Облыста өткен үш айдың ішінде 35 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан үш адам қаза тауып, 65-і жарақат алды. Қаза тапқандардың біреуі – бала. Жарақат алғандардың арасында бес жасөспірім бар.
Жол-көлік оқиғаларының көбінде көліктер бетпе-бет соқтығысқан. Осындай 20 апат орын алды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл көбіне маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, негізгі жолмен келе жатқан көлікті өткізбеу кезінде болады.
– Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан автокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға және қырағы болуға шақырамыз. Қиылыстардан өту кезінде ереже сақтамау, қарсы жолаққа шығу және басқа да өрескел ереже бұзушылықтардың зардабы ауыр, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жылдамдықты арттыру және ара қашықтықты сақтамаудан да болып жатады. Биыл мас жүргізушілердің кінәсінен үш жол апаты орын алды. Салдарынан бес адам жарақаттанды. Жол-көлік оқиғаларының тағы бір кең тараған түрі – жаяу жүргіншілерді соғып кету. Жыл басынан бері осындай 9 оқиға тіркелді. Зардап шеккендердің төртеуі белгіленбеген жерде немесе бағдаршамның тыйым салынған сигналы кезінде жолды кесіп өтпек болған. “Қозғалыстың барлық қатысушыларына жаяу жүргіншілер өткелдерінде ерекше қырағылық танытуға кеңес береміз. Апатты азайту үшін полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді”, – дейді Айдын Байматов.
Қазіргі таңда облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Бұл құқықтық тәртіпті нығайтуға және қозғалыстың барлық қатысушылары ережені сақтауға шақыруды көздейді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.