«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақталмаған үміт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұмыстан кейін дүкенге соғу әде­тім. Кешкі асқа көкөніс пен нан-сүт алу керек. Сауда орталығына бас сұ­ғып едім, алған затым көбейіп, көте­рер жүк те артты. Екі сөмкемен ұзақ жүре алмадым, қолым тала бастады. Демалып алатын орын іздеп, айна­лам­ды шолып келемін. Анадайда бос тұрған ағаш орындықты көріп, со­ған жетуге асықтым. Сөмкенің құла­ғы жіңішке екенін сонда аңғардым. Саусақтарымды қиып барады. Оның үстіне ауыр көтергеннен бел де бая­ғы әніне салып, сыздай бастады. Дәрігерлердің ауыр көтеруге болмайды деген ескертуі енді есіме түскендей, неге осынша зат алдым деп, күйініп келемін. Бүгін істер ісіңді кейінге қал­дыруға болмайды деп, өзімді жұба­тып та қоямын.

Әйтеуір, жеттім-ау. Екі сөмкені “гүрс” еткізіп, орындыққа тастай сал­дым. Орындықтың бір шетінде адам отыр, бірақ оған назар аударуға шама жоқ. Тізе бүгейін десем, сөмке­лерді орындыққа жая тастаған екенмін. Оларды ортаға қарай ысырып, бір шетіне қонжия кет­тім. Тегі сөмкені қатты итеріп жі­бер­ген болуым керек, орындықтың ана басында отырған адам жалт бұ­рылды. Айыбымды түсініп, кешірім сұ­рап, өзіме қарай тарта бас­тадым. Сөмкенің түбінде жатқан су­дың құтысы жамбасына қатты тиген сияқты. Құтыны бері суырып алып, сөмкенің бетіне тастай салдым. Әлгі адамнан тағы бір ке­шірім сұрадым. Үн-түнсіз кірпіктерін бір қағып, басын изегендей болды.

Кешкі уақыт болса да күннің ыс­тығы әлі қайта қоймаған. Аңызғақ жел бар. Тынысты кеңінен ала, бір күрсіндім. Қасымдағы адам ба­сын ақырын бұрып қарады. Жымия күлген сыңай таныттым. Жас шама­сы сексеннің маңайындағы кейуана екен. Жүзіндегі әжімнің қатпарлары терең. Құдды бір бет терісін әдейілеп бөлшектеп тастағандай. Жанары мұң­ды, от жоқ. Бір нәрсені уайымдап отырғандығы байқалады. Көйлегі үтік­телмесе де таза, өңі жаңа. Бас ора­малы сәл қисайыңқырап, асты­нан ақ қыраудай шашы көрінеді. Аяқ киімі ерсілеу көрінді – үйде киетін жүн тә­піш­ке. Жан-жағына жалтақтай қа­рай­ды да, басын қайтара салбы­ра­та­ды. Осылай екі-үш мәрте қайта­ла­ды. Ара-арасында еріндерін жа­лап қояды. Шыдай алмай:

– Апа су ішкіңіз келіп отыр ма? – дедім. Мойынын маңғаздана бұрып, маған қарады да, жанарын төмен түсірді. Айтуға ыңғайсызданып отыр­ғанын сезіп, манағы құтыны шыға­рып, қақпағын бұрай бастадым. Құ­йып беретін ыдысым жоқ, құтысымен ұсындым.

– Жоқ, айналайын керек жоқ, ауызынан ішкенім дұрыс болмас, – деп еріндерін тағы бір жалап қойды.

– Іше беріңіз, ештеңе етпейді, – дедім күліп.

– Қарағым-ай, жасымды берсін, бірақ өмірде көрген бейнетімді бер­месін, – деген кезде жанары жасау­рады.

Құтыны әжейге ұстаттым да, қо­лының сыртынан қос алақаныммен қысып, ниетім түзу екенін білдірдім. Тарамыс тартқан саусақтары жып-жылы екен. Анам есіме түсті. Аяулы анам өмірден ерте кетпегенінде, осы жаста болар ма еді…

– Ерніңізді жаламаңыз, судан ішіңізші, – дедім өз анамды жұбат­қандай.

Менің көңілімнен жылы­лық­ты сезді ме, судан 4-5 рет ұртта­ды да құтыны өзіме қайтарып берді.

– Қатты шөлдеп, басым ауырып отыр еді, жақсы болып қалдым. Рақ­мет, айналайын, – дегенде жүзінен мейірім шуағы төгілді. Өзімді бір сәт анаммен отырғандай сезіндім.

– Қарағым-ай, Алла ғұмыр бер­сін, бірақ соны жыламайтындай етіп берсін. Алланың берген жасын көпсі­нетін кездерім болады. Кейде өлімге сұранып, Тәңірге жалбарынамын. Бі­рақ маңдайыма жазып қойған дәм-тұ­зым, өмірде көрер бейнетім бар екен әлі, – деген кезде менің жүрегім шымыр ете қалды. Әжейдің айтып отырған сөздерінің астарында мұң жатқанын сездім.

– Олай айтпаңызшы. Әлі де бәрі жақсы болып кетеді, – дедім. Кейуа­наның жүрегін кернеген шердің табы жүзінен аңғарылса да, не болғанын сұрауға батылым бармады.

– Қайдам, қартайғанда баладан қызық көремін бе десем… – деген әжей маған жәудіреп бір қарады да, ішкі шерін тыңдайтын адамын көр­ген­дей, әңгімесін әрі қарай жалғас­тырды, – Қызым-ай, мен далада күн­ге шуақтайын деп отыр дейсің бе?! Амалдың жоқтығынан отырмын. Далада отыр­ға­ныма екі сағаттай болды. Үй­ден қашып шықтым. Анау өркенің өс­кір балам, тағы ішіп келіп, қоқан-лоқысын көрсете бастады, – деген кей­уананың жанары тағы жасқа толды.

Мен не айтарымды білмей, оң қо­лын алақаныма салып, сипай бер­дім. Адамның қиналып тұрғанын көр­генде, аузыңа сөз де түспейді екен. Әжей сол қолындағы бет орама­лымен жасын сүртті.

– Жұбайымыз екеуміз де мұға­лім болдық. Тату-тәтті 47 жыл өмір сү­ріппіз. Оның өмірден өткеніне он жылдай болып қалды. Онымен бірге талай қиындықты да еңсердік, қы­зықты сәттерді де бөлістік. Бақытты өмір сүрдім деп айта аламын. Арман де­ген жалғыз ұлым бар. Оған дейін бес құрсақ көтергеніммен, бала тұр­ма­ды. Ар­манды 37 жасымда өмірге әкел­дім. Жаратқаннан жал­барынып сұраған баламыздың аман-есен қа­тар­ға қосылғанына қуандық. Бетінен қақ­пай өсірдік. Тұрақты жұмысымыз болғандықтан, тұрмы­сымыз жаман болған жоқ. Бала не киемін, не жей­мін демеді. Өз баламды та­нимын ғой. Қанына біт­кен алғырлы­ғы болса да, ерке өскендіктен, сабақ оқуға ниет танытпады. Институтты да “әке-кө­кемен” бітір­гіздік. Ең бас­ты­сы, бо­йына еңбекке, отбасына де­ген жа­уапкершілікті қалыптастыра алмап­пыз. Жұрттың баласын тәр­бие­леп жүр­генде өз баламызды уыс­тан шы­ғарып алған екенбіз. Баланы шектен тыс ерке­лету, айтқанын істеу зор қателік еке­нін кеш түсіндік. Күйеуім өле-өлген­ше соған налып өтті. Жасы отызға келгенде үлкен той жасап, үйлендірдік. Отбасын құр­ған соң жауапкершілігі артып, күйбең тірлік­тің ыстық-суығына ысылады деп үміт­тендік. Келініміз де көргенді жер­дің қызы еді. Кішіпейіл, жан­ашыр, еңбекқор болды. Дүниеге екі не­мереміз келді. Күйеуінен мате­риал­дық та, рухани тұрғыдан да қол­дау көрмегесін, босанғаннан кейін, үйде көп отырмай, бірден жұмысқа шы­ғатын. Балалар бөлек тұрса, жауап­кершілік пайда болар деген үміт­пен екі бөлмелі пәтерімізді олар­ға беріп, өзіміз жер үй алып, бөлек тұр­дық. Жұбайым екеуіміздің зейнетақы­мыз жақсы болды. Ай сайын балаларға беріп отырдық. Ұлымыз зейнета­қы­мызды сұрап та алып жүрді. Келін қы­сылып, алғысы кел­мей, алса рақме­тін айтып риза қыла­тын. Шындығын айту керек, отбасы­ның бар ауыртпа­шылығы келіннің мой­нында болды. Ұлымыз жұмысты тиіп-қашып істеп, бей-берекет өмір сүрді. Еріншектігі былай тұрсын, ащы суға ауызданды. Ішіп алған күні от­басының тыныш­тығын кетіріп, ша­ңырағының ойран-асырын шығара­тын. Келін мен не­мерелердің бізге қашып келуі жиіле­ді. Олардың қайда барып тығылаты­нын біліп алған Ар­ман бізге келіп, басымызға әңгір-таяқ ойнатудан тайсалмады. Ішімдікке са­лынғаны соншалық, бізді сыйлау­дан қалды. Былапыт сөздерін естіп, ке­лін­ге, немерелерге қол көтергенін кө­ріп, уайымымыз күшейді. Баланың күйі­гінен жұбайымның жүрегі шыда­ма­ды. Шалым қайтқаннан кейін, ке­лін де шыдамай, екі баласын алып төр­кініне кетіп қалды. Ағалары – қа­рын­дасына қорған. Менің баламды мүл­де жолатпайды. Оған несіне рен­жи­мін, бәріне Арманның өзі кінәлі. Жер үйде жападан-жалғыз қал­ғаннан кейін, оны сатып, бар ақша­сын “не­мерелердің несібесі” деп келінге бердім. Қазір баламмен сол баяғы екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Балам тоқтамай 4-5 күн ішеді де, екі күн ауы­рып жатады. Аузына ащы су тисе, ме­німен алысады. Құдай­дан жалбары­нып, тілеп алған балам­ның сүйектен өтер балағат сөзін естіп өмір сүріп жатырмын. Бірде подъез­де ес-түссіз мас болып, құлап жатқан жерінен сүйреп, үйге кіргіз­дім. Содан белім шойырылып, бір ай төсек тартып қалдым. Сол кез­де ғана Арман, мені бақты. Мүмкін, төсек тартып жатып қалсам, балам ішпес деген оймен кей­де өзіме жамандық та тілеймін. Өт­кенде ашуланып, мені итере сал­ды. Теңселіп барып, құладым. Әй­теуір, еш жерім сынбады. Алайда балам осы қылығына өкінген де жоқ. Таң атпай жатып үйден шығып кетіп еді, жаңа үйге мас болып келді. Тағы да мезі қыла ма деп, далаға қашып шыққан түрім осы. Шаршадым, бой созып, жатқым келеді, – деген әженің түрі баласының күйігінен сұрланып кетті. Шер тарқатып жылайтын да жасы қалмаған сыңайлы.

– Апа, мүмкін, біздің үйге ба­рар­сыз. Қоныңыз, демалыңыз, – дедім.

– Жоқ, қызым. Үйге барайын. Ба­ламның ішіп жүргеніне бесінші күн. Арақ өтіп кеткен болар, сорпа пісіріп берейін. Мен кетсем бұл ұл кімге ке­рек, қаңғырып далада қалады. Жал­пы балам ішпесе ақкөңіл, қайы­рым­ды жан. Әттең, жалқау. Еңбек етсе осылай ішқұса бо­лып, арақ ішіп, жұрттың мазасын алмас еді. Отбасы да қасында отырар еді. Жақында үлкен немерем ке­лемін деп хабар­ласты. Ұлым бала­сын дұрыс қарсы алса екен деймін, – деген кезде кейуананың беттеріне қан жүгіріп, көздері күлімдеп, үміттің ұшқыны се­зілді. Үйіне қайтуға ың­ғайланған әже аз уақытқа сырласы болған маған: “Рақмет, қызым. Бала қызығын көр!” – деп ақырын орнынан тұрып, жолға қа­рай беттеді. Қарт ана үмітін ақта­маған жалғыз баласына асықты. “Ананың көңілі балада” деп бекер айтылмаған ғой.

Гүлім ҚҰРМАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp