Облыс орталығында “Жастардың ғылыми ізденісі – ел болашағы” деген тақырыпта ұйымдастырылған диалог алаңына колледж, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты. Шара барысында педагогтардың ғылыми әлеуетін арттыру, оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің өзара іс-қимылын үйлестіру, мектеп білімі мен ЖОО-ның ынтымақтастығын дамытудың мүмкіндіктері қарастырылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Дамель Мектепбаева ғылыми білім ел экономикасы тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отырғанына тоқталды. Бұл орайда жаңа жобалар мен зерттеу бағыттарына жоғары оқу орындарын, ғылыми ұйымдарды, сондай-ақ таланттарды тартудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында кәсіпкерлік дағдылар жайлы кеңінен айтылды. Еуропалық кредиттік технология қағидаттары ескеріле отырып, оқытудың осы үлгідегі жүйесін жетілдіру жұмыстары одан әрі жалғастырылады. Қазір ғылымның даму деңгейі қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатындықтан, баға жетпес әлеуеті айрықша. Сондықтан мектеп оқушыларына теориялық білімді тәжірибеде қолдана білу талабы күшейді. Мәселен, биыл Щучинск қаласындағы “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығының базасында оның кезекті конкурсы өтіп, солтүстікқазақстандық балалар бір алтын, бес күміс, алты қола медаль жеңіп алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы – қоғамның жас зияткерлік элитасын қалыптастырудың бірден-бір тиімді жолы. Қоғамдық-математикалық цикл пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінен оқушылар үш күміс, төрт қола медальмен оралды.
Жиында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж директорының орынбасары Әсемгүл Тасмағамбетова, бірінші қалалық жалпы білім беретін беретін IT-лицейдің оқушысы Юлия Штрак, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицей интернатының химия пәнінің мұғалімі Татьяна Горшкова, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Бақыт Ғабдуллина, Оқушылар сарайы ғылыми-биологиялық бағытының меңгерушісі Лариса Воробьева, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандырылған гимназия-интернатының оқушысы Айна Мұрат, “Білім-Инновация” лицей-интернатының ұстазы Надира Тұрмаханова сөз алып, ел болашағы білімді ұрпақ қолында екенін, бұл мақсат жолында сан-салалы инновациялық жобалар мен озық технологияларды меңгеру қажеттігін, қазіргі таңда қазақстандық білім жүйесінде қоғамдық даму ерекшеліктеріне зор көңіл бөлінетінін әңгімеледі.
Іс-шара аяқталғаннан кейін облыстың ғылыми әлеуетін дамытуға үлес қосып жүрген бір топ педагог марапатталды.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.