«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ ЖОЛ – ДАМУ КӨРСЕТКІШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жол – экономиканың күретамы­ры. Тақтайдай тегіс жолдардың арқа­сында адамдар діттеген же­ріне жет­се, мемлекеттер жүк тасымалын реттейді. Оған туризм әлеуетін де қос­сақ, артық емес. Бір сөзбен айтар болсақ, жол инфрақұрылымы арқы­лы экономиканың көптеген салала­ры дами түсе­тіні ақи­қат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Әділетті мем­лекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолда­уында: “Автожол құрылысына, со­ның ішінде жергілікті жол­дардың са­пасына баса мән беру керек. Бюд­жеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі ше­шімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсар­ту жөнінде тап­сырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға ал­сын. Жол құрылысындағы заң­сыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек”, – деп тиісті тап­сырмалар берді.

Соңғы жылдары елімізде авто­мо­биль жолдарының құрылысы қар­қын алып келеді. Үкі­мет жол сапасын жақсарту мақса­тында қыруар қара­жат бөліп, страте­гиялық жоспарлар жасауда. Біздің өңірде де жол салу, оны баптау, қадаға­лау – іркіліссіз ат­қарылып жатқан жұмыстардың бірі. Бүгінгі таңда жол сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар қолға алын­ды. Облыстағы автомобиль жолда­рының желісі 9 мың километрді құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2 мың, жергілікті ма­ңызға ие жолдар – 7 мың кило­метр. Өт­кен жылы істелген жұмыс, атқа­рыл­ған шаруалар аз болған жоқ, бір­қатар оң нәтижелерге қол жеткіз­дік. Мәселен, барлық жұмыс түрлерін қоса есептегенде 859 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыстар облыстың барлық аудандарын қамтыды. 196 ки­лометр республикалық жолға орта­ша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті және ауылішілік 663 кило­метр жол жөнделді. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде нормативке сай республикалық маңызы бар жолдардың көрсеткіші 81 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдардың көрсеткіші 78 пайызға дейін жетті.

Теріскейдің қысы суық, қары қалың болғандықтан, жолдың тез бүлінетінін айта кеткен жөн. Соның өзінде біз қайта қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы істеуге басымдық беріп отырмыз. Біз дамыған озық елдердің қатарына қосыламыз десек, ең алдымен, сапаға мән беруіміз тиіс. Президенттің де қойған талабы – осы. Әрбір ісіміз Жаңа Қазақстан­­ның жаңа талаптарына сай келуі ке­рек. Халық бізден осыны күтеді. Елдің өтініш-тілегіне құлақ аса жүріп, міндетімізді талапқа сай орындасақ, жұмыс сапасы жақсарады.

Үстіміздегі жылы жалпы ұзынды­ғы 650 километр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 110 шақырымы – республика­лық деңгейдегі, 480-і – облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға және 60-ы ауылішілік жолдарға жа­тады. Петропавл қаласының көше­ле­рін жөндеуге 5 млрд. теңге қарас­тырылып, бұл жұмыспен 42 мердігер компания айналыспақ. Битум және инертті материалдар сатып алу үшін 2 млрд. теңге бөлінген. Өткен жыл­дары ел бойынша битум тапшылығы туындағаны белгілі. Бұл – біздің өңірге де тән мәселе. Сондықтан Мемлекет басшысы: “Бізде әлі күнге дейін би­тум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Үкі­мет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс”, – деген тапсырма берді. Біздің өңірге қажетті 32 мың тон­на битумның 13,3 мың тоннасы жет­кізілген. Сәуір айында тағы 4,2 мың тонна битум әкелінеді деп жоспар­ланып отыр.

Биыл республикалық желінің нормативке сай бөлігін 83 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдарды 84 пайызға жеткіземіз. Жалпы 2025 жыл­ға дейін республикалық маңызы бар жолдар­дың сапасын – 100 пайызға, жергілікті жолдардың үлесін 95 пайыз­ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Біз әлемдік стандарт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені ел­дің даму көрсеткішінің бірден-бір ай­ғағы сол елдің жолының қандай дең­гейде салынғанына да байланысты. Мемлекет басшысы әр Жолдауын­да жол саласына арнайы тоқ­талып, нақты тапсырмалар жүктейді. Өт­кенде Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да Қасым-Жомарт Тоқаев автожол сала­сын кешенді түрде қайта жаңғырту керектігін баса айтты. “FIDIC” халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқа­руға, бюджет қаражатын ұтымды пай­даланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бер­мек. “Мұндай жүйеге көбі қарсы бо­лады. Бұл жерде Министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстаны­­мы қажет. Тұтастай алғанда, осы мә­селе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Пре­зидент Әкімшілігі, құқық қорғау ор­гандарының өкілдерін, депутаттар­ды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жем­қорлықты және олқылықтарды түзе­туге бағытталған ұсыныстарды әзір­леп, маған баяндау қажет”, – деді Пре­­зидент. Мемлекет басшысы аталған комиссия кемінде соңғы 10 жылдың ішінде жол салу саласында жіберіл­ген заң бұзушылықтарды тыңғылықты зерделеуі қажеттігін тілге тиек етіп, еліміздегі жолдардың сапасыз болғаны үшін барлық жауапты адамдар заңға сәйкес жазаға тартылуы тиіс екенін де ескертті.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров та жергілікті жерде жол жөн­деу жұмысы­на қойылар талап та, сұрауы да қа­таң болатынын айтып, тиіс­ті мекемелерге тапсырылған іске жауапкершілікті күшейтіп, қарқынды бәсеңдет­пеуді міндеттеді. Бөлінген қаражаттың толықтай игеріліп, конкурстардың уақытында өткізілуін бұлжымас міндет санаймыз. Алдағы уа­қытта бө­лінген қаражаттың уақ­ты­лы игерілуін ерекше бақылауға алып, жобалар­дың кестеге сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Мердігер өз міндеттерін орындамаған жағдай­да шарттың кү­шін жойып, жауапкерші­лігі төмен мердігерлер қатарына қосатын бола­мыз. Техникалық қадағалау жөніндегі сарапшылардың жұмысы да бақылауға алынды. Ашық­тықты қамтама­сыз ету үшін жұ­мыс барысы бұқара­лық ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Алайда мол қаржы бө­лінген кезде “жұмыртқадан жүн қырқар” пысықай кәсіпкерлердің де қатары көбейеді. Осындайлардың кесірінен сапасыз жолдар салынып, кей­де жұмыс аяқ­сыз қалатынын жасырмаймыз. Дегенмен міндеттелген жұ­мысты уақы­тынан бұрын аяқтап, жоспарды артығымен орындайтын мердігерлер де бар. Мемлекет олар­дың артық орындаған жұмысының да қаржысын аударып, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап отыр.

Мақсат Баяхмет,

облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp