«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық қор қаражаты балаларға қалай беріледі?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап “Ұлттық қор – балаларға” жобасын іске қосудың негізгі тәсілдерін әзірледі. Ұлттық қордың инвестиция­лық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.

Инвестициялық табыстың ықти­мал теріс мəндерін жекелеген уақыт аралықтарында нивелирлеу мақса­тында инвестициялық табыс мөл­шерлемесін есепті кезеңге өткен 18 жылдағы орташа жылдық мəн негі­зінде айқындау жоспарланып отыр. 18 жасқа дейінгі бала үшін болжамды жинақ сомасы шамамен 3,5 мың долларды құрауы мүмкін. Бұл сома капитал нарығының құбылма­лылығын ескере отырып, тарихи де­ректер негізінде есептелген жəне əлемдік экономиканың конъюнк­турасына байланысты түзетілуі мүмкін.

Жоба былай жүзеге асыры­лады:

– Шоттар “БЖЗҚ” АҚ-да (екінші деңгейдегі банктерге жүгіну талап етілмейді) Əділет министрлігінің жеке тұлғаларының дерекқоры негі­зінде автоматты түрде ашылады.

– Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан сəттен бастап 18 жасқа толғанға дейін “БЖЗҚ” АҚ-дағы балалардың шоттарына шартты түрде қаражат есептеледі. Мысалы, егер жоба басталған кезде бала 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кəмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестиция­лық табысының бір бөлігі беріліп оты­рады.

– Жобаға Қазақстан азаматтары болып саналатын балалар қаты­сады.

– Егер 18 жасқа дейінгі бала елден кетіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, онда төлемдерге талап қою құқығы жоғалады. Қаражат бар­лық бала арасында қайта бөлінеді. Бала елден 18 жасқа дейін азаматтығы ауыспай кеткен жағдайда төлемдерге талап қою құқығы сақталады.

– Шот қаражатын салық салудан босату ұсынылады. 18 жасқа толған кезде шоттардан қаражат төлеуді АҚШ долларымен жүзеге асыру ұсы­нылады. Іс жүзінде 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады жəне қаржы құралдарына инвестицияланады.

– 18 жасқа толған кезде қаражат ба­ланың меншігіне өтеді.

– Қаражатты мақсатты пайдалану үшін “БЖЗҚ” АҚ-да өзара іс-қимыл жасайтын уəкілетті оператор­ларды (“Отбасы банк” АҚ-ы, екінші деңгейдегі банктер) анықтау ұсы­нылады.

– 18 жасқа толғанда шоттағы қаражат 5-10 жыл бойы сақталады. Талап етілмеген жағдайда 5-10 жыл ішінде шоттағы қаражатты зейнетақы шотына аудару ұсынылады.

– Сондай-ақ азаматтық заңна­маға сəйкес іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі көзделеді.

– Бала əрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкілдерге) Қазақстан заңнамасында белгіленген тəртіппен қаражатты пайдалануға құқық беру жоспарланып отыр.

“Тұтастай алғанда, ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді қоса алғанда, дайындық жұмыстарын жүргізу қажет болады. Осы жылы Қа­зақстан Республикасының заңнамасына жəне тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу жос­парлануда. Жобаны іске қосу тестілеуі тиісті платформаларда (қосымшалар, БЖЗҚ-ның сайты) өткізіледі”, – делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp