Баскетболдан жоғары лига командалары арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Солтүстікқазақстандық “Барс” клубы күміс жүлдегер атанды. Жерлестерімізді бұл жетістігімен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.
Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында команда мүшелеріне жылы лебізін білдіріп, алдағы маусымда сәттілік тіледі.
“Бірнеше жылдан бері солтүстікқазақстандық баскетболшылар еліміздің ең мықты үш клубының қатарынан көрініп келеді. Спортшыларды, жаттықтырушыларды және баскетбол клубының басшылығын маусымның сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жеңістер мен жетістіктер тілеймін”, – деп жазды Айдарбек Сапаров.
Биыл жерлестеріміз 33 турда 29 рет жеңіске жетіп, 4 мәрте қарсыласына жол берді. Осы маусымда жоғары лигада Шымкент қаласының командасы топ жарды. Үшінші орынға алматылық ұжым жайғасты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.