Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ол тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру немесе қайта өңдеу саласындағы басым жобалар бойынша тауарлардың бекітілген тізбесіне сәйкес қызметін жүзеге асыратын субъектілерге ғана субсидия беруді көздейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл жаңалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру немесе қайта өңдеу саласындағы біркүндік фирмалардың, жалған кəсіпорындар мен субъектілердің субсидия алуын болдырмау мақсатында енгізілді. Бұдан басқа, субсидиялаудың ашықтығын арттыру жəне бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болғызбау үшін субсидиялау тетігін іске асыру бөлігінде қаржы институттары мен қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді.
Қағидалардың жаңа редакциясында 2022 жылы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ұлғайғанға дейін қарыз шарттарын жасасқан агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған нормалар көзделген. Бұған қоса базалық мөлшерлемені ескере отырып, субсидиялау тетігі сақталған.
Тағы бір маңызды өзгеріс – қайта қаржыландырылатын қарыздардың сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бұл фермерлерге несие берудің неғұрлым тартымды шарттары бар бір қаржы институтынан екіншісіне – қаржыландырудың неғұрлым икемді шарттарымен ауысу мүмкіндігін береді, бұл ретте сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауға қолжетімділік сақталады.
Жеке кəсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде субсидиялау шартының деректемелерін өзгерту мүмкіндігі көзделген. Мұның барлығы фермерлердің несиелік қаражатқа қолжетімділігін арттыруға, жүктемені азайтуға жəне бюджет ақшасының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.