 мың басқа арналған бес бордақылау алаңы іске қосылмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі тауарлы-сүт фермаларын салудағы солтүстіктің тәжірибесін өзге облыстарға үлгі ретінде ұсынып, бүгінде тәжірибе алмасу үшін шаруалар теріскейге қарай ағылуда.

Бұл – сайлаушылармен кездесулерде көтерілген мәселелердің бір парасы ғана. Жалпы “Аmanat” партиясының үгіт-насихат топтары, кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері облысты түгел аралады. Түрлі форматтағы 2655 кездесу ұйымдастырылды. “Есіктен – есікке” акциясы, экспромт-кездесулер, онлайн жиындар, басқа да шараларға адам көп қатысты. Әсіресе сауда үйлері мен базарларда, ойын-сауық орталықтарында демалыс күндері өткізілген жиындар тиімді болды.

Сайлау қорытындысында Мәжілістің де, мәслихаттардың да құрамы едәуір жаңарғанын көрдік. Мәселен өзіміздің Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына көз салсақ, өткен шақырылыммен салыстырғанда депутаттардың тең жартысы ауысқанын байқаймыз. Жалпы Жаңа Қазақстанды құруға жаңа адамдар, тың күш керек екені көптен бері айтылып жүргені белгілі. Енді оларға да мүмкіндік беріліп отыр. Парламентке 6 партияның өкілі өтсе, облыстық мәслихаттан 4 партияға мандат бұйырды. “Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Мәжіліске бірмандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды”, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы осылайша елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді.

Сайлау – саяси дода. Сайыс болған соң жеңімпаз бен жеңілген тараптың болатыны белгілі. Бірақ өмір бұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Сондықтан тиісті дауыс жинай алмаған партиялар мен кандидаттар күресті тоқтатпай, келесі сайлаудың қамына қазірден бастап кірісе бергені жөн. Алайда мандат иесі атанған азаматтардың аяғынан шалу, қаралау – саяси мәдениеттіліктің көрсеткіші емес екенін де мойындауымыз қажет. Осы тұста Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың “Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Депутаттықты таңсық көріп атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек”, – деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp