Облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандарды аралап, жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен, бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласында қордаланып қалған мәселелерді талқылауда. Осындай кездесу Уәлиханов ауданында да өтті. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев пен аудан әкімі Қайрат Пішенбаев қатысты.
Мұндай кездесулерде кәсіпкерлердің бастамасын қолдау, құқығын қорғау, қолайлы инвестициялық ахуал құрып, жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланады.
– Біздің қызметіміздің тағы бір маңызды бағыты – бақылаушы органдар тарапынан заң бұзушылық фактілерінің алдын алуға және азайтуға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу. Мұндай кездесулерде пікірталас болады. Тәжірибе көрсеткендей, бизнес өкілдері туындаған мәселелерді ашық айтып, ауданның мемлекеттік органдары басшыларымен жүзбе-жүз тілдесе алады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Шынында да, кездесу барысында түрлі мәселелер талқыланды. Мәселен, наубайхана ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ұнның бағасы қымбаттағанын айтты. Лязат Приль ұнға субсидия беріледі ме деген сауалын жолдады. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, өнім бағасы қымбаттайды, не болмаса шығынға бататынын айтты. Алайда елімізде ұн бағасы субсидияланбайды екен. Бірақ жеңілдетілген бағамен астық алуға болатыны түсіндірілді.
Қызмет көрсету ісімен айналысып жүрген Рустам Сандыбаев жол бойындағы дәмханалардың аумағын абаттандыру үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру немесе субсидия беру тетіктері туралы сұрады, ал жеке кәсіпкер Асмагүл Балтабаева шаштараз аша алмай отырғанына шағымданды. “Шаштараз ашу үшін 1 млн. теңге қажет. Ол үшін несие алу керек. Бірақ кепілге қоятын ғимарат шаштараз ретінде ресімделген болуы тиіс. Бұл жағдайда не істеу керек?” – деп сұрады кәсіпкер.
Жиналғандар жастардың жеңілдетілген микрокредиттерге қолжетімділігі жайлы да сұрады. Әсіресе, екінші деңгейдегі банктер тарапынан қарыз алушылардың ауылдық жерде орналасқан жылжымайтын мүліктерін кепілдікке алуда мәселе туындап отыр.
– “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүліктің құнын нарықтық құнынан арзан бағалайды. Содан кейін қарыз алушылардың қатары сирейді, керек қаржының сомасы азайып қалады. Биыл 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру жобасы қолға алынды, оның негізгі қатысушылары – 35 жасқа дейінгі жастар. Кепілдік мүліктің болуы міндетті, – деді кәсіпкер Мұрат Абдулов.
Тимур Бекеев биыл мүлікті бағалау қайта қаралғанын жеткізді. “Баға анықтамалығына сәйкес, әрбір елді мекен бойынша 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны анықталды және ол өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайды. Кепілдікке ұсынылған мүліктің жай-күйін ескере отырып, әрқайсысын жеке бағалауға тырысамыз”, – деді облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.