Мамлют ауданындағы Белое ауылының тұрғындары отыз жылдан астам ауызсудан тарықты. Жазда – көлдің, қыста қардың суын ішуге мәжбүр болды. Осы жылдар аралығында елімізде елді мекендерді ауызсумен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асса да, белоелықтар оның бірінің шарапатын көрген жоқ. Түрлі қолдаудан құр қалған тұрғындардың судың жайын айтып бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Редакциямызға хат жолдап, жағдайларын айтып шағымданды. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын газет бетіне бірнеше мәрте жарияладық. Халықтың жанайқайы естір құлаққа жетті ме екен, өткен жылы сең қозғалып, ауылға су тарту жұмыстары басталды. Жуырда ақжолтай жаңалық жетті. Ауызсу тартылғанын естіп жолға шықтық.
220 тұрғын түтін түтетіп отырған ауылдың шырайы өзгеріпті. Сапалы ауызсу үйлеріне тартылғалы бері тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі артқан.
– Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. 17 наурыздан бастап үйлерді суға қостық. Одан бұрын тексерістен өткіздік. Су Мамлюткадан тартылды. Белое ауылына дейін 11 шақырым және ауылішінде 17 шақырым құбыр тартылды. Оған бюджеттен 650 миллион теңге бөлінді. Қыс түскенше 87 баспанаға құбыр тартып үлгердік. Қазір 75 үйге су берілді. Көше бойы 50 метр сайын құдық орнатылған. Содан кем дегенде 4-5 үйге құбыр тартуға болады, – дейді ауыл әкімі Әділхан Разиев.
Үйі суға қосылған Ақан Жетеев тілшілерге судың қалай ағып тұрғанын 45 мың теңге төлепті.
– Бұл ауыл құрылғалы су болмапты. “Жақсылықтың ерте-кеші жоқ” дейді ғой. Бұған да тәубе. Су мәселесі көтерілгелі бірнеше жылдың жүзі болды. Оның шешілуіне облыстық газеттің оң ықпалы болғаны рас, – деді Ақан Жетеев.
Белое ауылы тұрғындарының ауызсуға зарығып отырғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін облыстық әкімдіктен жауапты мамандар келіп, жағдайды біліп, облыс әкімі Айдарбек Сапаров бұл мәселені өзі тікелей қадағалауына алған. Облыс басшылығының уәдесі қазір нақты іспен дәлелденіп жатыр. Бұған дейін көлдің де, қардың да суын ішкен тұрғындар көп жылғы тілектерінің орындалғанына дән риза.
– Ауылда су мен жол мәселесі толықтай шешімін тапса, мұнда көшіп келетін тұрғындардың саны да артар еді, – дейді ауылдық округ әкімі. Себебі, ауылда жұмыс бар. Тұрғындардың көбі елді мекендегі үш ірі шаруашылықта еңбек етеді. Одан бөлек мектепте, әкімшілікте, поштада, медпунктте жұмыс істейді. Тұрғындардың дені – зейнеткерлер. Жастар келсе ұрпақ сабақтастығы сақталып, кадр тапшылығы да жойылар еді. Мал шаруашылығымен айналысып, сүт, май сататындар да жоқ емес. Былтыр көшіп келушілерге арналған екі үйдің іргетасы қаланса, биыл төрт баспана тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар орталық саябақ жаңартылып, екі көшеге қиыршық тас төселмекші. Көшелерді толық жарықтандырып, бұзылған үйлердің орнын тазалау жұмыстары қолға алынған. Белоеға бұдан кейін де қолдау көрсетілсе гүлденген ауылға айналары сөзсіз.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.