Облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы жыл басынан бері бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстардың бетін ашты. Мәселен, полицияға 18 жастағы қала тұрғыны жүгініп, белгісіз адамдар оған күш көрсету арқылы 40000 теңге талап етіп жатқанын айтқан. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығының 17 жастағы үш тұрғыны ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ақпан айының соңында Петропавл тұрғындарының бірі тіркелмеген қаруды жасырғаны туралы мәліметтерді тексеру кезінде “Челябі-Новосібір” тас жолында ВАЗ-2115 автокөлігі тоқтатылды. Жүксалғыштан екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық және төрт сібір елігінің еті табылды. Бұдан кейінгі іс-шаралар барысында Петропавлдағы саяжай учаскелерінің біріндегі үйден 2 еліктің еті мен 41 терісі, 119 тұяқ, 12 басы тәркіленді. Күдіктілер қамауда отыр.
Петропавлда қоғамдық орындарда мас күйде төбелес шығарып, күзет пен келушілерді жүйелі түрде қорқытып келген 22 жастағы жігіт ұсталды. Ол 18 жасынан бастап түрлі құқық бұзушылықтар үшін сегіз рет жауапқа тартылған екен.
Жандос БАСЫБАЕВ,
облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі.