Мемлекеттің негізгі функцияларына экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, қоғамдық тәртіпті сақтау және адамның, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері жатады.
Әлеуметтік функция білім, ғылым, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау, демографиялық саясат және тағы басқа салаларды қамтиды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, адам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету функциясы заңдылықты, құқықтық тәртіпті, егемендікті, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, олардың меншігін қорғау, сондай-ақ мемлекеттің егеменділігін және оның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет құқықтық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, қылмыспен күреседі, қоғамдағы түрлі қақтығыстарды шешуге ықпал етеді.
Біздің елімізде жергілікті, орталық және аумақтық атқарушы органдар қызметкерлерінің, құқық қорғау және арнайы органдар қызметшілерінің басым көпшілігі – мемлекеттік қызметшілер. Яғни мемлекеттік қызметшілерге экономикалық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік функцияларды, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және адамның да, мемлекеттің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асыру міндеті жүктелген. Жоғарыда аталған белгілі постулаттар мен қарапайым шындықтарды сипаттай отырып, азаматтардың өз еліне, мемлекет пен қоғам институттарының қалыпты жұмыс істеуі үшін қызмет етуінің маңыздылығы мен қажеттілігін түсіндіргім келеді. Мемлекеттік қызметші болу – қызметте де, тұрмыста да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдармен, Әдеп кодексімен регламенттелген көптеген шектеулері бар өте құрметті және жауапты мамандық.
Еліміздің әрбір тұрғынының жақын немесе алыс туыстарының, достары мен таныстарының кем дегенде біреуі – мемлекеттік қызметші. Мемлекеттік қызметшілердің, біздің қоғамның барлық мүшелері сияқты отбасы, туыстары, достары бар. Күнделікті өмірде бәріміз бір-бірімізбен кездесеміз, араласамыз. Қажеттімізді бір маркеттен және базардан сатып аламыз. Ай сайын ипотека, кредит және тағы да басқа кезекті төлемдерді жүзеге асырамыз. Мен бұл мысалдар арқылы мемлекеттік қызметшілердің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ екенін айтқым келеді. Мемлекеттің кез келген парасатты азаматы сияқты, олар өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды.
Облыс әкімінің аппаратында көптеген бөлім жұмыс істейді. Олардың міндеттері мен мақсаттары – мемлекет және қоғам институттарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Барлық бөлімдердің ішінде – инспекторлық және аумақтық жұмыс бөлімі облыс әкімі аппаратының негізі болып табылады. Бөлімнің үйлесімді, жақсы ұйымдастырылған сауатты жұмысына өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейі, халыққа ұсынылатын қоғамдық және жеке игіліктердің саны мен сапасын арттыру, тұтастай алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тәуелді.
2021 жылдың маусым айынан бастап бұл бөлімді мінсіз қызмет атқарып келе жатқан Анатолий Тарахтун басқарады. Анатолий Анатольевич аудан, қала және облыс әкімдігінде маман болып жұмыс істеген. Бөлімде өз ісінің тәжірибелі және сауатты бас инспекторлары жұмыс істейді. Олар – мемлекеттік қызметте көптеген жылдар бойы мінсіз қызмет атқарып жатқан Қазбек Серікбайұлы Орынбай , құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінде жұмыс істеген Султан Салаевич Магомедов және осы лауазымға тағайындалғанға дейін аудандық әкімдігі қатардағы маманнан бастап, облыс әкімдігінің басқармаларында жұмыс істей отырып, жергілікті атқарушы органдардың барлық қызмет сатыларынан өткен, мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 12 жылды құрайтын Нұржан Шалабайұлы Бұхаров.
Мемлекеттік қызметтің негізгі тірегі – талапты, өз ісін сүйетін, адал, сауатты және қарапайым қызметшілер. Жоғарыда есімдері аталған азаматтар – 2021 және 2023 жылдары өз ұжымдарында ұйымдастырылған “Үздік мемлекеттік қызметші” байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Сейілхан СЕРІКБАЕВ,
облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.