«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа тұжырымдама бекітілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Құжатта “Ауыл – ел бесігі” жо­басы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктеле­ріне айналады.

Негізгі мақсаттардың бірі – ауыл­дық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұры­лымын дамыту. Атап айтқанда, жа­ңа мектептер мен медициналық ны­сан­дар салынып, сумен және электр­мен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет тартылады, ауыл жолда­рының сапасы жақсарып, кі­тапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғима­раттары сияқты мә­дени нысан­дар салынады, халыққа қызмет көр­сету орталықтары ашы­лады.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүр­гізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жал­пы алаңы 100 шаршы метрден ас­пайтын үй құнының 50 пайызы мөл­ше­рінде субсидияланатын бо­лады.

Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомы­луға рұқсат етілген және жабдық­талған орындар құру бойынша жұ­мыстар жүргізіледі.

Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айт­қанда, инфрақұрылымды жаңар­ту мен негізгі қызметтерді қамтама­сыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдар­дың өмір сүруіне қолайлы жағ­дай жасау және жалпы шекара ма­ңындағы аудандардың эконо­мика­лық дамуына жаңа серпін беру жос­парланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүм­кіндігі қаралатын болады.

Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтым­ды пайдалануға бақылауды кү­шейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімді­лікті арттыру, дақылдарды әрта­раптандыру және т.б. жүйелі шара­лар көзделген.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы коопе­рациясын дамыту арқылы шешу жос­пар­ланып отыр. Осылайша шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативте­рін ұйымдастыру фермерлерге тұ­қым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жемшөп, агротехни­калық және ветеринариялық қыз­меттер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашы­лығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ дел­далдарсыз тұрақты түрде тауар өткі­зіп отыруға мүмкіндік береді.

Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ор­таны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұры­лы­мын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұ­рақтап қалуына жағдай жасалады.

“Ауыл аманаты” жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашы­лық­тарға жылдық 2,5 пайыздың мөлшер­ле­ме бойынша жеңілдікпен шағын не­сие беру, сервистік-өткізу коопера­тив­терін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтама­сыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойын­ша импортты алмастыратын инвес­тициялық жобаларды қолдау жос­пар­ланып отыр. Атап айтқанда, Сол­түстік Қазақстан облысының агро­өнеркәсіп кешеніндегі инвести­циялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ.

Ауылдық аумақтарды дамыту­дың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі бас­қаруға тарту, жан-жақты мемле­кеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, эко­логиялық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету және т.б. бар. Бұл туралы то­лығырақ тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.

Оны іске асыру нәтижесінде та­бысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100 пайыз, интернетпен 97 пайыз қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдар­дың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға бері­леді. 650 мәдениет нысаны салы­нып, жөндеуден өткізіледі.

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметі бойынша, 2023 жылдың ба­сында республикада 6295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2 пайызы немесе 7,5 млн. адам тұрады.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp