Есіл өзені тасып, халықаралық маңызы бар “Новосібір – Челябі” автожолының Заречный кенті маңындағы учаскесін су басты.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 сәуір күні көліктердің қауіпсіз өтуі үшін учаске маңына белгі бағаналары, айналып өту кестесі қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған. Ал кешке қарай су деңгейі көтеріліп, автожолдың 525-529 километрін су басуына байланысты барлық автокөлік түрлеріне бұл жерден өтуге тыйым салынды.
Жеңіл көліктер Р-49 автожолының 0-8 километрі арқылы, ал үлкен жүк көліктері “Петерфельд – Архангелка – Новокаменка” немесе “Жезқазған – Петропавл” автожолы арқылы айналып өте алады.
Қазіргі уақытта Заречный кентінің жанындағы айналма жол жабық. 17 сәуір күні жолдың үстін шайған судың биіктігі 35 сантиметрге дейін жетті. Бүгінде ол жерге бекет қойылды, полиция мен құтқару қызметі кезекшілік атқарып жатыр.
“Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Жолдың бойына арнайы ескерту белгілері орнатылды. Петропавлда 5 мыңға жуық саяжай учаскесі бар. Қазіргі уақытта 20-30 саяжай учаскесін су басты. “Речпорт”, “Учитель” саяжай қоғамдастығы, Мичурино елді мекеніндегі “Первенец” саяжай қоғамдастығы біздің назарымызда”, – деді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.
“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Есіл өзені суының деңгейі Петропавл маңында бір тәулікте 16 сантиметрге көтерілді. Осылайша 17 сәуірде 994 сантиметрге жетті. Мамандар Долматово елді мекені маңында су деңгейінің бір тәулікте 27 сантиметрге артқанын анықтады. Өңірдегі қалған гидрологиялық бекеттерде су деңгейінің төмендегені байқалуда.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.