Петропавлдағы қалыңдық үйінде “Менің сүйікті қалам: тарих пен келешек” атты көркемсуреттер көрмесі ашылды. Тарихтан сыр шертер ғимараттар мен орындар бейнеленген суреттердің авторы – мектеп оқушылары.
– Елімізде халқымыздың өткен өмірін көз алдымызға әкелетін ескерткіштер аз емес. Олардың әрқайсысы біз үшін құнды болуы керек. Жуырда біз ескерткіштер апталығын ұйымдастырдық. Оның негізінде 7 мен 14 жас аралығындағы балалар арасында сурет байқауы өткізілді. Бүгін жас суретшілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып отыр. Оларды тамашалаушылардың қатары қалың, – дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов.
Біздің өңірімізде мемлекет қорғауына алынған 600-ге тарта тарихи ескерткіш бар. Оның 9-ы республикалық маңызға ие. Облыстағы тарихи тұрғыда маңызы ерекше жерлерді анықтау үшін мамырдың 15-інен арнайы құрылған экспедиция аудандарды аралайтынын айта кеткен жөн.
Көрмеге келушілер назарына 50 жас суретшінің еңбегі ұсынылды. Ең жас қатысушы Екатерина Филимонова “Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішін” қағаз бетіне дәлме-дәл түсірген.
Айнұр АЗБЕК,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті.