«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Газ құбыры қашан тартылады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің өңірден Парламент Мәжі­лісіне депутат болып сайланған жер­лесіміз Еркебұлан Мәмбетов өңірді газдандыру мәселесін көтерді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық са­уал жолдаған халық қалаулысы Қызылжар өңірін табиғи газбен қамту­ды жеделдетуді ұсынды. Бұл мәсе­ле жиырма жылдан бері көтеріліп келгенімен, Үкімет тарапынан әр-түрлі себеппен қолдау таппағанын айтты.

“Президент Қасым-Жомарт То­қаев 2021 жылғы 17 маусымда елі­міздің газ саласын дамыту мәселесі жөнінде өткізген кеңесте солтүстік өңірді толық газдандыру “Сарыарқа” магистральді газ құбырын жал­ғас­тыру немесе Ресей газ тасымал­дау жүйесіне қосылу арқылы жүзеге асыруға болатындығын айтып, Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тап­сырма берген болатын. Алайда со­дан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, Үкімет бұл маңызды мәселе бойынша нақты шешім қа­былдаған жоқ. “Қызылорда – Жез­қаз­ған – Қарағанды – Теміртау – Ас­тана” бағытында 1061 шақырымға созылған “Сарыарқа” магистральді газ құбырының 1-ші кезеңі бір жыл­дан астам уақыт ішінде салынып, пайдалануға берілді. Ендеше, екі еседей қысқа келесі кезеңінің құ­рылысын да барынша жеделдетуге не кедергі?” – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттық сауалда атап көрсе­тілгендей, жобаны іске асыру солтүс­тік өңір тұрғындарының өмір сүру са­пасын арттырып, экономиканың қарқынды дамытатыны және эколо­гия­лық ахуалды жақсартатыны сөзсіз. Сонда оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен шет мемлекет­терден көшіп келіп жатқан қандастар үшін өңірдің тартымдылығы ар­тып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың кері көші-қонын да азайтып, облыстағы демографиялық жағдайды тұрақтандыруға оң әсерін тигізері анық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Solstüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp