«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТ АҚЫЛ-ОЙЫНЫҢ ЖЕМІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

12 сәуір Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің мерекесі ретінде 2012 жылдан бері аталып келеді. Бұл датаның таңдалуы кездейсоқ емес. Қазақ ғылым академиясының тұңғыш перзиденті, атақты ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев осы күні дүниеге келген. Ғылым қашанда адамзаттың ең басты құндылығы, ғылыми-техникалық прогрестің негізгі қозғаушы күші, бүкіл әлеуметтік-экономикалық салаларды дамытудың қуатты ресурсы саналады. Қазіргі заманғы отандық ғылым жақсы қарқынмен өркен жайып келеді. Республикалық бюджеттен қаржыландыру мөлшері екі есеге дейін ұлғайып, 2025 жылға таман жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қолдауға арналған конкурстар үш жылда бір рет өткізіліп келсе, енді жыл сайын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Коллаборация бойынша, қысқамерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған гранттың жаңа түрлері бекітілді. Докторанттардың стипендиясы 80 пайызға артып, бұдан былай жыл сайын 15 пайызға көбейіп отырады. Осылайша 2025 жылға таман 260 мың теңгені құрайтын болады. Магистратураға түсу үшін емтихандарды тапсыру алғаш рет электрондық форматта өткізілді. Докторанттар да осы жүйеге көшті. Басты жаңалықтардың бірі – жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн. теңге көлемінде сыйақы тағайындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық ғылым академиясының сессиясында сөйлеген сөзінде алға қарай үздіксіз қадам басуымыздың бірден-бір кепілі ғылым екеніне тоқталды. “Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. “Адамзаттың екінші ұстазы”– әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі”, – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда адамзаттың қуаты ғылыми-техникалық жетістіктермен бағаланатынын айтты. Алдына биік мақсат қойып, жаңашылдыққа ұмтылған ел ғана ғылым мен технологияның, инновацияның озық үлгілеріне ие болады. Қазақстан бойынша ғалымдар саны 22 мыңнан асса, ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының қабылдануы олардың жан-жақты ізденісіне жол ашары анық. Заңға іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыру енгізілді. Бұдан бөлек, ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатымен әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – жергілікті ғылымның қарашаңырағы саналады, жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны мен дәстүрлері бар. Еліміздегі еңселі жоғары оқу орны өзінің 85 жылдық тарихында өңірімізді, одан тысқары жерлерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету міндетін абыроймен орындап келеді. Ғылым мен мәдениеттің интеллектуалдық орталығына айнала отырып, республикадағы ең үздік көпсалалы жоғары оқу орны қатарына енді. Бірыңғай ақпараттық-талдау, ғылыми-инновациялық және білім беру аймағы құрылып, әлемдік білім беру үрдісіне қарай интеграцияланды. Соңғы үш жылда ғалымдарымыз 265 млн. теңгенің оннан астам грантын ұтып алып, зерттеулер жүргізілуде. Тәуелсіз агенттік рейтінгінде көрсеткіштеріміз жақсы. Зарқын Тайшыбай, Қайрат Көшеков, Татьяна Кучер, Ақмарал Ибраева, Сергей Пашков, Алтын Шаяхметова, Антонина Дюрягина, тағы басқа оқытушыларымыз “ЖОО-ның үздік оқытушысы” республикалық байқауының жеңімпазы атанды. БҰҰ-ның қолдауымен, Еуропалық сапа ұйымының бастамасымен жылда өтетін Дүниежүзілік сапа күні университетте 2005 жылдан бастап дәстүр ретінде орныққан. Ондағы мақсат – азаматтардың лайықты өмір сапасын, елдердің тұрақты дамуы үшін өнімдер мен қызметтердің қолжетімділігін, қоғамды, кәсіпорынды басқарудың тиімді әдістерін қамтамасыз ету. Осыған орай кредиттік оқыту технологиясын жетілдіру, модульдік бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, шығармашылық қабілеттің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, цифрландыру, қашықтан оқыту, тиімді оқыту мен табысты кәсіби қызмет негіздері, білім беру бағдарламаларын интеграциялау секілді заманауи мәселелерге баса назар аударылады.

1994 жылы Петропавл педагогикалық институтына университет мәртебесі, ал 2003 жылы белгілі тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың есімі берілді. Содан бергі кезеңде сапа менеджменті жүйесінің ИСО 9001:2000 талаптарына сәйкестік және институционалдық сертификаты берілді. Университеттердің ұлы Хартиясына қосылды. 4 докторантура (PhD) және 5 магистратура, 3 бакалавриат мамандықтары ашылды. Ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар негізінде ғылыми-технологиялық саябақ құрылды. Еуропалық университеттер қауымдастығына қабылданды. Инженерлік және сандық технологиялар, математика және жаратылыстану, агротехнология факультеттері, жоғары медицина мектебі ашылды. Бүгінде университет қабырғасында 2 институт, 7 факультет жұмыс істейді. 437 профессор-оқытушы, оның ішінде 10 доктор, 97 ғылым кандидаты жұмыс істейді. Түрлі бағдарламалар аясында 5699 бакалавриат, 231 магистрант, 24 докторант, 4 интерн білім алады. Басты міндетіміз – ұлттық және адамзаттық құндылықтарды, ғылымның озық түрлерін тәжірибеге енгізу, әзірлемелерді коммерцияландыру үшін қажетті жағдайлар жасау, ғылыми-техникалық, инновациялық қызметтерге басымдық беру, халықаралық, республикалық түрлі іс-шараларға қатысу, білім және ғылым жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған инновациялық әдістемелерді, оқыту технологиялары мен зерттеулерді әзірлеуге, өткізуге қатысу, технополистер, технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар, жобалық конструкторлық бюролар құру болып табылады. Ғалымдар және студенттердің жан-жақты шығармашылық ізденісінің арқасында 12 жоба іске асырылды, ал бастамашыл инновациялық жобалардың саны – 34, сондай-ақ екі коммерцияландырылған жоба бар. 40 жасқа дейінгі 20 адамнан тұратын жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істей отырып, ғылыми-зерттеу қызметіне бағдар береді, талапкерлердің ғылымға деген қызығушылығын арттырады, студенттік ұйымдар арасында жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарын, ғылыми жетістіктер көрмелерін, басқарма төрағасы-ректордың грантына байқау ұйымдастырады. Биыл 12 жоба ұсынылды. Араларында адамның биомедицина, автоматты талдау мен синтездеу, интеллектуалды технологиялар мен бағдарламалық-техникалық шешімдер, бальзамдық теректің биологиялық белсенді қосылыстарына негізделген препараттарды әзірлеу, ультрадыбыстық дефектоскопия әдісімен пластикалық бұйымдардың ақауын анықтау әдісі секілді өзекті тақырыптар қамтылған.

Бүгінгі таңда қазақстандық ғылымда белсенді дамып келе жатқан бірнеше бағыт бар. Ең қызықтыларының бірі – медициналық стартаптар, инклюзия және коммерцияландыруды дамыту. Баламалы энергия көздері тақырыбы да өзекті, өйткені оның экономикамызды әртараптандыруда алатын орны айрықша. Әзірленіп жатқан халықаралық жобалар баршылық. Оның бірі “Антидрон” деп аталады. Әртүрлі медициналық стартаптар туралы бағдарламалар да назар аударуға тұрарлық. Онда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық берілген. Мысалы, “Celebra” медициналық стартапы жүрек-қан тамырлары (атап айтқанда инсульт) және онкологиялық ауруларды анықтап, емдеуде жасанды интеллектерге сүйенеді. Сондай-ақ ғалымдарымыз электрокардиодиагностиканың автоматтандырылған жүйесін әзірледі. Тіркелген ЭКГ сигналы компьютерге жіберіледі және оның өзгерісін монитор арқылы байқауға болады. ЭКГ жазылғаннан кейін талдау автоматты түрде немесе қолмен атқарылады. Содан кейін науқастың жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайы туралы қорытынды жасалады. ЭКГ бағдарламасын Холтер мониторингі ретінде де пайдалануға болады. Бұл ретте деректерді тіркеу және жазу арнайы портативті құрылғының көмегімен орындалады. Кешенді жүйенің көмегімен деректерді беруді Wi-Fi желісі арқылы сымсыз режімде жүзеге асыруға болады, яғни ЭКГ деректері кардиолог-дәрігердің компьютеріне бірден келіп түседі. Бұл дәрігерге пациенттің жүрек бұлшық етінің күйін үздіксіз бақылауға және жүректің ақауын бірден анықтауға мүмкіндік береді. Жобаларды коммерцияландыру жас ғалымдар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр, өйткені нақты ғылым көзі мен табысқа айналдыру мүмкіндіктері мол. Былтыр да, биыл да тағылымдамадан өту бағдарламаларына басымдық берілді. Өткен жылы “500 ғалым” бағдарламасы ашылды, ол “Болашақ” бағдарламасы арқылы қаржыландырылады және ол бойынша ғалымдар 3, 6, 9 немесе 12 айға шетелге барып, әлемнің үздік зертханаларында тәжірибеден өте алады. Агротехнология факультетінде биотехнологиялық процестер, солтүстік өңірдің агросферасының жұмысын жақсарту мәселелері зерттеледі. Ал болашақ филологтар тілдерді зерттеу жайымен айналысады.

Биыл университет командасы “Enactus Kazakhstan “Winter camp 2023” мобильді көшбасшылық және кәсіпкерлік мектебінің XIII маусымына қатысты. Студенттеріміз өздерін жақсы қырынан көрсетіп, сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Толымды табыстарымыздың бірі – АҚШ-тың Аризона университетімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасауымыз. Солтүстікқазақстандық талапкерлерге зор мүмкіндік ашылып отыр. Біріншіден, халықаралық үлгідегі қос диплом алып, сұранысқа ие мамандықты игереді. Сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ-тың жетекші профессорларының сабақтарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қатыса алады. Бұл жоба “Кozybayev University” брендін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Облыстан тыс жерлерге шықпай-ақ шетелдік білім алуға мүмкіндік жасалуы – білікті кадрлар қатары толығады деген сөз.

Дамель МЕКТЕПБАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp