Өңір тұрғындарын қызыл судан төнер қауіп алаңдатып отыр. Су айдындарындағы мұз көбесі сөгілгелі бері өзен-көлдерді жағалай қонған елді мекен тұрғындарының мазасы кетті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында су тасқынының алдын алу жайы баяндалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов өңір аумағында судан төнер қауіптің төмендегенін айтты. Көктем келе, қар суымен арпалысатын департамент мамандары жағдайдың бақылауда екеніне сендірді. Осыдан алты жыл бұрын қарғын судың ырыққа көнбейтінін көрген құтқарушылар қазір тиісті жұмыстарды тиянақты орындауды үйренген.
Тасқынның алдын алу үшін облыс аумағында 1189 бірлік техника, 116 жүзу құралы, 474 мотопомпалар, 15500 тоннадан астам инертті материал, 41000 дана қапшық, 257 эвакуациялық пункт, 65 шатыр сақадай сай тұр. Тіпті зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізуге 276 шарт та жасалып қойылған. Бүгінгі таңда Қызылжар ауданы Тепличное ауылы мен Петропавл қаласы Заречный кентінің айналасы қатаң бақылауға алынған. Сол маңайға судан төнер қауіп бар. Тепличноеде 200 метр жерге бөгеттер тұрғызылып, 10000 қап балшық үйілген. Заречный маңында да сондай жұмыстар атқарылуда.
“Қазсушар” РМК-нің солтүстікқазақстандық филиалының директоры Шугаип Ибатуллин де жағымды ақпарат жеткізді. Бүгінгі таңда Сергеев және Петропавл су қоймаларында жағдай тұрақты және штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Сергеевка су қоймасында судың ең жоғары деңгейге көтерілуі 8 сәуір күні тіркелген. Бүгінде су деңгейі төмендепті.
“Қазгидромет” РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мергалимованың деректеріне сүйенсек, Петропавл қаласы маңындағы су деңгейінің көтерілуі осы аптадан басталады. 18-21 сәуір аралығында Есіл өзені ернеуінен асып, жайылуы мүмкін. Сол кезде халықаралық маңызы бар Челябі – Новосібір автожолының 528-ші шақырымын, Заречный кенті мен Прибрежное ауылының жолдарын су басу қаупі бар.
“Қазгидрометтің” болжамы бойынша облыс аумағына суық циклонмен жауын-шашын келіп, шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-23 метрге дейін жетеді. Сәуірдің үшінші онкүндігінде күн жылынады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltsütık Qazaqstan”.