«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қураған шөпке от тимесін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс аумағында үш айдың ішінде 114 өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің 77 пайызы тұрғын үй секторларында орын алған. “Тілсіз жаудан” 10 солтүстікқазақстандық көз жұмды. Пештің дұрыс жағылмауынан 24 адам уланып, бір адам ажал құшты. Бұл деректер өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмит­рий Растихин тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілетіндігін атап өтті. БАҚ, әлеуметтік желі арқылы болған жайттар, оқиғаның алдын алу туралы кеңестер беріліп тұрады. Бірақ қауіпсіздік ережелері­не салдыр-салақ қарайтындар өзі­нің және айналасындағылардың өмі­ріне қауіп төндіріп, адам өліміне дейін жет­кізетін жайттардың себепкері болып жатады.

Өртсөндірушілер қыс бойы пеш­тен шыққан отпен күрессе, жаз шыға дала өрті әбігерге салады. Өткен жыл­дың сәуір айында қауіпсіздік шараларын сақтамай, шөп қалдық­тарын өртеген белгісіз біреудің кесірінен төрт саяжай қауымдастығының жері толықтай отқа оранғаны есімізде. Сол уақытта қамыс өртеліп, жа­лаңдаған от жақын маңдағы айып­пұл тұрағына жеткен. Салдарынан алты көлік жанып кетті. Жанған қа­мыстың ішінен екі адамның мүрдесі табылды. Салдарынан 10 тұрғын үй, 6 шаруашылық құрылысы, 85 саяжай, 10 көлік, бір астық қоймасын от шарпыды.

Баспасөз мәслихатына қатыс­қан азаматтық қорғаныс басқар­масының басшысы Марат Мұратов қазір су айдындарында мұз көбесі сөгіліп жатқанын еске салды. Аза­маттық қорғаныс мамандары өзен-көлдерді қатаң бақылауға алған. Рейдтер, ақпараттандыру шаралары жаппай ұйымдастырылуда. Бү­гін­гі таңда апаттың алдын алу үшін 1015 рейд жүргізілген. Қауіпті 211 жерге ескерту белгілері орнатылып, 14 мыңнан астам жадынама таратылған. “Су мен мұздағы қауіпсіздік” тақырыбы бо­йынша 34 акция өткізілді.

– Қалыңдығы 7 см.-ден аз мұзда жүру аса қауіпті екенін ескерте­міз. Жаман айтпай жақсы жоқ, су айдындарына барған адам ашық түсті кеудешеде болғаны жөн. Ба­лық-аулау үшін мұздың қалың­дығы 10-13 см. болуы қажет. Онда да ауыр заттарды алып шығуға болмайды. Қауіпті жерлерде ішімдік ішкен дұрыс емес. Қай жерде жүргеніңізді туған-туыстарыңыз біліп отырсын, – деді азаматтық қор­ғаныс басқармасының басшысы Ма­рат Мұратов.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp