Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері Мағжан Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арнап “Ашық есік күнін” ұйымдастырды.
Балалар департаменттің жедел басқару орталығына, ауқымды жиындар өткізілетін залына және мұражайға экскурсия жасады. Мұражайда бүлдіршіндерге ұлттық қауіпсіздік органдарының қалыптасу тарихы жайлы айтылып, мұрағаттық фотосуреттер және қару-жарақ пен байланыс құралдары көрсетілді. Орталық тәрбиеленушілері қызметкерлер қолданатын арнайы құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарды ерекше қызығушылықпен тамашалады. Содан кейін балаларға ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Экскурсиядан ұмытылмастай әсер алған балалар кең дастарқан басына жайғасып, мұражай сөрелеріндегі жәдігерлер туралы ойларымен бөлісті.
Бұл күні департамент қызметкерлері “Таза табиғат” экологиялық науқаны аясында ұйымдастырылған сенбілікке де қатысты.
Департамент мамандары мерекелерде балаларды қолдау орталығына барып, ондағы тәрбиеленушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды, тәтті тоқаштар мен бағалы сыйлықтар үлестіруді дәстүрге айналдырған.
Айгүл БУКИРОВА,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.