Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бірқатар мәдени шараларға қатысты. Елордалық мейман облыс орталығында өткен ауызашар дастарқанында жамағатқа уағыз айтып, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиында бірқатар тұрғынға “Рамазан сыйы” табысталды.
“Зекет және қайырымдылық” қорының ұйытқы болуымен “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажановқа қызметтік пәтер берілсе, “Қолма-қол” акциясы аясында діни білім алып жатқан жиырмадан астам шәкіртке бір реттік сыйақы ретінде 1,5 млн. теңгенің сертификаты сыйға тартылды. Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы ауыр дертке шалдыққан Арман Оспановтың еміне 1 миллион теңгенің сертификатын берді.
Ауызашар дастарқаны кезінде өңірдегі аға буын өкілдері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда 40 жылға жуық ұстаздық еткен, мешіт жанашыры Қымбат Исмановаға бас мүфтидің өз атынан қажылыққа жолдама беріліп, есімі өңірімізге белгілі еңбек ардагері, 95 жасқа таяған Зейнолла Олжабаев ақсақалдың иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді.
Одан бөлек қайырымды істердің басы-қасынан табылып жүрген бірқатар азамат бас мүфтидің Алғыс хатына ие болды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.