«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Болған істен сабақ алайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда баланың қауіпсіз­дігіне көңіл алаң. Үйдегі тәрбие де, мектептегі қауіпсіздік те сын көтер­мейді. Облыс орталығында орна­ласқан №4 мектеп оқушысының қа­руланып келіп, бірнеше баланы жа­рақаттағаны осы мәселенің көлең­келі тұсына сәуле түсіргендей бол­ды. Келеңсіз оқиғадан кейін мек­тептегі қауіпсіздіктің осал тұстары анықталды. Әрқилы пікір, ресми мәлімдемелерді оқығаннан кейін өз ойымды білдіргенді жөн көрдім.

Оқу-ағарту министрлігінің өкіл­дері сыныптастарына қарулы күш көрсеткен баланың психологиялық жағдайына байланысты үйден неге оқымағанына қатысты түсініктеме берген. “Білім туралы” заң бо­йын­ша әрбір адам зияткерлік да­муына, пси­хикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктеріне қа­рамастан білім берудің бүкіл дең­гейіне қол жеткізуге құқылы. Алай­да Денсау­лық сақтау министрлі­гінің бұйры­ғын­да психологиялық және іс-әрекеттегі ауытқулар үйден оқитын ау­рулар тізіміне енгізілгені ақ­қа қара жаққандай анық көрсетілген ғой. Олай болса, жасөспірім­нің ата-анасы білім мекемесіне баланың дерті туралы қорытындыны берме­уін, жағдайды біле тұра мек­теп бас­шылығының қажетті құжат­ты талап етпеуін қалай түсінеміз? Дәлірек айтқанда, бала бойынан ау­ру анық­талған кезде оның үйде әлде мек­тепте оқуын тек дәрігер­лік-кон­сультативтік комиссия ше­шеді.

Облыстық полиция департа­мен­тінің деректеріне сүйенсек, Петропавл қаласында 15 білім беру ұйымы мен күзет мекемелері арасында тиісті келісімшарттар тек ақ­пан айының соңында ғана жасал­ған. Оның ішінде оқыс оқиға орын ал­ған №4 мектеп те бар. 201 мек­тепте бұл мә­селе әлі күнге дейін ше­шіл­ме­ген. Тиісті заңнамаға сәйкес, мем­лекет­тік сатып алу қорытын­ды­сы шық­қан­ға дейін, күзет пен дабыл және басқа да қауіпсіздік жүйеле­рі­мен қамтамасыз ету мәселесі бо­йынша екі айға дейін “бір көзден” ке­лісімшарт жасау мүмкіндігін ешқай­сы­сы қолданбаған. Соның сал­дарынан мектептер дабыл түйме­лерімен, турникеттермен, бейнеба­қылау камераларымен жабдықтал­маған.

Біз ата-аналар мектептегі бала­сының жағдайы мен қауіпсіздігіне алаңдамауы жайлы жиі айтып, оларға деген талапты босаңсытып жіберген тәріздіміз. Әркімнің жеке жауапкершілігі мемлекеттің аса маңызды міндеттерімен үйлесіп жатуы шарт. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінің мектепке де­йінгі және мектеп ұйымдарындағы ережелерге өзгерістер енгізуі құп­тарлық. Білім алатын уақытта оқу­шылардың өмірі мен қауіпсіздігі мұ­ғалімдерге жүктелсе, мектептен тыс баланың амандығына ата-аналар жауап беретін болады. Енді оқу­шылар мен мұғалімдер, қажет бол­ған жағдайларды қоспағанда, са­бақта мобильді байланыс құралда­рын пайдалана алмайды.

Дегенмен жүзеге асырылып жат­қан шараларды қанағат тұту жет­кіліксіз. Ең бастысы, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыста­рын жандандыруды кешенді түрде жүргізу керек. Жаңа өзгерістерге орай мектептің ішкі тәр­ті­біне қа­рама-қайшы әрекет жаса­ған оқу­шы­лар, олардың әке-шеше­сі, бол­маса заңды өкіліне ескерт­пестен мектептен шығарылмайды. Қажет болса, білім беру ұйымына шақыра отырып, болған оқиға жө­нінде ха­бардар етіліп, тиісті шара қолда­нылады. Бұл әрекеттер де ата-ана жауапкершілігін арттыру­дың бір­ден-бір кепілі болмақ.

Тәли КӘРИҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp