«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылға ауызсу жетті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы Белое ауылының тұрғындары отыз жылдан астам ауызсудан тарықты. Жазда – көлдің, қыста қардың суын ішуге мәжбүр болды. Осы жылдар аралығында елімізде елді мекендерді ауызсумен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асса да, белоелықтар оның бірінің шарапатын көрген жоқ. Түрлі қолдаудан құр қалған тұрғындардың судың жайын айтып бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Редакциямызға хат жолдап, жағдайларын айтып шағымданды. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын газет бетіне бірнеше мәрте жарияладық. Халықтың жанайқайы естір құлаққа жетті ме екен, өткен жылы сең қозғалып, ауылға су тарту жұмыстары басталды. Жуырда ақжолтай жаңалық жетті. Ауызсу тартылғанын естіп жолға шықтық.

220 тұр­ғын түтін түтетіп отырған ауылдың шырайы өзгеріпті. Сапалы ауызсу үйлеріне тартылғалы бері тұрғын­дардың ертеңгі күнге деген сенімі артқан.

– Ауыл тұрғындарының қуаны­шын­да шек жоқ. 17 наурыздан бас­тап үйлерді суға қостық. Одан бұ­рын тексерістен өткіздік. Су Мам­люткадан тартылды. Белое ауылы­на дейін 11 шақырым және ауыл­ішінде 17 шақырым құбыр тартыл­ды. Оған бюджеттен 650 миллион теңге бөлінді. Қыс түскенше 87 баспанаға құбыр тартып үлгердік. Қазір 75 үйге су берілді. Көше бойы 50 метр сайын құдық орна­тылған. Содан кем дегенде 4-5 үйге құбыр тартуға болады, – дейді ауыл әкімі Әділхан Разиев.

Үйі суға қосылған Ақан Жетеев тілші­лерге судың қалай ағып тұрғанын 45 мың теңге төлепті.

– Бұл ауыл құрылғалы су бол­мапты. “Жақсылықтың ерте-кеші жоқ” дейді ғой. Бұған да тәубе. Су мәселесі көтерілгелі бірнеше жыл­дың жүзі болды. Оның шешілуіне облыстық газеттің оң ықпалы бол­ғаны рас, – деді Ақан Жетеев.

Белое ауылы тұрғындарының ауызсуға зарығып отырғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін облыстық әкімдіктен жауапты мамандар келіп, жағдайды біліп, облыс әкімі Айдар­бек Сапаров бұл мәселені өзі тіке­лей қадағалауына алған. Облыс басшы­лығының уәдесі қазір нақты іспен дәлелденіп жатыр. Бұған де­йін көлдің де, қардың да суын ішкен тұрғындар көп жылғы тілектерінің орындалғанына дән риза.

– Ауылда су мен жол мәселесі то­лықтай шешімін тапса, мұнда кө­шіп келетін тұрғындардың саны да артар еді, – дейді ауылдық округ әкімі. Себебі, ауылда жұмыс бар. Тұрғындардың көбі елді мекендегі үш ірі шаруашылықта еңбек етеді. Одан бөлек мектепте, әкімшілікте, поштада, медпунктте жұмыс іс­тейді. Тұрғындардың дені – зейнет­керлер. Жастар келсе ұрпақ сабақ­тастығы сақталып, кадр тап­шы­лығы да жойылар еді. Мал шаруашы­лы­ғымен айналысып, сүт, май сата­тын­дар да жоқ емес. Был­тыр көшіп келушілерге арналған екі үйдің іргетасы қаланса, биыл төрт бас­пана тұрғызу жоспарланған. Соны­мен қатар орталық саябақ жаңар­тылып, екі көшеге қиыршық тас тө­селмекші. Көшелерді толық жарық­тандырып, бұзылған үйлер­дің ор­нын тазалау жұмыстары қолға алын­ған. Белоеға бұдан ке­йін де қолдау көрсетілсе гүлденген ауыл­ға айналары сөзсіз.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp