Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Петропавл қаласында орналасқан бірнеше кәсіпорынды аралады. Бұдан бөлек, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, өндірістік әлеуетімен танысып, шағын және орта бизнес өкілдерімен, ұжымдармен кездесті. Бұл кездесулерге облыс әкімінің орынбасарлары Марат Тасмағанбетов пен Дәурен Жандарбек те қатысты.
Жұмыс сапары барысында делегация “СТ Assembly” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. “CLAAS Group” неміс компаниясы бір ғасырдан аса ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сапалы әрі заманауи техникамен қамтамасыз етіп келеді. Былтырдан бастап өнімділігі жоғары инновациялық техника жергілікті диқандар үшін де қолжетімді бола түсті. Зауыттың “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында ашылуы техника бағасын 27 пайызға арзандатуға мүмкіндік берді. Өзімізде құрастырылған мыңнан астам комбайнды жергілікті диқандар сатып алды.
Былтыр қайта жаңғыртудан өткен “Масло-Дел” кәсіпорнында ұжыммен кездесіп, озық инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Мұнда сүттің жиырмаға жуық түрін қалдықсыз өндіретін шетелдік жабдықтар орнатылған.
Халық қалаулылары “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігінің басшылығы көп жылдар бойы иесіз тұрған нысанды жөндеп, өңір үшін жаңа кәсіпті бастап кетті. Осыдан екі жыл бұрын ашылған кәсіпорын фанер импортының 22 пайызын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Сонымен қатар Еуропа нарығын бағындыру да жоспарда бар. Инвестор енді “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына кіретін ескі ғимараттарды жөндеп, ДСП және ЛДСП құрылыс материалдарын шығаруды қолға алмақшы. 2021 жылы 2 млрд. теңгенің тауарын шығарып, алыс-жақын шетелдерге саудалады. Бұл шамамен 10 мың текше метрге тең. Былтыр инвестор бұл межеден асып, 3 млрд. теңгенің ламинатталған фанерасын саудалады.
Бұдан кейін халық қалаулылары Аққайың ауданының Чапаево және Ленинск елді мекендерінде жұмыс істеп тұрған тауарлы-сүт фермаларында, Аралағаш ауылында бой көтерген бройлер құс фабрикасында және Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” командиттік серіктестігінде болды.
Парламент Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев пен Шәкәрім Бұқтұғұтов өндірісте туындаған түйткілді мәселелерді дер кезінде зерделеп, өңдеу саласын әртараптандыру, жаңа технологияларды, жаңашылдықтарды енгізу қажет деген ойларын айтты. Әсіресе өңірлердегі кадр мәселесі мен шикізаттың тапшылығы алаңдаушылық тудырады.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.